Тастағы тарихи таңбалар құрып барады

Абай Омаров (коллаж)

Шығыс Қазақстан облысының әрбір тауы мен тасы тұнып тұрған тарих десек қателеспеспіз. Тек соның біз біле бермейтін тұстары көп. Жұмбағы мол. Облысқа қарасты бір ғана Ұлан жері көгілдір көлдерімен ғана емес, ескерткіштерімен де ерекше. Оның әрбір құнды байлығымен жеке-жеке мақтануға болады. Мұнда жергілікті мәні бар 39 тарихи-мәдени, 26 тарихи-археологиялық ескерткіш бар. Соның ішінде «Қалмақ қорғаны», «Ақбауыр» сынды тарихи орындардың алар орны ерекше. Бұнда баруға кім де болсын құмар.

Ақбауырдай табиғи ескерткіш әлемде екеу ғана
Облыс орталығы – Өскемен қаласынан 25 шақырым жерде, Өскемен – Самар жолынан бар-жоғы 1,5 шақырым қашықтықта әлемдегі теңдесі жоқ деп есептелетін Ақбауыр табиғи ескерткіш-гроты тұр. Ғалымдардың болжауы бойынша, оның пайда болғанына алты мың жылдай уақыт өткен. Ондағы «жазу» таңбалары өте сирек кездесетін охра бояуымен жазылған. Зерттеуші, ақын Евгений Курдаковтың болжауы бойынша, ондағы жазулар мұз дәуірінің соңына таман жазылып, ашық аспан астындағы неолиттік жазулар мен суреттер адам баласының өткен жолдарын меңзейді. Негізінде, Ақбауыр жартасы туралы болжамдар көп. Сирек кездесетін жосамен таңбаланғаннан болар, ескерткіш әлемде екеу ғана деседі.
Аза тұтып тұрғандай Ақбауыр тау
Барымызбен, табиғат ананың үйіп-төгіп берген байлығымен мақтанамыз келіп. Мақтанғанымыз дұрыс та шығар, егер құнды жәдігер мақтауға тұрса. «Бірақ соның құндылығын құптайтындай біз не істедік, қолда бар алтынның қадірін біліп жатырмыз ба?» деген сауалдарға жауап тапқаннан кейін мақтанғанымыз жөн болар. Ендеше, қазіргі Ақбауыр аза тұтып тұр десек, асыра айтпаспыз. Алты мың жылдық тарихы бар археологиялық ескерткіш жойылудың аз-ақ алдында тұр. Әлі күнге толыққанды зерттеліп бітпеген жұмбақ таудың әр тасы ежелгі таңбалар мен суреттерге толы. Тауды қойып, сай-саласының өзі – тұнып тұрған тарих. Тас ғасырындағы адамның наным-сенімінен мол мағлұмат беретін таңбалар көп.

Қынаның бояуымен салынған бұғы мен жылқы бейнесі бірегей мұра. Тек аспан астындағы мұражай-қорыққа айналатын алқапта мал жайылып жүр. Мал жайылғаны былай тұрсын, қазір бұл бірегей жәдігерді тұрғындар көңіл көтеретін демалыс орнына айналдырған. Сорақысы сол, демалушылардың өзі оның тастарына есімдерін қашап жазып кетсе, енді бірі тастарын құрылысқа пайдаланып, «рахатын» көріп жатқан көрінеді. Бір сөзбен айтсақ, тастағы тарихи таңбалардың орны XXI ғасырдағы адамдардың жазуына айналып барады. Енді бұған жауын-шашынның залалын қосыңыз. Өлкетанушылар болса, «энеолит кезеңіне жататын петроглифтердің ғылыми жаңалығы ашылмай кететін сыңайлы. Оны барынша қорғауға алу керек», – деп дабыл қаққанмен, әзірге оны естір құлақ болмай тұр.
Археолог Галина Петеневаның айтуынша, Ақбауыр тауындағы үңгір ішінен көне замандағы адамдардың тіршілігін анық байқауға болады. Тастағы арба мен соқаның бейнесі олардың жер игерумен айналысқанын аңғартады. Археолог тек әлем тарихы үшін аса маңызды орынның көз алдымызда құрып  бара жатқанына қынжылады. 
Галина ПЕТЕНЕВА, археолог:
– Бұл – энеолит кезеңінен қалған еліміздегі бірегей ескерткіш. Тарихи мұраға жататын жер мал шаруашылығымен айналысатындардың иелігіне өтіп кеткен. Адамдар көне жазулардың жанына өз аттарын ойып жазады. Өткен-кеткен адамның қолы тиген сайын біз одан мүлде айырылып қалуымыз мүмкін.

Қорғауға алынбай қор болған Ақбауыр
Ақбауырдың тарихи ескерткіш екенін ғалымдар ХХ ғасырдың 70-жылдары-ақ анықтаған. Ал оны мемлекет қарауына өткізу жөніндегі жұмыстар тек биыл ғана қолға алынды. Оның бастапқы сметалық жобасы мен зерттеу жұмыстарына ғана 3,5 млн теңге қаржы қажет. Ол құжат қазір бюджеттік комиссияның қарауында жатыр. Тарихшылар мен археологтар болса, бұл жерді теңдесі жоқ бірегей орын деп танып, әлемдік мәдени мұралардың тізіміне енгізуді ұсынған. Бірақ Ақбауыр әлі күнге дейін мемлекет тарапынан қорғауға алынбай отыр. Ал «жұмбақтастың» маңайы қашан қоршалып, оны қалыпқа келтіру жұмыстары қашан қолға алынары әзірге белгісіз.
Облыстағы шенеуніктер бұл жағдайдан хабардар. Олар Ақбауыр тауының мәселесін назарда ұстап отырғандарын айтуда. Ал онымен тікелей айналысуға қаржы мәселесі қолбайлау. Ақбауырдың маңайын қоршап, оны қалыпқа келтіру үшін кем дегенде 8,5 миллион теңге қажет екен.
Әлішер БЕСПАЛИНОВ, тарихи-мәдени ескерткіштер мұрасын қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры:
– Смета құжаттарын дайындап, министрлікке жібердік. Осы жылдың аяғына дейін бұл мәселе шешілуі мүмкін. Ешқандай кедергі жоқ. Осыдан 10-20 жыл бұрын онымен айналысса, осындай сұрақтар болмас еді. Асықпай істейтін жұмыс қой. Әр сұрақ өз уақытында шешіледі.

Қазір экологиялық орталықтың қызметкерлері Ақбауыр тауына апта сайын экскурсия ұйымдастырып, балаларға тарихи ескерткішті таныстыру ісін қолға алған. Өлкетанушылардың айтуынша, жағдай өзгермесе, болашақ ұрпақ бұл жәдігерлерді фотосуреттен ғана тамашалауы мүмкін.
Жалпы, шырайлы Шығыс жерінде тасқа қашалған көне жазулары бар сегізге жуық орын тіркелген. Алайда оның тең жартысынан астамы мемлекеттің қарауына өткізілмегендіктен, құрудың аз-ақ алдында тұр. Дер кезінде алдын алмаса, тарихи құнды да бірегей жұмбақтастардың ішіндегі жұмбағы шешілмей жатып, жер сипап қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан осындай қолда бар тарихи, мәдени әрі рухани мұраға ерекше көңіл бөлмеу келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнә екенін ұмытпасақ жарар еді.

Фрунзе ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Нұрғазы САПАРҒАЛИЕВ, облыстық ақсақалдар алқасының мүшелері:
– Дағдарыс өтер-кетер. Бұл істі бастау үшін өте көп қаражаттың да керегі жоқ. Әуелі грот мемлекеттік қорғауға алынса. Сол маңайда мал жайылуын тоқтатып, аз да болса алқапты көгалдандыру және басқа да мәдени шараларды қолға алу қажет.
Келешекте бұл шараға бюджеттен қаражат бөлінетін болса, жол төселіп, үй салынса, күзет қойылып, энергия жүйесі тартылса, білікті маман-экскурсовод алынып, айналасын абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарыла бастаса, көрем деушілерді сол гротқа апарып, бір күндік ақылы туристік саяхат жасауға болады.
Туристік саяхаттың маршруты – Ақбауырдан басталып, ары қарай Көктаудағы қарағайлы қырқа арқылы Ізғұтты Айтықов пен Ұлы Отан соғысының төрт батыры шыққан Тарғын ауылдары, жазушы П.Кузнецовтың туған жерінен әрмен қарай Сібе көлдері мен будда храмына (жоңғар қамалы) соғып, Бозанбай маңайындағы тастардағы суреттер мен Қызылсудағы Дәулетбай қорығын айналып өтіп, Шығыс жолы, Айыртау, Сартымбет көлі арқылы тамамдалады.
Бұл маршруттар соншалықты көп қаражат қажет етпейді. Бар болғаны өзге өңірлерге бұйырмаған, осы бір өлкеміздегі ерекше орынға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісті жарнама жүргізу керек. Аяқастында жатқан пайда көзі – қазіргі жағдайда үлкен брендті пайдалану абзал.
Күндердің күнінде осы маршрут арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден қызығушылық танытып туристер келіп жатса, бұл да бір шырайлы Шығысымыздың осы күнге дейін ашылмай келген сыры мен сымбаты болары сөзсіз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста