Тараз тұрғынынан 5 келіден астам есірткі тәркіленді
"Қарасора-2021" жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласының 48 жастағы жергілікті тұрғынын ұстап, оның тұрғылықты жерінен санкцияланған тінту барысында жалпы салмағы 5 келі 150 грамм "кептірілген марихуана" есірткі заты табылып, тәркіленді. Тінту "Теа" атты қызметтік иттің қатысуымен жүргізілді.
"Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады, ол Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Жұмабеков.