"Таңғы 6-да тұрасың, демалыс дүйсенбі күні": Қазақстандағы әскери борыш туралы сұрақтардың жауабы
Отан қорғаушылар күніне орай Stan.kz тілшісі әскерге аттанып, ел алдындағы борышын өтеген қатардағы сарбаздардан әскердегі қызметтің қиыншылығы, әскери билеттің маңыздылығы туралы сұрап білді. Соңғы жылдары Отан алдындағы міндетін өтеуден жалтаратындар қатары көбейген. Бұған қатысты әскери борышын өтеп келгендердің айтары бар.
Алдияр Нұрбаев - 2018-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қордай шекара қызметінде әскери борышын өтеген.
Күндіз де, түнде де кезекшілік жасайсың
Шекара қызметінде күн тәртібі өте қатаң. Барлығы алдын ала ойластырылып, жан-жақты дайындалып қояды. Сегіз сағат бойы кезекшілік жасаймыз. Өзіңе берілген белгілі бір шекара аймағын сегіз сағат бойы қорғайсың. Кезекшілік күндіз де, түнде де болуы мүмкін. Соған сәйкес, кезекшіліктен келгеннен кейін ұйқтап, демаласың. Артынша тұрып, тамақтанып, кейбір қызметтік жұмыстар атқарасың. Одан кейін қайтадан кезекшілікке кетесің. Оған қоса, әскери жаттығу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қызметтің барлығы дерлік үйретіледі.
Қару ұстайсың, оқ береді
Өзге әскери бөлімдерге қарағанда шекара қызметінде жауапкершілік жоғары. Күнде қару ұстайсың, оқ береді. Оған қоса, шекараны күзеткендіктен, барлығы үшін жауап бересің. Ешкімнің шекарадан өтпеуін қадағалап отырасың. Қажетті істі тиянақты орындау үшін әскеридің бойында жауапкершілік, қырағылық, сенімділік деген секілді қасиеттер болуы керек. Өйткені шекараны күзету өте қиын жұмыс. Физикалық жүктеме де ауыр, бірақ төзуге болады. Бұл ер адамның шыңдалып, өзін-өзі жетілдіруі үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.
Жақсы тамақтандыратын
Шекара қызметінде әскерлерге беретін тамақ өте жақсы болды. Барлығы өз уақытымен, қажетті мөлшерде беріліп тұрды. Таңғы асқа - ботқа, шұжық, ірімшік, айран, жұмыртқа беретін. Түскі аста да сұйық және қою екі түрлі ыстық тамақ қарастырылған. Оған қоса, жеміс-жидек, шырын да береді. Кешкі аста - ыстық тамақ пен балық міндетті түрде беріледі. Қарнымыз аш болды, тоймайтын едік деген өтірік болар. Барлығы көңілімізден шығатын. Тамақтану нормаға сәйкес еді.
Әр жексенбі телефонмен сөйлесеміз
– Жақындарымызбен үнемі байланыста болдық. Әр жексенбі сайын отбасымызға телефон соғуға мүмкіндік беретін. Осылайша уақытылы қал-жағдайымызды білісіп тұрдық.
Ерлік жасасаң, демалысқа шығасың
Бізде шекара қызметінде әскерлердің саны аз болғандықтан, көп демалысқа жібере бермейді. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты арнайы рапорт жазып, сұрана аласың. Сонымен қатар, ерекше тағы бір жағдай қарастырылған. Егер әскер шекараны бұзған азаматы ұстап, ерлік жасайтын болса, марапат ретінде он күндік демалысқа жібереді. Бұл марапат шыны керек, бізді ынталандыра түсті. Әлдеқайда жақсы қызмет етуге итермеледі.
Әскердегі қысым
Әскери қызметінде болған бір жылда ешқандай қысым, күш көрсету болған жоқ. Себебі бұрыннан әскери борышын өтеп жатқандармен, жаңа әскери борышын өтеушілер бір-бірін көрмейді, қосылмайды. Әркім өз бөлімінде қызмет етеді. Тәртіп - қатал, бақылау жақсы болғандықтан қысым көрсетілген жоқ. Әрине, ер адам болған соң, қатарластарыңмен өзара кішігірім кикілжіңдер болып тұратын. Бірақ оны күш көрсету, қысым жасау деп айтуға келмейді.
Әскерден келгеннен кейінгі мүмкіндіктер
Әскерге барудың бірінші артықшылығы сен өзіңді ер азамат ретінде қалыптастырасың, бойыңдағы осы уақытқа дейін ашылмаған қасиеттерің оянады. Қару ұстауды, оқ атуды үйренесің. Әскери тәртіпке бейімделесің. Сондай-ақ, әскери билет алғаннан кейін көптеген жұмыс орындарына жол ашылады. Осылайша, бір жыл әскери борышыңды өтеп, болашағыңды қалыптастыра аласың. Алайда әскерге баруға кез-келген ер адам міндетті деп білемін. Өйткені қазір әлемнің басқа елдерінде соғыс болып, жағдай нашарлап жатыр. Бізде бейтішілік болғанымен, барлық жағдайға дайын болуымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан, барлық ер адам әскерге барғанын қалаймын. Мен белгілі бір қызметке орналасу үшін немесе өзімді қалыптастыру үшін емес, отан алдындағы борышымды өтеу үшін бардым.
2017 - 2018 жылдар аралығында Атырау қаласында әскери борышын өтеген Айбар Халықов та әскердегі кездерін сағына еске алады. Оның сөзінше, ер адам үшін әскерге бару өте маңызды.
Әскерге ерте бару керек
Әскерге ерте барсаң, тез жетілесің деп ойлаймын. Күн тәртібі де өз орнымен. Сағат 6:00 ұйқыдан тұрып, артынша жүгіреміз, жаттығу жасаймыз. Содан кейін таңғы ас беріледі. Артынша, тексерістен өтіп, сабаққа кіреміз. 12:00 - де кезекшілікке дайындалып, бекітілеміз. Түскі ас ішіп, жұмысқа кірісеміз. Кешкі асымызды да уақытылы ішіп, ерте ұйқтаймыз. Бізге әртүрлі тамақ беретін. Әскер үшін арнайы ас мәзірі жасалатын.
Әр дүйсенбі демалыс береді
Әскерде қару-жарақты қолдану жолдарын үйретеді. Ұрыс түрлеріне бейімдейді. Оған қоса, әр дүйсенбі сайын демалыс беретін. Демалыс кезінде кино көріп, демалып, ойын ойнаймыз, біз-бірімізбен сөйлесіп, жаттығуларды талқылаймыз. Оған қоса, жақындарымызбен байланысуға мүмкіндік аламыз.
Осылайша отан алдындағы борышын өтеген азаматтар қазақстандықтарды әскерге баруға шақырды.