Талғат Бигелдиновтің жары Ермек Нарымбаевтың сөзіне жауап қайтарды
Талғат Бигелдиновтің жесірі ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағының екі рет берілуінің әділ болғанына күмән келтірген қоғамдық қорғаушы Ермек Нарымбаевқа жауап қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Банктен зардап шеккендерді қорғаушы Ермек Нарымбаев ұшқыштың қазасынан кейін Facebook-тегі парақшасына орынсыз пост жазды. "Былай қарағанда, батыр сияқты. Шын батыр, соғыс кезіндегі жас шағында батыр болды. Ал кейін ше? Тәшенов Солтүстік Қазақстанды Ресейге беруге қарсы болып, төбелескенде немесе Қонаев Оңтүстік Қазақстанды Өзбекстанға беруге қарсы болып, төбелескенде (...) немесе өнеркәсіптер тиынға сатылған кезде дауыс көтерді ме? Қайта құру кезінде, егемендік кезінде ол туралы нені білетін едік? Ештеңе. Бейбіт заманда ол қандай ерлік жасады? Білмеймін, естімедім", - деп жазды ол. Оның сөзі Интернет қолданушыларының наразылығын туғызды.
Жарының қазасынан кейін әрең сауыққан Орындыбике Бигелдинова болса, мұндай мәлімдемені нағыз арандатушылық деп атады. Оның пікірінше, мұның бәрі қасақана жасалып отыр. "Ол не қылған адам өзі? Бұл - барып тұрған арандатушылық. Ақыл-есі дұрыс адам бұлай жазбайды, ешкім бұлай жазбайды", - деді Бигелдинова. Ол Нарымбаевтың сөзіне жұртшылықтың наразылық білдіріп жатқанына қарамастан, оған мән берудің қажеті жоқ деп есептейді. "Оны талқылаудың қисынын көріп тұрған жоқпын", - деді ол.
Нарымбаевтың өзі кейін Tengrinews.kz тілшісіне постын басқаша түсіндірді. "Мәселе ол туралы емес, кеудесіне орден таққан біздің барлық зиялымызға қатысты шығар. Әңгіме Талғат Бигелдиновтің тап өзі жайында емес. Ұшқыштың 1943-1945 жылдардағы қаһармандығын ешкім жоққа шығара алмайды, оған бәріміз де ризамыз. Мен соғысты түгел бастан өткерген және оқ жарақатынан қаза болған жауынгердің немересі ретінде бұл ерлікті қашанда бағалаймын және құрметтеймін", - деді ол.
Еске сала кетейік, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов 10 қараша күні өмірден өтті. Оның жаназасы 12 қарашада Офицерлер үйінде шығарылды. Батырды туыстары мен жақындары, әріптестері мен басқа да жұртшылық өкілдері ақтық сапарға шығарып салды.
Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысында дүниеге келді. Оның балалық және жастық шағы Бішкекте өтті. Болашақ ұшқыш 16 жасында аэроклубқа оқуға түседі. Кейін Саратовтағы, Чкаловтағы ұшқыштар мектебінде білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдады. 1943 жылдың қаңтарында Калинин майданына алынады, оған 296-дивизияның 800-ші шабуылдаушы авиациялық полкының Ил-2 шабуылдағыш ұшағының тізгіні беріледі. 1944 жылдың қазан айында Знаменка және Кировоград қалаларын жаудан азат етуде ерлік пен әскери шеберлік көрсеткені үшін және жаудың төрт ұшағын атып түсіргені үшін аға лейтенант Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағы атанды. Даңқты ұшқыш Берлинді азат ету үшін болған ұрысқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған Кеңес Одағының Батыры атағы екінші рет берілді.
Аты аңызға айналған Талғат Бигелдинов әуеде барлығы 305 әскери тапсырманы орындаған. 2012 жылы авиация маршалы Александр Ефимов өмірден өткеннен кейін ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандардың арасында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін "Алтын Жұлдызды" иеленген көзі тірі жалғыз адам болған еді.