Жетісу облысында орын алған жағдай 19 ақпан күні болған. Түскі уақытта облыстық жедел жәрдем станциясына кезекті қоңырау келіп түсті. Жасы 50-лер шамасындағы ер азамат, ас ішіп отырғанда шашалып қалып, тұншыға бастаған. Туыстары дереу жедел жәрдемге хабарласқан.
Диспетчер Динара Кальпебаева 1.4 жеделдік санатын белгілеп, бригаданы жіберген соң, телефон арқылы ер азаматқа қалай көмектесуге болатыны туралы нұсқау берген. Пациентке алғашында Геймлихтың әдісін жасауды ұсынған. Яғни, қабырғаның төменгі тұсынан қос қолдап ұстап тұрып, қысу әдісін қолданған. Алайда, бұл әдіс нәтиже бермеген соң пациент есінен танып, құлап қалған. Облыстық жедел-жәрдем станциясы басшысының орынбасары Юлия Эккель мұндай жағдайда әр секунд қымбат екенін айтады.
-Біздің барлық диспетчерлер әртүрлі жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін үйренген. Сондықтан олар көбінесе қоңырауды қабылдаған кезде сол алгоритммен жұмыс жасайды. Тұтқаның ар жағындағы әйел кісіге сауатты түрде кеңес беріп, түсіндіріп, бір адамның өмірін құтқарып қалған маманға алғысымыз шексіз әрі ондай білікті маманмен мақтанамыз.
Санаулы секундтар маңызды екенін жүрекпен сезінген Динара Даулетқызы, станцияға хабарласқан адамдарға алдағы уақытта да қолданатын кеңес берді. Жүрек-өкпе реанимациясын сәтті жасағаннан кейін ер азаматтың тыныс алу жүйесі қалпына келген. Ал бұл уақытта жедел жәрдем бригадасындағы әріптестері де жетіп үлгерген еді, - дейді Юлия Эккель.
Көрсетілген көмектен кейін диспетчер туыстарына қайта қоңырау шалып, ер адамның жағдайын білді.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері медициналық көмек көрсетті.