Алматыдағы Бутаковка шатқалында қазақ тілді басылымдардың фототілшілері бас қосты.
Өмірдің шындығын объективке ілінген бейнемен баяндауды кәсіп еткен қас шеберлер үшін бұл – күнделікті қауырт жұмыстан бір бой сергіту, өзара тәжірибе алмасу мен аға буыннан тәлім алудың тың тәсілі. 20-ға жуық фототілшінің арасында Алматы және Жамбыл облыстарындағы баспасөз өкілдері де болды. Әсем табиғат ортасында тынығып, түрлі ойындар ойнаған, көркем көріністер түсірген фотосуретшілер Нұрғожа Жұбанов, Нұрманбет Қизатұлы, Берсінбек Сәрсенов, Асылхан Баген сияқты ардагер ағаларының өнегелерін тыңдады. Мұндай кәсіби басқосуды ұйымдастыруға осы саланың маманы Асылхан Әбдірайымов мұрындық болды. Фототілшілер әр сенбі сайын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы фотопублицистер үйірмесінде жиналатын. Енді олар осындай табиғат аясында басқосуды дәстүрге айналдырмақшы.