Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданы Ұзынарық ауылының тұрғыны Сәкен Есімов электрлі күбі ойлап тауып, ауылдастарының алғысына бөленуде. Тіпті ат арытып алыстан келіп, аттай қалап әкетіп жатқандар көп.
Бұл жаңалық әсіресе күйбең тірліктен қолы тимейтін ауыл келіндерінің уақытын үнемдеуіне сеп болды. Бұрын ағаш күбіге айран піссе, бір сағат уақыты кететін. Ал заманауи жаңалықтың арқасында қымызы да пісулі, майы да түсулі. Риза болмағанда қайтсін. Қымызымен аты шыққан Диқанкөл ауылы осы ауылға іргелес отыр. Көрші ауылдағы қымыз кәсібінің көрігін қыздырып жүргендерге таптырмайтын аппаратты иек астындағы ауылдағы өнертапқыштың жасап шығарғаны тіптен тамаша болды. Ондағылардың түгелге жуығы осы электрлі күбіні сатып алып, қарық боп қалды. Тауды жағалай қоныстанған ауылдағылардың басым бөлігі Шымкентке қымыз апарып сатып, нан пұлын айырып отыр. Таңғы төртте тұрып, екі сағатқа жуық күбі пісіп баптайтын еді бұрын. Піспесе қымыз бола ма? Ал мына жаңалықтың арқасында енді 15-20 минутта қымызы пісіліп, бабында тұрады.
Сәкен Есімов, өнертапқыш:
– Бұл күбіге кір жуатын машинаның моторы да жарай береді. Айналымы минутына 1-1,5 мыңға тең. Кез келген ыдысқа лайықталған. Мәселен, кастрөлге кигізіп қоюға болады. Ұйытылған айранның ыдысына азғана су құйып, үстіне қойса болғаны. Фанердің үстіне моторы орналасқан. Астындағы арнайы құрылғы электр қуатының күшімен жылдам айналады. Сұраныс өте көп.
Иә, бүгінгідей уақыт тапшы кезеңде тіптен таптырмас құрал болып тұр. Тіпті көрші аудандардан, Рабат, Сайрам, Өгемнен келіп әкетіп жатқандар көп. Тапсырыстың көптігі сонша – тіпті кейде үлгермейтін кездері болады. Бағасы да аса қымбат емес – 4000 теңге. Артықшылығы сол – бүгінде газ плиталарына қондырылған таймер сияқты уақытын белгілеп қойса, дәл сол уақытта өздігінен тоқтайды. Қайтадан өздігінен іске қосылады. Осы уақытқа дейін 100 шақты күбі өз иелерін тауып та үлгерді.
Шымкенттік келіндер енді күбі піспейді
Последние статьи автора