Жуырда Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында 30 жастағы келіншек қайтыс болды. Әрине, ауруханада адам өлгені – ішек тарта таңғалып, жаға ұстататын жағдай емес. Ақ халаттылардың айтуынша, ол күнделікті оқиға екен. Дегенмен бұл өлімнің басқа өлімнен өзгешелігі болып тұр. Мәселе – осында.
Мәселенің мән-жайы түсінікті болу үшін әлқиссаны марқұмның туысының әңгімесінен бастағанды жөн көрдік.
Ахмет, марқұмның туысы:
– Ана шіркіннен айырылу оңай ма, байғұстың артында шыр-шыр етіп аңыраған төрт бірдей перзенті жетім қалды. Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болған оған қырым қанды безгегі жұқпаған болса, неге мәйітті бірден бермейді? Жуындырып, арулап жерлейтін едік. Олар өйткен жоқ, мәйітті қолымызға кеш бергендері аздай, залалсыздандырып, целлофанға орап әкеліпті. Оны үйге де кіргізген жоқпыз, сыртта тұрған күйі жаназасын шығарып, жерледік. Дәрігерлердің барлығы маска киіп алған. Бұлайша қатты сақтанғандарының өзінен күдік алады екенсің. Біздің білетініміз – ол кенеден келген кеселден өлді, басқа ешқандай қауіпті ауруын білмейміз. Кене қызын шаққан, сөйтіп, ол жедел жәрдемге хабарласқан, ондағылар «кене тұрған жерге май құй да, пинцетпен алып таста» деген. Бұл соны істеген. Кейін баласын дәрігерлерге көрсеткен. Осы уақытта марқұмның өзіне «сені де медициналық тексеруден өткізейік немесе үйіңді залалсыздандырайық» деп, ешқандай дәрігер айтпаған.
Алайда марқұмның өліміне қырым қанды безгегі себеп болмағанын санэпидемиологтер ресми түрде растап отыр. Ал марқұмның туыстары «болмаса мәйітке сараптама жасатсын, сол кезде неден қайтыс болғаны нақты анықталады» дейді.
Қыршын жастың өмірі қалай қиылғаны жайлы қанша қиылып сұрағанымызбен, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Владимир Нарыжный «барлық ақпарат мен арқылы өтетін болсын» деген бастығының тапсырмасына сәйкес тікелей өзіне қатысты мәселе болса да бәрібір тіл қата алмайтынын ашып айтты. Ал бас дәрігер Мәди Бигалиевпен тілдескенімізде:
– Кім өлмей жатыр? Бұл ауруханада күн сайын қаншама адам жан тапсырады. Ал қырым қанды безгегінен адам өліпті дегенді бірінші рет естіп отырмын. Мәскеуде тауықты сауып жатыр деп айтуда, барса, тауықта емшек жоқ екен. Әркім әр нәрсені айта береді ғой, – деп тым жайбарақаттық танытқанына таңдандық.
Бас дәрігердің жылайтын жайтқа ешбір өкінбей, әңгімені әзілге бұрғанын түсінбедік. Оның ажал тырнағына іліккен аурудың диагнозын қаншалықты жасырып айтпағанын кім білсін, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып үлгерген, басқарма басшыларына дейін біліп отырған ақпаратты алғаш мәрте естіген сыңай танытып, не көпе-көрнеу көзбояушылыққа барғанын, не өзі басқаратын ауруханада қандай жағдай болып жатқанынан мүлдем бейхабар екенін ажырата алмадық. Осыдан кейін марқұмның туысқандарының «өлген адамның қырым қанды безгегіне шалдыққанын дәрігерлер жасырып отыр ма?» деген сауалдары бекер емес пе дейтін ой келіп, күдік қоюлана түспей ме? Бас дәрігер ештеңе білмесе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Әбішке ресми мәлімет берілмесе, ол шулы ақпараттың анық-қанығын түнде түс көріп біліп пе? Онымен де сөйлестік.
Ғалымжан Әбіш, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Науқас Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына мамырдың 28-і күні түсіп, комада жатқан. Тиісті анализдер алынып, қосымша зерттеулер жүргіздік. Алғашында қырым қанды безгегіне күдік болғанымен, ол расталмады. Теріс нәтиже берді. 30 мамыр күні кешке қайтыс болғаннан кейін мәйітке медициналық сараптама жүргізілді. Шоктан қайтыс болған деген қорытынды жасалды. Марқұмның ауруының клиникалық белгілері қырым қанды безгегіне ұқсас болғаны рас, қан көп кеткен, бірақ мұндай белгілер қырым қанды безгегіне ғана емес, өзге ауруларға да тән. Қызының үстінен кене алып, езген деген мәлімет бар. Бірақ, онда ешқандай қауіп белгілері жоқ, ол дәрігерлердің бақылауында. Ауруханада марқұммен байланыста болған дәрігерлер, оны осында жеткізген жедел жәрдем қызметкерлері мен туған-туыстары дәрігерлік бақылауға алынды. Ауруханаға жеткізілерден бірнеше күн бұрын науқастанған ол үйінде өздігінше ем қабылдаған. Ал қандай дәрі-дәрмек қабылдағанын білмейміз.
Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғ.Әбіш сөзінің соңын осылайша «білмейміз» деп бітірді. Өкінішке қарай, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары Жұмағұл Медетов те сөзін «білмедім» деумен аяқтады.
Жұмағұл Медетов, облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары:
– Марқұмның қайтыс болуына қырым қанды безгегі себеп болмаған. Біз оның қанын да, материалын да алып, лабораториялық зерттеуден өткіздік, күдік анықталған жоқ. Ал дәрігерлердің мәйітті залалсыздандырып, туған-туысқандарына оны ашуға неліктен рұқсат бермегенін білмедім.
Ақ халаттылар мен марқұмның туыстарының арасында пікір қайшылығы неліктен туындап тұр? Олар неге ортақ байламға келмейді? Әрине, марқұмның туыстарының айтқандары нақты дәлелдермен расталған ресми мәлімет емес. Дәрігерлерді де нақты дәлелдің жоқтығынан «ауруды жасырып отыр» деп ашық айыптаудан аулақпыз. Алайда күдік келтіретіндей де себептер аз болмай тұр.
Жалпы, жалған диагноз қою, адамның қандай аурудан өлгенін жасыру фактілері осы кезге дейін тәжірибеде аз кездеспеген. Ең өкініштісі, осы жасырулардың барлығы қайғымен аяқталып, үлкен дауға ұласумен келеді. Ендеше, жасырудан ұтқанымыз қайсы? Керісінше, қайғы қоюлана түспей ме? Еске түсіріп көрейікші, кезінде облыста ғана емес, республика көлемінде үлкен дүрбелең туғызған балалар арасындағы ВИЧ дертінің өршуіне бірінші кезекте ауруды жасыру әрекеті себеп болған-ды. Салдары не болды? Облыс әкімінен бастап денсаулық сақтау басқармасының бастығы, бірқатар қызметкерлері қызметінен кетіп, кінәлілер сотты болды. Ең өкініштісі, қаншама бейкүнә сәби жазылмас дертке душар болды.
Екі жыл бұрын Түркістан қаласында қырым-конго қанды безгегіне шалдыққан ауруға жалған диагноз қою, аурудың шын себеп-салдарын жасыру салдарынан қауіпті кеселді жұқтырған қаншама адам қайтыс болды. Оның ішінде аурумен алысқан дәрігер де бар. Осы оқиғаға орай тексеру жүргізген облыстық прокуратура қызметкерлері бұл қайғылы оқиғаларға дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағаны себеп болғанын ашық айтты. Үлкен дауға ұласқан бұл іске еліміздің сол кездегі бас прокуроры Қайрат Мәми де араласып, оның арнайы қаулысымен ведомствоаралық комиссия құрылып, тексеру жүргізген еді. Тергеу анықтағанындай, марқұмдардың өліміне себеп болды деген диагноздардың дені жалған болып шыққан. Міне, басқасы басқа, әсіресе, оңтүстікқазақстандық дәрігерлер жалған диагноз қоюдың, ауруды жасырудың ақыры қандай орны толмас өкінішке апарып соғатынын, нендей айқай-шуға ұласатынын ұғатындай ащы сабақты бастан өткерді ғой. Біздікі қателік қайталанбаса екен деген қауіп қой. Біз қауіп еткеннен айтамыз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Осыны жауапты адамдар жақсылап ойланып, күні ертең абыройдың айрандай төгілмеуін ойланса дейміз.