Шымкенттегі оқиға: іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жолданды
Жедел басқару орталығы қызметкерінің арызына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды
Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі басшысының суицидке баруы бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданды.
Шымкент қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, жедел басқару орталығы қызметкерінің арызына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.
"Олардың арасында туындаған жанжал Қылмыстық кодекстің 131-бабы "қорлау" бойынша екені анықталды. Осыған сәйкес Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 35-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Өз кезегінде қызметкерге азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар екендігі түсіндірілді" - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы суицид жасамақ болды.
"6 сәуірде сағат түнгі 01:30-да Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметі арқылы 1991 жылы туған пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың 1-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдап жатыр", - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған. Алдын ала болжам бойынша ол суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрілік преппараттар ішкен.