Шымкентте Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жоғалып кеткен Анельді іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
30 желтоқсанда Абай АПБ-ға жергілікті тұрғын кәмелеттік жасқа толмаған қызы жоғалғаны туралы шағымданған болатын. Белгілі болғандай, қыз туыстарымен жанжалдасып үйінен шығып кеткен. Бұған дейін жасөспірім 3 рет үйінен кетіп қалып, полицейлер оны анасына қайта тапсырған.
Шымкент қаласы ПД-ның жедел уәкілдері, учаскелік инспекторлар мен еріктілер жоғалған қызды 7 күн бойы тоқтаусыз іздеді. Баланы іздеу жұмыстары Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында болды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жедел уәкілдер жасөпірімді теміржол вокзалынан тапты.
Анықталғандай, Анель бұл күндері бейтаныс адамдардың үйінде жасырынған. Өз бетінше жұмысқа орналасуға тырысқан. Кәмелетке толмаған қыздың айтуы бойынша, үйден қашуға оның анасының жиі ұрып-соғуы себеп болған. Жасөспірім үйге барудан түбегейлі бас тартып отыр.
Қазіргі таңда әкімдік, Білім басқармасы және полиция қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылды. Олар анасын ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттарды жинайды. Бұл уақыт аралығында қыз Кәмелетке толмағандарды бейімдеу және оңалту орталығына орналастырылады.