FlyArystan компаниясының ұшағы найзағай мен екпінді жел салдарынан Шымкент қаласына қона алмай, Алматы әуежайына қайта оралуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұшу уақыты 16 мамыр, сағат 13:10-ға белгіленген КС 7103 «Алматы – Шымкент» рейсі Шымкент қаласындағы қолайсыз күн райына, атап айтқанда, найзағай мен қатты желге байланысты Алматыға мәжбүрлі түрде қонды», - делінген хабарламада.
Ұшып-қону жолағының қарсы беті жасанды кедергілердің (құрылыстардың) болуы салдарынан уақытша жабық тұрғандықтан, онда қону мүмкін болмаған.
«Ұшып-қону жолағының толыққанды жұмыс істемеуі осы рейстің барлық жолаушыларының жағдайын қиындатады, сондай-ақ авикомпанияның қызметіне теріс әсер етеді. Атап айтқанда, бұл қайта айналып келу, қосалқы аэродромға кету, ұшу аэродромына оралу және басқа да жоспарланбаған шараларды орындауға мәжбүрлейді. Өкінішке орай, Шымкент қаласы әуежайындағы ұшып-қону жолағының толыққанды іске қосылу мерзімі туралы мәліметке ие емеспіз. Жақын уақытта құзырлы органдар бұл өткір мәселенің шешімін табады деп сенеміз», - деді FlyArystan компаниясынан.
Аталған рейстің Алматыдан ұшу уақыты 16 мамыр, сағат 15:40-қа жоспарланған.
«Біз рейстердің кешігу және мүлдем ұшпай қалу жағдайларының алдын алу бойынша барлық шараны қабылдаймыз. Бірақ кейбір жағдайлар біздің бақылауда емес. Бүгінгі жағдайда рейстің кешігу себебі авиакомпанияның кінәсінен емес және оның бақылауынан тыс болды», - деп мәлімдеді ведомстводан.