Құтқарушылар оны лезде қар астынан алып шыққанымен өмірін сақтап қала алмады
Шымбұлақ тау шаңғы курортында қар көшкіні жүріп, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін таңертең болған. Қар көшкіні курорттың Комби-2 бөлігінде жүрген. Төменге сырғанап келе жатқан демалушыны қар көшкіні алып кеткен. Құтқарушылар оқиға орнына жылдам жеткенімен, оны құтқара алмадв.
Қар көшкіні бес рет жүрген. Төтенше жағдай орын алған жерге Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы мен кинологиялық топ барған.
«Наурыздың 10-ы күні «Шымбұлақ» тау курортына келуші шаңғы тебу кезінде қар көшкінінің астында қалып, мерт болды. Сағат 10:58-де курорттың құтқарушыларына Комби-2 тірегінің жоғары аймағында қар көшкіні түскені туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына сағат 11:02-де жеткен құтқарушылар денені тапқан. Құтқару операциясы үш минуттан аспады. Сағат 11:05-те шаңғышыны құтқарушылар шығарып алған. Сағат 11:25-те турист фельдшерлік-акушерлік пунктке жеткізілді, сағат 11.29-да фельдшерлік пункт қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады», - деді «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Шардарбек.