Шығыс Қазақстанда 11 елік атып алған браконьерлер ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында 11 елікті атып алған браконьерлер ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің табиғатты қорғау полициясының иснпекторлары 21.40-та Бесқарағай ауданы Кіші Владимировка ауылының маңындағы тас жолында "УАЗ" автокөлігін тоқтатады. Оның жүргізушісі - Канонерка ауылының 44 жастағы тұрғыны. Инспекторлар көлік тіркемесінен 11 еліктің етін тапты.
"Ішкі істер органдарының қызметкерлері 11 еліктің ерекше күзеттегі аумақта қарда жүретін көлікпен аңшылық жасау барысында заңсыз атылғанын анықтады. Полицейлер заңсыз аңшылық етті деген күдікпен көлік жүргізушісімен қатар Бесқарағай ауданының тағы төрт адамын да ұстады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, браконьерлердің құжатсыз бір оқпанды қару тәркіленді. Хабарламада заңсыз аңшылықтан 2 миллион теңгеден астам шығын келгені айтылған. Осы дерекке сәйкес, ҚР ҚК 288-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар ешқайда кетпеуі туралы қолхат жазды. Қылмысы дәлелденетін болса, онда олар 2 жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.