«Қазақстан нарығының айтарлықтай бөлігін жаулап алған «Фуд Мастер» компаниясын мемлекет өз қарамағына алуы тиіс.
Жиынға қатысқандардың сөзіне қарағанда, «Фуд Мастер» компаниясын 2004 жылы франциялық компания сатып алғалы бері мұнда шығарылатын өнімнің сапасы күрт нашарлап кеткен. Себебі тауардың 60 пайызы құрғақ сүт пен өзге де ингредиенттерден жасалады. Мәселен, компанияның меншік иесі ауысқанға дейін, яғни 1995 жылдан 2004 жылға дейін тәулігіне шамамен 200 тонна шикі сүт сатып алынатын болса, қазір қабылданатын табиғи сүттің көлемі 40 тоннаға да жетпейді. Ал шығарылатын өнім көлемі арта түспесе, кемімеген. Заңгер Ғалия Дүйсембаева аталған кәсіпорында санитарлық-ветеринарлық талаптармен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің де құқықтары өрескел бұзылып отырғанын айтады.
Ғалия Дүйсембаева, заңгер:
– Мұнда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен алынатын шикізаттың сапасына бақылау жүргізетін ветеринардың болмауынан, сүт еш тексеріссіз қабылдануда. Тұтынушыларға ұсынылып жатқан өнімнің құрамында не бар екенін ешкім білмейді. Мысалы, компания басшылығы сүт сатып алуға кететін шығынды үнемдеу үшін ветеринарлық бақылауды өрескел бұза отырып, қарасан ауруы ушығып тұрған уақытта Қырғызстаннан арзан бағамен сүт сатып алған. Сол сияқты, мұндағы жалдамалы жұмысшылар 35 мың теңге айлық жалақымен күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл жұмыс уақытын тіркеу кестесінде көрсетілмеген. Яғни кәсіпорын басшылығы еліміздің еңбек заңнамасын да бұзып отыр деген сөз. Мұнымен қоймай, сүтті сатып алу барысында оның сапасы мен майлылығын қасақана төмендете отырып, кәсіпкерлер де үлкен шығынға ұшыратуда.
Компания басшылығының қылықтарына наразылық білдірген заңгерлер мен кәсіпкерлер жергілікті сот органдарына жазған арыздарының жауапсыз қалғанына қынжылып, ел Президентінен көмек сұрап отыр.
Маргарита ФИРСТОВА, «Фуд Мастер» компаниясына сүт жеткізуші:
– Жергілікті сот орындарына жазған арыз-шағымдарымыз бүгінге дейін сағызша созылып, нақты шешімін тапқан жоқ. Әрі компанияның құжаттарында нақты мекенжай көрсетілмегендіктен, олармен ресми түрде хат алмасу мүмкін болмай тұр. Қазақстандық азаматтар – компания жұмысшылары, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін Елбасынан көмек сұраудан өзге ештеңе қалмады.
Бет қатталып жатқанда
Сүт компаниясының өкілдері аталған жайға байланысты өз жауаптарын жазбаша таратты. «ФудМастер» өнімдерінің барлық түрі сапа мен тағам қауіпсіздігінің қатаң талаптарына сәйкес өндіріледі. Бұл қазақстандық тұтынушыларға кінәратсыз өнім жеткізуге мүмкіндік береді. Өнімдердің барлық ассортиментінің кінәратсыздығы ірімшік пен сүт өнімдерін өндіретін әлемдегі ірі компания «Лакталис» тобының сапаны бақылаудың халықаралық мойындалған талаптарын қолдануы нәтижесінде де қамтамасыз етілуде. Бұл талаптар компания жұмыс істейтін 150 елде бірыңғай. «ФудМастер» өндіріс орындарына арнайы пресс-тур ұйымдастырып, журналистерге компанияның қандай да бір заңбұзушылықтарсыз жұмыс істеп жатқанына көз жеткізуді ұсынады», – делінген «ФудМастер» компаниясының хабарламасында.