Сүгірдің шәкірті, атақты күйші Файзолла Үрмізов дүниеден озды
Кенесары ханның Әбубәкір деген баласынан тарайтын ұлағатты ұрпақ, қазақтың белгілі күйшісі Файзолла Үрмізов 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы белгілі күйші Жанғали Жүзбай Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Қазақтың шертпе күй мектебінің негізін қалаушы, қаратаулық күй дәстүрінің шырақшысы, ғасырымыздың күй-шежіресі, Сүгірдің төл шәкірті Файзолла Үрмізов ақсақал дүниеден озыпты. «Әй, көшелі күй не теңің, «Бестөрені» тартқышын...» деп шала шертісіңді тыйып тастайтын, ақ сөйлейтін аға күйші еді, жарықтық», - деп жазады Ж. Жүзбай.
Айта кетейік, Файзола ақсақал Абылай ханның жетінші ұрпағы саналады. Қырық жыл мектепте мұғалім болып, ағартушылықпен айналысқан. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Күйшінің «Шежіре-дастан» атты кітабы жарық көрген.