Бүгінде сапалы ет, шұжық өнімдерімен тұтынушылар ілтипатына бөленіп жүрген Екібастұздың ет өңдеу комбинаты шикізатты басқа жақтан сатып алмау үшін 2007 жылы мал шаруашылығы фермасын құрған болатын.
Қазірде қаладан жырақта орналасқан фермада әрқайсысында 800 бас мал тұратын төрт қора, 200 бас малға арналған бордақылау орталығы бар.
«Екібастұз ет өңдеу кешені» ЖШС-нің басшысы Е.Жұмадиевтің айтуынша, осы күні шаруашылықта әулиекөл тұқымдас 812 ірі қара мал өсірілуде. «Екібастұз ет өңдеу комбинаты» ЖШС-інде ерекше күтіммен бағып-күтілетін асыл тұқымды жылқылар да бар. Нағыз жігіттің жеті қазынасының бірі саналатын 60 қаралы қаз мойын сәйгүлікті аталмыш комбинат өсім алу мақсатымен жалға алған көрінеді.
Сонымен бірге, өткен жылы Қызылорда облысынан 86 бас түйе сатып алынған. Қазір ойсылқара баласы жергілікті табиғатқа бейімделу үстінде. Шаруашылық келесі жылдан бастап шұбат өндіруге кіріспек. Ендеше, екібастұздықтар шұбатпен шөл қандыратын күн де алыс емес.