Оралдық студент күн энергиясының көмегімен жүретін электромобиль жасап шығарды. Ескі көлікке жан бітірген Сергей Офицеров оны жергілікті жоғары оқу орнының базасында құрастырыпты. Экологиялық жағынан таза әрі жанармай шығындамайтын көліктің шама-шарқын ресейлік ғалымдар да жоғары бағалап отыр. Электромобильдің өзге көліктерден басты ерекшелігі күннің көзінен қуат алатындығы. Яғни әдеттегі қозғалтқыштың орнында мұнда электрлі мотор орнатылған. Ол көліктің төбесіндегі мына тақталар арқылы күн сәулесінен тарайтын энергияны аккумуляторға жинайды. Соның көмегімен көлік бұлтты күннің өзінде 8 сағатқа дейін жүре алады. Әліби Баяхов, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басқармасының басшысы -Бұл электромобильдің ерекшелігі күн сәулесі батарейкалары арқылы қуат алып, шапшаңдығы 60-70 км дейінгі шапшаңдықпен жүре алады. Және бұл экологиялық тұрғыдан өте таза транспорт болып саналады. Қуаты 10 киловат болатын мотордың сипаттамасы бензинмен жұмыс істейтін қозғалтқыштан бірде кем емес. Мұны іс жүзінде дәлелдеуге тырысқан жаңашыл жастар шағын ғана көлікпен салмағы 4 тонна болатын алып джипті де сүйреп көрсетті. Ал мына велосипедпен тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар адамдар да емін-еркін қозғала алады. Себебі оның артқы дөңгелегінде күн энергиясын жинақтайтын шағын ғана қондырғы орнатылған. Сергей Офицеров, студент -Міне, басқышты аяқпен басқанда, дөңгелек айналады. Соның көмегімен мотор іске қосылады. Велосипедті қозғалысқа келтіруге адамның дене күшінің қажеті болмайды. Бұл денсаулығында ақауы бар адамдарға өте тиімді. Өнертапқыш өз жұмыстарын Мәскеудің Дубна қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конферециясында көпшілікке таныстырыпты. Ресейлік ғалымдар оралдық студенттің идеяларын ұштай түсуге кеңес берген. Нәтижесінде кейіпкеріміз Дубнадағы техникалық университеттің магистратурасында тегін оқуға мүмкіндік алды.
khabar.kz