СҚО-да жоғалып кеткен мұғалімнің денесі 3 жылдан кейін табылды
Солтүстік Қазақстан облысында жазғы лагерьде жоғалып кеткен Солтүстік Қазақстан университеті оқытушысының денесі 3 жылдан кейін табылды, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Солтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінде хабарлағандай, жоғалып кеткен оқытушының денесі ағымдағы жылдың қыркүйек айында Новокаменка ауылына жақын жерде ағып жатқан Есіл өзенінің жағасынан табылған. Оқытушы өлімнің себебі әлі анықталмады.
«Генетикалық сараптама 2014 жылдың жазында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Ербұлан Стабаевтың табылғанын растады», – деп мәлімдеді ІІД қызметкерлері.
Бұл оқиға тек Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарын ғана емес, күллі Қазақстан халқын елеңдеткен еді. Ербұлан Стабаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы болып қызмет еткен. Ер адамды соңғы рет 2014 жылдың 9 маусым күні Петропавл қаласының шетіндегі студенттерге арналған «Мирас» оқу-өндірістік лагерінде көрген. 38 жастағы Ербұлан Стабаев студенттермен бірге жазғы лагерьдегі өндірістік тәжірибеде болған. Лагерьге келген алғашқы күні-ақ жоғалып кеткен оқытушы бір аптадан соң үйіне қайтуды жоспарлап жүрген. Оны үйінде әйелі мен 11 жасар қызы күтіп отырған еді.
Куәгерлердің сөзінше, кешкі астан соң Есіл өзенінің бойында серуендеп қайтпақ болған оқытушы лагерьге қайтып оралмаған. 9 маусымның кешінде ер адамды легерьде ешкім көрмеген. Ертесі күні студенттерімен жаттығу өткізуі тиіс болған Ербұлан Стабаевты еш жерден таппаған лагерь оқытушылары дабыл қаққан. Бөлмесінен байқалғандай, оқытушы лагерьде түнемеген, десе де қайтып оралмақ болғаны аңғарылады.
Оқытушы өзімен бірге тек ұялы телефонын алған. Бірақ оқытушылар қоңырау шалғанда, телефоны сөндірулі болған. Студенттер кешкілік Ербұлан Торсанұлының қуаттандырғыш құрал сұрғанын айтқан. Алайда оқытушы ұялы телефонын қуаттандырып үлгермеген сыңайлы. Бастапқыда әріптестері мен студенттер оқытушыны өздері іздеп табуға тырысыпты. Іздестіру шаралары нәтиже бермеген соң, полиция мен ТЖ бойынша департаментке хабарласқан. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар төңіректі, өзен жағасы мен орман ішін шолып шыққанымен, ешқандай із таба алмаған. Іздестіру шараларына лагерьдегі студенттер мен әріптестері, туыстары мен таныстары атсалысқан. Оқиғадан бір ай өткеннен кейін де әскери училищенің курсанттары орман ішін аралап шыққан-ды. Алайда еш нәтижесіз. Лагерь Есіл өзенінің бойында орналасқан. Сондықтан іздестіру операциясына сүңгуірлер де тартылған. Бірақ су астынан да ештеңе табылмады.
Оқытушының тағдыры облыс тұрғындарын ғана емес, күллі Қазақстан халқын алаңдатты. Ербұлан Стабаевтың фотосуреттері мемлекеттегі барлық қалаларға таралған. Туыстары бірнеше рет лагерьге қайтып оралып, орман ішін аралап, жергілікті тұрғындармен сөйлесіпті. Ал полиция қызметкерлері ізім-қайым жоғалған оқытушыны мемлекетіміздің басқа қалаларынан ғана емес, Ресей жерінен де іздестірген. Барлығы Ербұлан Стабаевтың тірі екеніне сенгенімен, өкінішке орай, үміт ақталмады.
Бірер күн бұрын оқытушыны жерлеу рәсімі өтті. Туыстары, әріптестері мен таныстары Ербұлан Стабаевты жақсы әрі адал адам ретінде еске алады.