Солтүстік Қазақстан облысында 5 келі 410 грамм салмақпен нәресте туды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Бұл биылдыққа өмірге келген ең алып бала, бұған дейін туған шақалақтың салмағы 5 келі 400 грамм болған еді.
СҚО көпбейінді аурухана перинаталды орталығының мәліметінше, алып бала 23 шілде күні дүние есігін ашты. Анасы – Сергеевка қаласының тұрғыны, бұл отбасындағы төртінші бала. Әйелдің қалған балалары 3 кг салмақпен туған. Әзірге ана мен бала дәрігерлердің бақылауында.
«Үлкен салмақпен туған баланы да, оның анасын да жағдайларының жақсы екендігіне көз жеткізбейінше орталықта ұстаймыз. Кеше 18 шілде күні 5 келі 400 грамм салмақпен дүниеге келген тағы бір нәрестені анасымен үйіне жібердік. Жағдайлары жақсы. Олар Қызылжар ауданының тұрғыны. Жалпы алып балалардың басым бөлігі – ұлдар», - дейді орталық қызметкерлері.
Дәрігерлердің айтуынша, 4 келіден аса туған балалар – ірі салмақты деп есептеледі. Былтыр перинаталды орталықта 4512 нәресте дүниеге келсе, солардың 691-і ірі саналады. Бір бала, тіпті 6 келі 250 граммен туған. 65 ана перинаталды орталықтан егіз баласымен үйіне кетті.
Биыл дәрігерлер 2524 баланың дүниеге аман-есен келуіне көмектесті. Оның 404-інің салмағы 4 кг жоғары болған. Үшем тіркелмеген, дегенмен, 39 егіз дүние есігін ашты.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz