Спорт та – мемлекеттің имиджі

Мансұр ХАМИТ (фото)

Кеше Ақорданың көк күмбезі астында Елбасы спортшыларымызға көк туымыз Тұманды Альбион­ның көгінде желбіресін деп ақ батасын беріп, ақ жол тілеп шығарып салды. Үкілеп қосып отырған спорт майтал­мандарына артылар үміт те көп. Бұл додадан қанжы­ғамыз майланып, елге үйірімен үш тоғыз болып олжалы қайтсақ, мерейіміздің өскені. Спортшыларымыз да бар ниетін осы бағытқа тоғыстырып отыр. Оны кеше Елбасының алдында ағынан жарылған спортшы­лары­мыз­дың әңгіме ауанынан байқадық.
Міне, санаулы күннен кейін Лон­дон­да Олимпиада алауы тұтанады. Дүниежүзілік додаға әлем бойынша 10,5 мыңнан астам спортшы қаты­сады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дүлдүлдердің арасында біздің де 114 спортшы бағын сынамақ. 39 спорт түрінен 302 медаль сарапқа салы­натын болады. Біздің спорт­шы­ла­рымыз 20 спорт түрінен бара жатқа­нын да еске сала кетейік.
Елбасы бұл сыннан азамат­та­ры­мыздың сағы сынбай келетініне сенім біл­діріп отыр. «Кеңес Одағы кезінде де біздің спортшыларымыз чемпион бол­ған. Тәуелсіздік жылдарында да талай жетістікке қолымыз жетті. Жал­пы, әлемдік спорт рейтингісінде Қазақ­стан – 14-орында. Яғни алғашқы 15 мемлекеттің ішіне еніп отыр­мыз. Сондықтан біздегі спорттың та­ри­хы өте жақсы деп айтуға болады», – деді Президент Нұрсұлтан Әбішұлы. Елба­сы спортта жетіп жатқан жетіс­тік­теріміз бен алып жатқан асу­ла­ры­мыз жас­тардың спортқа тартылуына ай­рық­ша әсер ететінін де тілге тиек етіп өтті.
Енді, міне, алдыңғы белес – Лон­дон Олимпиадасы. Бұл – Қазақстан үшін тарих алдындағы тағы бір ше­шуші кезең. Осы жолғы Олимпиададан құр қол келу – елге сын. Осыны мең­зегісі келген Президент бүгінгі таңға дейін мемлекеттің спортты көркейтуге қан­ша­ма қаржы мен қажыр-қайрат төгіп, қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Республика бойынша қаншама спорт­тық кешендер салынды. «Сон­дық­тан да Олимпиадада нағыз қазақ­стан­дық спорттың рухын таны­тасыздар деп сенемін. Өздеріңіз де артта­ры­ңыз­да күллі Қазақстан халқы тұрға­нын, оның жауапкершілігі қан­шалықты екенін сезіп тұрған болар­сыздар», – деді Президент. Ендеше, осыған дейін төгіл­ген тер мен ағылған ақшаны ақ­тай­тын сәт осы Олимпиада болуы керек.
Елбасы спортшылардың есіне мынаны да сала кетуді жөн көрді: «Спорт­ты спорт деп қана қабылдамау керек, оны сонымен қатар мем­ле­кет­тің имиджі деп тануларың керек. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшы Қазақ­станды әлемге танытуда бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарының жасаған еңбе­гінен де асып түсетін үлес қоса­ды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Пре­­зидент бұқаралық спортты дамы­туға да жеңіске жеткен спортшының үлесі тиетінін жеткізді. Болашақ ұрпақ көк байрағымызды желбіретіп жеңіс тұғырына көтерілген спортшыға қарап бой түзейді. Олар да солардың ізін басуды армандап, ертеңгі күні спортқа келеді. «Мен ең құрығанда қазақ­стандықтардың 30 пайызы күн сайын спортпен айналысатын дең­гей­ге жет­кенін қалаймын», – деді Президент түпкі ойын айтып.
Елбасы еліміздің әйгілі Олимпиада чемпиондары болған Әлжан Жар­мұ­хамедов, Нелли Ким, Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Илья Илиндерді де атап өтіп, олардың жас­тардың спортқа тартылуына, патриоттық се­зімдерін оятуға себепкер болғанын жеткізді.
«Лондон Олимпиадасынан жетістікпен келу үшін сіздерге сәттілік пен ақ жол тілеймін», – деген Президент туымызды байрақты бәсекеде желбірей берсін деп талай додада жауырыны жерге тимеген балуан Нұрмұхан Тінәлиевке табыстады. Туды қолына алған балуан: «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Алтын күн аясындағы алғыр қыран бейнеленген қазақтың көк туы біздің ең қасиетті нышанымыз. Сіздің қолыңыздан еліміздің ең қастерлі символын алу мен үшін үлкен абырой. Сіз қазақ­тың көк туын әлемнің ең ұлы мемлекеттерінң төрінде желбіреттіңіз. Енді біз оны әлем спортшыларының ең биік додасы – Олимпиада төрінде көтеретін боламыз. Сіздің бүгінгі тілегіңіз – бүкіл елдің тілегі. Біз оны абыроймен орын­даймыз. Біз көк туымызды Лондонға желбіретіп алып барып, Астанаға жеңіп алған алтын медальдармен жарқыратып алып қай­тамыз. Сеніміңізге рақмет. Әрқашан еліміз бен Елбасымызға қызмет етеміз», – деп ағынан жарылды.
Ту табыстау рәсімінен кейін спортшылар да Елбасыға деген ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін білдірді. Ауыр атлетика бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни де шәкірттерінің бабы келісті екенін айтып өтті. Оның айтуынша, негізгі қарсыластар – Қытай, Ресей, Түркия, Украина спортшылары. «Қазіргі дайындығымыз тек жеңіске жету үшін жүріп жатыр. Олимпиада ойын­дарында абыройлы болатынымызға тәжі­рибеміз жеткілікті деп ойлаймын. Жалпы есеп бойынша ауыр атлетикадан біздің команда Ресей мен Қытайдан кейінгі алғашқы үштікке ілігеді деген үміттемін. Қытай мен Ресейге қыр көрсетеміз деген сенімдемін», – деді Алексей Ни.
Айтпақшы, Ұлыбритания басшылығы Олимпиада ойындарын тамашалауға Елбасымызды шақырған екен. Сондықтан Елбасы да спортшыларымыз үшін сол жақта жүріп тақымын қысатынын айтты.


Илья ИЛЬИН, ауыр атлетші:
– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің бізді үнемі қолдап отыратындығыңызға алғыс айтқымыз келеді. Мен Қазақстан ұлттық құрамасының абыройлы оралуы үшін спортшыларымыз қолдан келетін, тіпті мүмкін емес жетістіктерге қол жеткізуге бар күш-жігерін салады деген сенімдемін. Өткен жылдың қыркүйек айында Қызылордаға жасаған сапарыңызда сіз маған Парижде өтетін әлем чемпионатында жеңіске жетуімді тілеп, аталық батаңызды берген едіңіз. Сіздің үмітіңізді мен абыроймен ақтадым. Бүгінде қазақстандық спортшылар үшін сіздің қолдауыңызбен барлық жағдай жасалған. Алдағы Лондон Олимпиадасында әрбір спортшы еңбектенсе, тырысса және өзіне сенсе, алынбайтын қамал жоқ екенін сендіргім келеді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен Олимпиадада біздің құрама ең мықты спорт елдерінің отыздығына енді. Біз Лондонда бұл жетістігіміздің кездейсоқ болмағанын дәлелдеуіміз керек. Сіздің «Чемпион болу қиын, чемпиондық титулды сақтап тұру тіпті қиын» деген сөзіңізді әрқашан жадымда ұстаймын және қай додада болмасын, сіздің қолдауыңызды сезініп тұрамын. Менің жетістіктерімде сіздің де үлесіңіз барын мақтанышпен айтамын.


Алмат КЕБІСПАЕВ, грек-рим күресінің балуаны:
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің де кезінде күрескеніңізді барлығы біледі. Сондықтан да біздер – күресшілер сізді ерекше жақсы көреміз. Сіздің бүгінгі әрбір сөзіңіз, бізге берген жүрекжарды батаңыз бен көрсетіп отырған сеніміңіз біздің жүрегіміздегі жеңіске деген құлшынысты оятты. Сізбен кездесуден біз зор қуат алдық. Осы отырған барлық спортшылар сондай сезімде екеніне мен сенімдімін. Ақорданың ауасынан, әкелік қамқорлық жасап отырған сіздің ықыласыңыздан алған қуатты біз ешқайдан ала алмаймыз. Бұл бір біздің тәнімізге емес, жанымызға берген күш болды. Қазақ спортшылары қашан да бәсеке тауының биігі – Олимпиададан құралақан оралған кезі болған емес. Сондықтан біз осы жолы да алдыңғы буын ағаларымыздың даңқты жолдарын лайықты жалғастыруға барымызды саламыз. Сіз артып отырған зор сенімді ақтауға барынша тырысамыз.


Марина ВОЛЬНОВА, боксшы:
– Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз бүгін Қазақстан спорты үшін әлем алдында ашық мақтана аламыз. Осы ретте сіздің және мем­лекетіміздің ел спорты мен денешынықтыру саласына жасап отырған қамқорлығыңыз шексіз. Халықаралық жарыстар барысында Қазақстанды, Қазақ елін сіздің атыңыз арқылы танып, біліп жатқанына талай рет куә болдық және оны мақтан етеміз. Осы орайда осындай ерекше шапағатыңыз үшін сізге алғыс айтамыз. Лондон Олимпиадасы ойындарының бағдарламасына биылғы жылы алғаш рет әйелдер боксы енгізіліп отыр. Сарапқа салынған үш жолдаманың екеуін Саида Хасенова екеуміз жеңіп алып, Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алдық. Бұл – біздің алғашқы жеңісіміз. Ендігі негізгі мақсат – осы сапарда сіздің ақ батаңызбен ел намысын қорғау. Аса мәртебелі Президент, жеңіспен ораламыз деп сендіруге рұқсат етіңіз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста