Соттың міндеті – соттау емес
Егемендіктен бері тәуелсіз сот билігін реформалап келе жатқан Қазақстан осы бағытта біраз белесті артқа тастады. Дегенмен даму дөңгелегі бір орнында тұрмақ емес. Сот жүйесін заманға сай одан сайын жаңғырта түсу маңызды. Ал бұл бағытта Қазақстан судьяларының съезі маңызды рөл атқарып келеді. Әр төрт жыл сайын елдегі сот билігінің бедерін белгілеп, бағытын айқындайтын алқалы отырыс кеше де өткен болатын. Қазақстандық судьялар алты мәрте Астанада бас қосып, онда сот ісін жүргізудің өзекті мәселелері, межелі міндеттердің іске асырылу барысы талқыланды. Осынау қазылар құрылтайына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сот билігінің алдағы бағдарына байланысты сөз арнаған болатын.
Заң үстемдігіне негізделген сот билігін мемлекет қашанда қолдайды. Олай болмауы да мүмкін емес. Мемлекеттің мұндай қолдауын төрт жыл сайын бір рет өткізіліп келе жатқан судьялар съезіне Елбасының ұдайы қатысып отыратынынан да аңғаруға болады. Президент келелі құрылтайға қатысып қана қоймай, биліктің осы тармағын тұғырлы ете түсетін міндеттерді де айқындап беріп келеді. Сондықтан да бүгінгі таңда Елбасы айқындаған сот-құқықтық реформасы толығымен жүзеге асты деуге негіз бар. Өйткені сот билігіндегі реформа аясында елімізде ең озық халықаралық тәжірибелер енді, тіпті дала билеріне тән әділ төрелігіміз де қалыпқа түсе бастады. Ең бастысы, Қазақстан өз дамуының өзіндік құқықтық даңғылына түсті. Дегенмен сот қызметінің сапасы, әділ сот төрелігі һәм судья тәуелсіздігі бұған дейін де бірталай сөз болған, сосын нақты шаралары айқындалған мұраттың бірі болатын. Сондықтан да қазылар құрылтайын ашып, алғашқы баяндаманы жасаған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми съезден-съезге дейінгі дүниелерді саралап, отандық сот төрелігінің жетістігі туралы әңгіме тарқатты. Жетістік қана емес, жетіспеушілікке де назар аударылды. Айтылғанымен, шешімін нақты таппай келе жатқан проблемаларға да назар аударылды. Соның бірі һәм бірегейі – қазіргі судьяларға түсетін ауыртпалық. «Бүгінгі күні судьялар қым-қуыт қарбалас пен интенсивті жоғары психоэмоциялық ауыртпашылықтар форматында еңбек етіп жүр. Әлі күнге сот өндірісін оңайлату жұмыстары толық атқарылмады. Тек бірқатар формалды нормаларды заңнан жоюмен ғана шектеліп отырмыз. Проблемаларды бұлайша шешу ауыртпашылыққа ешқандай да септігін тигізген емес.
Соттардағы бюрократизм де жойылған емес. Қолданыстағы азаматтық іс жүргізу заңнамасы соттарға келіп түсетін өтініштердің барлығын жұмысқа алуды міндеттейді. Ал ондай өтініштердің кейбірі тиімділігі және шығындылығы жағынан негізсіз болып табылатынын да айта кеткен жөн», – дейді Қайрат Мәми. Осы тұста Жоғарғы сот төрағасы бірер мысалды алға тартты. Мәселен, Алматы қаласы Медеу аудандық салық басқармасы сотқа заңды тұлғалардың дербес шотындағы салыққа артығымен төленген 8-9 теңгені шығарып тастау туралы жүгінген. Бұл сотқа жасалған өтініш болғандықтан, ол іс те қаралып, шешім шықты. Жалпы, мұндай мөлшері мың теңгеге де жетпейтін талап-арыздар үлесі барлық салық дау-дамайларының үштен бірін құрайды», – дейді төраға. Шындығында, бұл – сот жүйесіндегі проблемалардың бір қыры ғана. Ал нақты мәліметке сүйенсек, соңғы 4 жылда еліміздегі әрбір судьяға түсетін орташа ауыртпашылық екі есеге артқан. Дегенмен мұндай арқаға түскен ауыр жүкке қарамастан, соттар өздеріне жүктелген міндеттерді толық атқарып келеді.
Бұдан бөлек, Жоғарғы сот төрағасы сот тақырыбына қалам сілтеп, жұртшылыққа осынау қызметтің бет-бейнесін жазып-көрсететін кәсіби журналистер қалыптастыруға да алдағы уақытта баса маңыз беретінін аңғартты. «Бүгінгі күні сот залынан жүргізілетін репортаждарды көбінесе құқықтық тақырыпта тәжірибесі жоқ журналистер жасап жүрген тәрізді. Не болмаса тікелей тапсырыспен жасалатын репортаждар да жиі ұйымдастырылып тұрады, ал оларда сот үдерісі мен шешімдері біржақты әрі алдын ала келісіп-пішілген бағытта тарқатылады. Сондықтан да кәсіби сот репортерлерін қалыптастыру біз үшін аса өзекті», – дегенді айтып қалды Қайрат Әбдіразақұлы.
Жоғарғы соттың абыройы – Қазақстанның абыройы
Қазақстандағы сот билігінің бүгінгі мәселелері туралы ой қозғап, аз-кем әңгіме айтып, сөз сөйлегендерден соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі тақырыпты түйіндеген еді. Байқағанымыз, барша Қазақстанға бағдар болғандай, отандық сот билігі үшін де келешек әңгіменің төркіні – «Қазақстан-2050» стратегиясы. Елдігіміздің темірқазығына айналған осы стратегияның діттегені – Қазақ елін озық 30-ға апару. Ендеше, Елбасы да қазақстандық қазылардың алдына осындай межені белгілейтінін жариялады. «Біз «Қазақстан-2050» стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз керек. Бұл бағытта еліміздің экономикасында, саясатта реформа жасай отырып, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын жетілдірмесек, діттеген мақсатымызға жете алмаймыз. Кез келген азамат сот жүйесі арқылы өзінің мәселелерін әділ шеше алуы, өзін қорғай алуы керек. Сондықтан мемлекет те, мен де сот жүйесіне баса көңіл бөліп отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, Жоғарғы сот елге абыройлы болуы керек. Өйткені Жоғарғы соттың абыройы Қазақстанның, жалпы еліміздің, биліктің абыройымен бірдей», – деді Елбасы. Сосын Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы ұлтты дамытудың маңызды критерийлерінің бірі таза, тиімді ұлттық сот жүйесі екенін айтты. Президент пайымынша, тәуелсіз әрі әділ сот – кез келген мемлекет қызметінің өзегі. Бұл болмаса, ешбір елде, оның ішінде ең дамыған елде де жағымды инвестициялық климат та, азаматтардың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ету де, қоғамның табысты дамуы да болмақ емес. Осыны атап өткен Мемлекет басшысы 4 жыл бұрын өткен судьялардың V съезінен бері қазақстандық сот жүйесі өзінің көрсеткіштерін 23 позицияға жақсартқанын атап өтті. Мәселен, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша қазақстандық тәуелсіз соттар критерийінде біршама жоғарылаушылық бар. «Дегенмен біз әлі де 80-орында тұрмыз. Озық 30-дың арасында болу үшін әлі де 60 позицияға көтерілуге тиіспіз. Сондықтан да құқықтық жүйедегі жұмысты жандандырған ләзім, ал ол жұмыстың өзегі – сот төрелігі жүйесін әлі де жетілдіре түсу», – деді Н. Назарбаев.
Елбасы судьяға түсетін ауыртпашылықты азайту үшін олардың санын арттыруға пәрмен берді
Сөз арасында Мемлекет басшысы қазақстандық фемиданы жан-жақты жетілді деп бағалады. Елбасының айтуынша, сот жүйесі жауапкершілікті, қарқынды дамып келе жатқан бірегей мемлекеттік биліктің бір тармағына айналды. Әлбетте, бұл да өздігінен бола қойған жоқ, оған отандық судьялар қыруар еңбек сіңірді. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы сөз арасында заңның салтанат құруына қызмет етіп, сот мантиясына адалдық танытып, қағиданы қатаң ұстанғандарға алғысын жеткізді. Дегенмен жетілудің шегі болмайтыны тағы да анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы сот ісінде маңызды міндеттердің біразын белгілеп берді. «Судьялардың біліктілігі ұдайы заман жаңалықтарынан қалыспауды талап етеді. Өйткені елдің экономикалық һәм саяси өмірінің бәрі заңға бағынышты. Барлығы заң шеңберінде жұмыс істейді. Ендеше, заңгерлер де мәселені әділ шешу үшін елдің экономикасында да, саясатында да, барлық саласында да не болып жатқанын біліп, сезіп отыруы шарт», – дей келе, Елбасы сот өндірісіндегі бірқатар өзекті проблемаларды атап, оны шешу жолдарына да тоқталып өтті. «Біріншіден, Қазақстандағы сот өндірісі әзірше негізсіз созылып, онда немқұрайдылық орын алған. Сот әділдігін атқару тәртібі, ережесі сатылап жаңғыртуды қажет етеді. Әлбетте, біз мұны айтамыз, оны күн сайын, жыл сайын істеп те жатырмыз. Дегенмен бұл жұмыстарды тиімді түрде жалғастыру қажет», – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы сот өндірісінде ақпараттық технологиялар барынша жеткілікті қолданылып отырмағандығын да баса айтты. Бұдан бөлек, соттық мамандануды дамыту бөлігі әлі бастапқы деңгейде тұрғанына да назар аударылды. «Қазіргі уақытта, мәселен, алқабилер соты қызметі бойынша іс жүзінде белсенді тәжірибе жинау маңызды. Сосын «тергеуші судьялар» институтын енгізу де өзекті. Бұл соттардың сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы рөлін арттырады», – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Әбішұлы съезд барысында ғана емес, бұған дейін де талай мінберде көтерілген судьяларға түсіп отырған жүктемелер мәселесіне де арнайы мән берді. Тоқтала кететін жайт – соңғы 4 жылдың ішінде бірінші инстанциядағы соттарда бір судьяға келетін іс орташа алғанда айына 38-ден 56-ға дейін артқан. Кейбір өңірлерде аталған көрсеткіш бұдан да жоғары. «Съезд барысында бұл жайында айттыңдар, мен естідім. Сондықтан да 2014 жылдың бюджетінде судьялардың санын 450 бірлікке, яғни 25 пайызға арттыруға тапсырма берілді. Олардың әрқайсысында 450 хатшы керек екендігі де түсінікті және 60 пристав қосымша болады. Сондықтан судьялардың саны 960 бірлікке ұлғаяды», – деді Елбасы.
Сот абыройлы болуы үшін қатарын таза ұстауы шарт
Мемлекет басшысы қазақстандық сот төрелігі туралы сөз болғанда судья абыройына да мән-маңыз бере сөйледі. Сондықтан Елбасы сот әділдігі жүйесі әлі де болса сот қателіктерімен, заңдылықтың, сот әдебінің бұзылуымен бетпе-бет келіп жатқанын алға тарта сөйледі. «Осындай келеңсіздіктер – тұтас сот жүйесіне теріс баға беруге желеу. Жекелеген судьялардың өздері бюрократизмге, соттық былыққа жол беріп, дауларды қарауды созып жібереді, кейде қателіктерге де бой алдырады», – деді Елбасы. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлы сот жүйесіндегі кадр саясаты әлі де болса толық жетілмегендігін баса айтты. Мәселен, Мемлекет басшысының алға тартқан деректеріне қарағанда, жыл сайын Қазақстанда жемқорлық қылмысқа бой алдырған 2-3 судья сотталады, 39 судья тәртіптік жазаға тартылса, оның ішінде 8-і жұмыстан кетеді. «Тіпті облыстық деңгейдегі төраға-қазының өзі заңды бұзған судьяны қорғамаққа тырысқандығы жайында да фактілер кездесті. Әрине, мен түсінемін, судьяны жан-жақты қорғауымыз қажет. Дегенмен ол үшін біз ең алдымен қатарымызды тазалауымыз және өз әріптестерімізге қатаң болуымыз керек. Сондай-ақ сот жүйесінде дәлме-дәл шешімдерді қажет ететін мәселелер де аз емес», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Судьялар жаңа құқықтық кеңістік шеңберінде жұмыс істеуге әзір болғаны азбал
Қазылар құрылтайы барысында Мемлекет басшысы келешек көкжиекке көз жүгірте отырып, ғаламдық құқықтық кеңістіктегі эволюция мәселелеріне де тоқталды. Осындай ғаламдық эволюция тұрғысынан қазақстандық дамуға да назар аударған Елбасы ұлттық сот жүйесінің даму перспективасына да тоқталып, өзінің бұл бағыттағы ойларымен бөлісті. «Біріншіден, сот қызметіне қатысты заңнамалық іс жүргізу нормаларын жетілдірген маңызды. Қазірдің өзінде Қылмыстық, Азаматтық іс жүргізу кодекстерінің жобалары ұзақ уақыт бойы мұқият әзірленді. Онда соттардың жаңа құзыреті қамтылды, сот өндірісінің жаңа жеңілдетілген тәртібі енді. Онда қылмыс заңнамасын одан әрі де ізгілендіру қамтылып отыр. Ал бұл кодекстерді уақтылы қабылдау соттардың жедел қызмет етуінде жаңа көкжиектерді аша түседі», – деген Елбасы Үкіметке Жоғарғы сотпен бірлесіп, жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеуге кірісуді тапсырды. «Азаматтық істі қарау тәртібі процесс тараптары үшін ыңғайлы, жедел, заманауи технологияларды қолдануға әрі кеңінен пайдалануға бағдарланған болуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы елеген екінші мәселе – сот өндірісін жетілдіре түсу. Бұнда негізгі әңгіме әкімшілік әділет реформасы туралы болып отыр. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мұның әкімшілік реформаның бір бөлігі ретінде жүргізілуі тиістігін пайымдайды. «Әділет әкімшілігі жүйесін енгізуде еш асықпау керек. Өйткені біздің шенеуніктігіміз де, қарым-қатынасымыз да басқа елдерге қарағанда өзгеше. Тіпті құқықтық тәрбие, мәдениетіміз де өзімізге қажетті, өркениеттілікке сай деңгейде емес. Сондықтан да бұл мәселеде басқаның тәжірибесін зерделейік, солардың тозығын тастап, озығын алайық», – деді Н. Назарбаев. Бұдан басқа Мемлекет басшысы соттағы медиация мәселесіне де мән бере сөйледі. Бұл ретте Елбасы медиация туралы заңнаманың жетілмегенін айтып, соның өзі дау-дамайды соттан тыс институттар арқылы реттеуге тұсау болып отырғанын жеткізді. «Биылғы жылы медиация құралын пайдалану арқылы қаралған істер тек 1 пайызды ғана құрайды. Отандық заңнаманы халықаралық стандарттарға жақындатайық. Бұл сот жүйесіне оң ықпал етеді, судьяларға түсетін ауыртпашылықты азайтады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Және бір маңызды мәселе – халықтың қалың жігіне әділ сот төрелігінің қолжетімділігін қамту. Осыған байланысты Мемлекет басшысы соттық дау-дамайлардың толыққандылығын қамтамасыз етудің тетігі ретінде сот үдерістерінің электрондық тіркелімін жаппай енгізудің қажеттігін атап өтті. «Бірінші инстанциядағы барлық соттарды бейнеконференция жүйелерімен қамтамасыз ету қажет. Бұл сот төрелігін қашықтық режимінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сосын сотқа берілетін шағымға қатысты кез келген формальды талаптарды жою керек», – деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, бұндай мәселе әсіресе халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарауда маңызды. «Соттардың заңдағы олқылықты пайдаланып, қандай да бір болмашыны сылтау етіп өтініштерді қабылдаудан бас тартуға құқы да, құлқы да болмауы шарт. Судья – бұл барлық мемлекеттік қызметкер секілді ең алдымен халыққа қызмет етеді. Олардың тікелей міндеті – азаматтардың құқы мен міндетін қорғау жолында барлығын жасау», – деді Мемлекет басшысы.
Қазы – халықтың ожданы
Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы судья қызметіндегі сенімділік пен жауапкершіліктің маңызды рөл атқаратынына да тоқталған болатын. «Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Бұл үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал әрі әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жаратын болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді, айыпкер де заң бұзғанда зауал бар екенін түсінеді. Біз мәңгілік ел боламыз деп кемел мемлекетті көздеген халықпыз. Тарихымызда тұңғыш рет Тәуелсіздік алып, өз жолымызды межелеп, өз болашағымызға ұмтылған елміз. Ал сот төрелігінің әділдігі мен оның шешімінің толыққанды орындалуы кез келген елдің кемел болмысы болып саналады», – деді Елбасы. Бұл ретте Мемлекет басшысы сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес екенін, оны үздіксіз жетілдіріп отырудың қажеттігін айтып, осы бағытта жұмыстың жалғасатынына да тоқталды. Сондай ұлы мұраттар жолында судьялардан әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етілетінін де атап өтті. «Халықтың да, мемлекеттің де талабы – осы. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған, ең тұрақты қоғам. Біздің мақсатымыз да – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан -2050» стратегиясының басты межелерінің бірі де – осы. Ендеше, айқын міндет пен белгілі бағыт бойынша өздеріңізге жүктелген міндетпен адал қызмет ететіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ қызмет пен әділ төрелік әр уақытта серік болсын», – деп түйіндеді сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.