Шошқаға арналған дәрі егілген: Түркістандағы 300 қойдың қырылу себебі белгілі болды
Ветеринарлық дәріхана бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.
Алдымен жануарларда диарея басталған. Ветеринарлық дәріхана сатушысының кеңесімен сатып алынған дәріден кейін қойлар жаппай қырылып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Фармацевт ұнтақтың арзанға түсетінін, дәрілік препаратты 10 литр суға ерітіп, 5-10 грамнан беру керектігін айтты. Мен бәрін сол айтқандай істедім. Бәрі жақсы болады деп ойладым. Бірақ кешкі оннан кейін сұмдық болды, 320 бас қой қырылып қалды», - деді Самат Қадыров.
Шаруа оқиғадан кейін полицияға да, мал дәрігерлеріне де хабарласқан.
«Барлығы бұл шошқа мен тауыққа арналған дәрі дейді, қойлар екі еселенген дозадан қырылған. Өлекселер сараптамаға алынатынын айтты. Бірақ, бізде әлі күнге дейін жануарлардың дәл осы препараттан қырылғаны туралы ешқандай дәлел мен сараптама жоқ»,-дейді шаруа.
Ветеринарлық дәріхана бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.
Зертхана мамандары алдымен жануарларды ветеринарға көрсетіп, содан кейін ғана маман нұсқауымен дәрі-дәрмек сатып алынуы керек дейді.
«Мал иесі бұл дәрі-дәрмекті өз қаражаты есебінен тәуелсіз зертхана зерттеуіне жібере алады. Біз өз тарапымыздан сараптамаға жібердік. Нәтиже 9 күннен кейін болады»,- деді Түркістан облысы ветеринария қызметі басшысының орынбасары Әлмет Оразбеков.