Соңғы үш жылда синтетикалық есірткі қолдану 2,5 есе өскен – ІІМ
Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы депутат Мади Ахметов мәлімдеді. Оның сөзінше, республикада 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен.
«Оның себебі, жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Оған тапсырыс беру әріп танып, Telegram-ның тілін білгенге еш қиындық тудырмайды. Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн төлемдері арқылы тауарды «байланыссыз», бір-бірімен кездеспей саудалау жолға қойылған. Сондай-ақ, соңғы кезде «курьер, закладчик» ретінде жасөспірімдерді жұмысқа тарту жиілеуде, олар өздерін заманауи тілмен «кладмен, минер» деп атайды. Әлеуметтік желіде тәжірибені қажет етпейтін, тиімді жұмыс кестесін, жоғары жалақыны, тіпті «мансаптық өсуді» ұсынған хабарламалар самсып тұр. Қазіргі қиын жағдайда тығырыққа тірелген жастарды аптасына 150-200 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі қызықтырмай қоймасы анық. Нәтижесінде «кладмендер мен минерлер» жауапқа тартылып, темір тордың артында отыр, ал есірткі саудалаушылар көлеңкеде қалып, бостандықта жүр», − дейді депутат.