солтүстік Қазақстанда екі спорт кешенінің құрылысы былтырдан бері тоқтап тұр. Қос нысанды салуға бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Тендерді ұтып алған мердігерлер өз міндеттерін орындауға асығар емес. Екі құрылыс компаниясына қатысты қозғалған сот ісі қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БҰРЫНҒЫ БАСШЫЛАР «САҚАЛДЫ» ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫРЫП КЕТТІ
Құрылысы тоқтап қалған нысандар Айыртау және Есіл аудандарында орналасқан. Жуырда аталған екі аудан әкімі Дархан Әмрин мен Алтынбек Абдоллаев «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға арналып салынған үйлердің сапасын дұрыс қадағаламағаны үшін қызметтен босатылған еді. Екеуі де соңынан «сақалды» құрылыс қалдырып кетті.
Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы дене шынықыру-сауықтыру кешенінің алғашқы қазығы 2019 жылдың қыркүйегінде қағылған. Құрысшылар созбаққа салып жүріп бір жылда ғимараттың бірер қабырғасын ғана көтерген. Кейін жұмыс мүлде тоқтап қалыпты.
«Құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанына біраз уақыт болды. Көшенің сиқын кетіріп тұр. Спорт кешенінің іргетасы қаланғанда қуанып ек. Шаттығымыз ұзаққа бармады. Балалар мәдениет үйінде, спорт залдарда жаттығады. Кешен салынса, спортпен шұғылдануға жағдай да болар еді», - дейді Саумалкөл ауылының тұрғыны.
МЕРДІГЕРГЕ ҚАТЫСТЫ СОТ ІСІ ҚОЗҒАЛДЫ
Бас мердігер «Севимсталькон» компаниясы. Серіктестік басшысы Сұлтанбек Газдиев байланысқа шықпайды. Аудандық құрылыс басқармасының басшысы мердігермен сотта кездесетінін айтып отыр. Аталмыш компания соттың шешімімен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құқығынан айырылған. Сондықтан жақында серіктестікпен келісімшартты бұзуға өтінім берілген.
«Заңгер тиісті құжаттарды әзірлеп, сотқа шағымдандық. Қазір процесс жүріп жатыр. Жауапсыз мердігерге қатысты шешімді құзырлы орган қабылдайды. Компания лицензиясынан айрылды. Басшысы мүлде байланысқа шықпайды. Бастапқыда пандемия болғандықтан құрылыс уақытылы аяқталмай жатқанын айтқан. Нысанды тапсыратын екінші мерзім де өтіп кетті», - дейді Айыртау аудандық архитектура және құрылыс бөлімінің жетекшісі Ербол Әбдульманов.
Жоба құны 350 млн теңге. Ғимараттың ауданы 2 мың шаршы метр. Кешенде волейбол, футбол, теннис сынды тағы басқа спорт түрлерінен бірнеше жаттығу залы болуы тиіс еді. Құрылыстың тоқтап тұрғанына осымен 8 ай. Материалдар шашылып жатқан алаңды арамшөп басып кеткен.
«Фирманың тракторларын, құрылыс материалдарын күзетемін. Дәнекерлеу аппараттары да осында жатыр. Кран болған, оны алып кетті. Бастапқыда жалақымды уақытылы төлейтін. Жыл басынан еңбегіме ақша төленген жоқ. Жауапкершілік алған соң, сырттан қарап жүремін. Алаңда бақылау камерасы да бар. Бірақ ол бүкіл аумақты қамти алмайды», - дейді күзетші Жылқайдар Өтегенов.
АЯҚСЫЗ ҚҰРЫЛЫС АУЫЛ КӨРКІН БҰЗЫП ТҰР
Есіл ауданында құрылысы басталған спорт кешенінің де жағдайы осындай. Нысанды салуға 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Тұрғындардың айтуынша, алаңда күзетшіден басқа ешкім көрінбейді. «Сақалды» құрылыс ауыл көркін бұзып тұр.
«Құрылыс 2020 жылдың сәуір айында басталған. Пандемия кесірінен жұмыс жүрмеді. Мердігер хат жазған соң, тапсыру мерзімін ұзартуға тура келді. Жаңа келісім бойынша қүрылыс жұмыстары 7-ші шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Бірақ мердігер жоспардан айтарлықтай кешігіп отыр. Бір сотқа шағымдандық. Қаржы бөлу мәселесіне келгенде ешқандай олқылықтар болған жоқ. Орындалған жұмыстардың ақысын дер кезінде аударып отырдық», - дейді Есіл аудандық архитектура және құрылыс бөлімінің бас маманы Гүлсара Әбілқасова.
Нысан алғашқы келісімге сай өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Жауапты «Петростройлюкс» компаниясының өкілі құрылыс материалдарының айтарлықтай қымбаттағаны да қолбайлау болып отырғанын айтып, сұхбат беруден бас тартты.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға 885 миллион теңге, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 2 миллиард 110 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға Аққайың, Айыртау, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарланған. Сондай-ақ, Петропавл қаласы мен Мамлют, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да осындай нысандарды салуға дайындық жүргізілуде. Саумалкөл ауылында 500 орындық стадион мен Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында 4 жабық хоккей кортын салу жоспарланған. Алайда жауапсыз мердігерлердің кесірінен кей нысандардың құрылысы тоқтап қалды.
Құрылыс жұмыстары созбаққа салынған екі ауданда да спорт кешені жоқ. Жаңа нысанның ашылар күнін әсіресе балалар асыға күтіп жүр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО