«Шөл даланың падишасы» неге азайып барады?
Ұлан-ғайыр даламыздың сәніне айналған жасыл желектің сан алуан түрі бар. Қайсысы да жанымызға жақын. Бала кезден бауыр басқанбыз. Ауылға барғанда кең далаға көз саламыз. Кейде көңіліміз пәс болып қалады. Өсімдіктің кей түрлері көз алдымызда азайып барады. Бұрын ше? Дария жағасы сыңсыған тоғай еді. Ағаштың қалың болуынан таяқ тастам жерден арыны көре алмайтын едік. Бүгін барлығы басқаша кейіпке енгендей. Тақыр дала көбірек кездеседі. Шөлді аймақтағы Сыр бойы үшін әрбір өсімдіктің орны ерекше. Шыбық шаншысаң, көгеріп шыға келетін сулы өңір емес қой. Шөлге төзімді ағаштар да бар. Мәселен, елдің арасында тораңғыл аталған ағаштың алқабы қазір сирек. Халықтың арасында ол жайында талай әңгіме айтылады. Оны «шөлді аймақтың падишасы» деп те қарайды. Аталмыш ағаш түрі күй талғамайды. Сусыз жерде де тамырын терең тарта береді. Өзге де қоршаған ортаға тигізетін пайдасы орасан.
Тораңғыл таздың шашындай неге сиреп кетті? Біз әлі күнге дейін табиғаттың сырын түсіне алмай келеміз. Даладағы әрбір дүниені өз меншігіміз көреміз. Ашкөзділік бар бойымызда. Қоршаған ортаға жан аши бермейді. Бүгінге мәзбіз. Ертеңге елең етпейміз. Тораңғыл соның зардабын тартты. Бұл ағаш отынға өте қолайлы. Даладағы тораңғыл аяусыз оталды. Балтаның өткір жүзі талай тораңғылдың тамырын қиды. Олар отын есебінде талай пеште маздап жанып жатты. Алайда оның табиғатқа зардабы өте көп еді. Өкініштісі, осындай ойды кім қаперіне іле қояды? Жаны ашымастық жарға жықты. Тораңғыл алқаптары түгесілуге таяды. Енді-енді ғана ес жинап жатқан секілдіміз. Қолды мезгілінен кеш сермегеннен не пайда? Орнын қалай толтыра аламыз енді? Дегенмен қазір де оны ойлап жүрген адамдар жоққа тән. Бірлі-жарым ғалымдар болмаса... Инемен құдық қазуға пейіл кәсіп иелері ғылыми тұрғыда еңбектер жазып жатқанын құлақ шалып қалады. Әйтсе де қағаз бетіне қатталған дүниелер далаға тораңғыл болып қайта орала қоймайды. Осындай оралымсыздық бізге бармақ шайнатты. Болмаса тораңғылдың қасиетіне бас ауыртар едік-ау. Ағаштың бұл түрі қолайсыз аймақта өседі. Көбінесе шөлді және шөлейт, құмды, тұз басқан сортаңды жерлерде кездеседі. Өзен жағасында да тамыр жая береді.
Ендеше, тораңғыл Сыр өңірі үшін ең қолайлы ағаштың бірі емес пе? Экологиялық жағдайды бастан кешіп отырған облыс үшін жасыл желекті жайқалту – басты проблеманың бірі. Алайда иен далада тақырға айналған жерлер көбейіп барады. Бұрын тораңғыл ауылға жақын жерде де жапырақ жайқалтып тұра беруші еді. Қазір кей аумақтарда тораңғылды бірнеше шақырым жол жүріп, әрең дегенде көруге мәжбүр болдық. Ғалымдардың айтуынша, ілгеріде бұл ағаш облыстың кез келген ауданында сыңсып тұратын. Бүгінгі күні оны тек әңгіме есебінде ғана айтудан әріге бара алмайсың. Тораңғыл Жаңақорған ауданында көбірек көзге ұшырасады. Қалған аудандарда мүлдем сиреп қалған. Бас шайқайтын жайт-ақ...
Тораңғыл тұзды және шөлді жерде қоршаған ортаға өз пайдасын тигізеді. Ол табиғи жағдайда көктеп кете береді. Жапырағы да мол ағаш. Ауаның құбылмалы мінезіне де қарамайды. Желдің күшіне де төтеп береді. Ылғалды көп қажет етпейді. Қыстың қатал мінезі де оған ешқандай қиын емес. Ағаш ылғалды аз буландырады. Тамыр жүйесі жақсы дамыған, жерасты суынан нәр алады екен. Олардың түбінде судың жиналып қалатынын талай мәрте көргенбіз. Ғалымдар 25 литрге дейін су жиналатынын тілге тиек етеді.
Оразхан Айдаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Осыдан екі-үш жыл бұрын біздің университет ғалымдары Жаңақорған және Шиелі аудандарына барып қайтты. Біз, негізінен, қоршаған ортаны қорғау тақырыбында зерттеу жасаған едік. Тораңғыл ағашын да көзден таса етпедік. Бұл тұрғыда проблема көп екеніне көзіміз жетті. Оның азайып кетуіне түрлі себеп бар. Тораңғылдың шаруашылықта маңызы бар. Оны құрылыс материалы ретінде пайдаланады. Сондай-ақ қайсыбір жылдардағы құрғақшылықтан дария бойындағы тоғайлар өртке оранып кетті. Кейбір шаруашылық иелері жаңа жерлер ашу үшін қолдан от қойған кезеңі де болды. Айналып келгенде, ол тораңғылдың еліміздің «Қызыл кітабына» енуіне алып келді. Қазір облыста құмды тоқтату мақсатында сексеуіл егуге көңіл бөлініп отыр. Дегенмен тораңғыл алқабын қайта қалпына келтіруге мән берілер емес.
Сыр өңірінің сәніне айналған тораңғыл осылайша құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Дала төсінде жайқала өскен бұл ағаш түрін қашан қамқорлыққа аламыз? Өкінішке қарай, бұл бағытта ешқандай бағдарлама жасалып жатқан жоқ.
Өркениетті елдерде жайқала өскен жасыл желекті көздің қарашығындай сақтауға баса назар аударылады. Біз қолдағы барды бағалай білмейміз. Осының салдарынан кезінде көрсең көз тоятын сан алуан жасыл желек жамылған даламыз жалаң тартып барады. Өсімдіктің көптеген түрі азайып, барлығы дерлік «Қызыл кітаптың» төрінен орын алды. Осылай кете берсе, келешекте қазақтың көп жері құлазыған далаға айналып кетуі ғажап емес...