6 желтоқсанда Қазы ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Борлы көлінен жоғалған 26 жылқының өлексесі табылды. Павлодар облысында даладан жоғалған 26 жылқы табылды. Барлығы суға түсіп, қатып қалған, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ресми мәліметке сәйкес, Аққұлы аудандық полиция бөлімшесіне шаруа қожалығының басшысы арызданып, Қазы ауылынан 10 шақырым жерде жүрген 26 жылқының жоғалғанын айтқан. Бас кезінде малды өзі іздеп көрген. Алайда таба алмаған. Содан полициядан көмек сұраған.
"Полицияның жеке құрамы бірден жылқыны іздеуге кірісті. Көрші аудандарға да хабар берілді. Құқық қорғаушылар бірнеше мобильді топқа бөлініп, жақын жердегі жайылымдарды тінтіп шықты. Шаруа қожалықтары мен фермаларды да аралады. Куәгерлерден жауап алынды. Шамамен 20 полицей төрт көлікпен далада жоғалған малды іздеді", - дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы Тасқын Бодиев. 
Оның айтуынша, 6 желтоқсанда Қазы ауылынан 15 шақырым жердегі Борлы көлінен 26 жылқының өлексесі табылған. Барлығы суға түсіп, қатып қалған.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында 69 жылқының өлексесі табылды 
Осыған байланысты құқық қорғаушылар малды қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды. Ондайда мал ұрлығы да болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, полицейлер малға ен салып отыруға кеңес берді. Ал үй жануарлары жоғалған жағдайда бірден "102" нөміріне хабарласу қажет.