Қазақстанға Қытайдан сиыр еті деген атаумен шошқа еті әкелініп отырған. Бұл туралы «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының өкілі Гүлжазира Нұралбаева «Экспресс-К» газетіне берген сұхбатында мәлім етті.
Доңыз етін сиыр етіне ұқсас етіп дайындау үшін оны сиыр етінің қоспасы араластырып жасалған арнайы ерітіндіде екі сағаттай ұстаса жетеді екен. Егер бұл ерітіндіге шошқа еті салынса, оның дәмі де, түсі де сиырдың етінен еш айырмашылығы болмай қалатын көрінеді. Мұны тек генетика деңгейіндегі терең сараптама ғана анықтай алады. Осылайша «жалған халал» өнім экспортқа шығарылып отырған. «Қазір бізде Қазақстанға осындай ет әкелініп жатыр деген ақпарат бар. Мұны, негізінен, Алматыдағы кәуап сататын дәмхана мен мейрамханалар сатып алады. Ал ондай өнім базарда сатыла ма, жоқ па – ол жағы маған белгісіз. Бірақ Алматыда арзан кәуап сататын асханалардың көбейіп кетуі – осы жалған сиыр етінің әкелінуінен бе? – деп қаласың», – дейді Г.Нұралбаева. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін сиыр еті деп түрлі химикаттармен өңделген доңыз етін жеп келе жатқанын қазақстандықтар білмейді екен. Маманның айтуынша, әзірге осындай «жалған халал» бойынша қауымдастыққа ешкім шағымданып келмеген.
Гүлжазира НҰРАЛБАЕВА, «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының өкілі:
– Сонымен бірге бізге Қытайдан жасанды тауық жұмыртқалары әкелініп жатқаны белгілі. Онда желатиннен басқа табиғи зат жоқ, оның өзіне шошқаның майын қосады. Бұл жасанды жұмыртқаны тауықтың жұмыртқасынан айыру өте қиын. Осындай тауарды шекарада тексеру мүмкін емес, өйткені құжат бойынша сиырдың жас еті мен тауықтың жұмыртқасы деп көрсетілген. Ветеринарлық дәрігердің өзі арнайы зертхананың көмегінсіз өнімнің табиғи екендігін анық айта алмайды. Сондықтан бұл мәселені ертерек қолға алып, кешенді шаралар жүргізуіміз қажет.
Сиыр еті деп шошқа етін жеп келіппіз
Последние статьи автора