Құрбымның үйінде қонақта отырғанмын. Аяғын енді ғана апыл-тапыл басып, жүре бастаған баласы есіктен кіргенімен, екі қолын жайған күйі маған қарай құстай ұшты. Кенет сүрініп кетті де, «ойбу» дегенімізше болған жоқ, қақ маңдайымен жер сүзе құлады. Қанға сіңген қазақылықпен «тұсауы кесілмеген бала ғой мынау» дей беріп ем, құрбымның өңі өзгеріп, сұқ саусағымен «тыныш» деген белгі берді. «Бұл – біздің үйдегі дертті тақырып», – деді.
Қаулаған өрттің шығуына бір тал сіріңкенің шағылуы жеткілікті екенін есте ұстасақ, кейде бір болмашы нәрсе ойламаған жерден үлкен дауға апаруы әбден мүмкін. Құрбымның үйіндегі жағдай соған мысал. «Жасына толып, тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесейік» деудің соңы бұл отбасында кәдімгі ұрыс-керіске ұласып, сәл болмағанда, тіпті шаңырақтың шайқалуына шақ қалған. Себеп – отағасы, яғни, құрбымның күйеуі оны «Құдайға серік қосу – ширк» деп біледі. Ал оның анасы, қазақы дәстүрді ұстанушы адам ретінде, «баланың тұсауын кесу керек» деп санайды. Ең қиын соққан бір адам болса, ол – келін, яғни менің құрбым. Неге? Себебі мұсылман әйелі ретінде еріне қарсы, «оның несі айып, ол қазақтың салты емес пе?» деп айтуға қақысы жоқ, алайда өзінің ұстанымы, қазақы тәрбиесі, сенімі – күйеуінің қазақы салт-дәстүрді жоққа шығаруына наразы. Екі оттың ортасында қалу деп осыны айт. Тіпті осы ретте құрбымның күйеуі өз анасына қарсы шығып, оны жаудай көріп, жылатуға дейін барған. Соңғы үкімді де өзі шығарып, «егер, осыдан ұлыма тұсаукесер жасайтын болсаңыз, сізден қол үзуге дейін барамын, айтпады демеңіз» деп, ультиматум қойған.
Бүгінде мұндай сенімдер қайшылығы – екі қазақ отбасының бірінде бар дертке айналды. «Тұсау кесу – Аллаға серік қосу», «Сәлем салу – Аллаға серік қосу», тіпті ата-баба мазарының басына белгі қоюды да соған балап жатқандар қоғамға бара-бара анық қауіп төндіруге айналғандай. Еліміздің Батыс өңіріндегі мазарларды қирату осының алғашқы белгісі іспетті. Енді осы орайда, бағамдап көрелікші, қит етсе, «ол – ширк» деп шыға келетіндер кімдер? Өздерін ислам дінін ұстанушымыз деп есептегенімен, олардың ағымы өзгеше екені даусыз, әйтпесе, мұсылман діні қай халықтың салт-дәстүріне қарсы? Осындай сауалдарды біз дінді арнайы зерттеп, Құранмен жүретін, таза діни ілімі бар ғалымдардың біріне қойып көрсек.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ, теология ғылымының докторы, профессор:
– Ширк – Аллаға ортақ қосу, ежелден қазақтың қолданысындағы «шірік» сөзі осыдан шыққан. Қазақ шірікті онсыз да жақсы білген, мәселен, «өй, шірік неме» дейді ғой. Христиандардың сиынатын орнын шіркеу деуінің астарында да осы мағына жатыр, яғни «шірік екеу» дегеннен шыққан. Міне, осының бәрін қамтып келгенде, қазақ салт-дәстүрінің ешбірінде Аллаға серік қоспаған: шілдехана, тұсаукесер, беташар – қандай салт болсын бізде ислам дінінен өрбіген. Ал нақты тұсаукесерге келсек, ол «ала жіпті аяққа байласа, бітті, бала жүріп кетеді» деп, жіпке не басқаға көзсіз сену Аллаға ортақ қосу емес. Бұл – жалпы, жаңа туған, жаңа ғана қадам басқан баласының жолы мен бағы ашылсын деп ата-ана, ел-жұртының бата беруі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «аяқтарымызды тұрақты ет» деген, яғни берік қыл деген мағынада арнайы дұғасы да бар. Тұсаукесер содан шығады. Жалпы, адамның иманды болуы үшін аяқтың беріктігі үлкен рөл ойнайды. Тура мағынасында, айталық, адамның екі аяғы сау, мықты болмаса, жасаған қадамдары да нық болмайды ғой. Жүрген қадамы нық болмаса, өмірінде де ешбір береке болмайды, діттеген мақсатына жете алмайды. Арабшада қиям дейді, ол – намаз оқып тұрғанда аяқтан тік тұру. Мешітке, қажылыққа барса да, аяқпен жүріп баратыны анық қой адамның. Сондықтан аяқ – өмірдің тірегі. Қазақ сол үшін «баланың өмірдегі тірегі мықты болсын» деген ниетпен осы тұсаукесер салтын жасайды. Ал енді бүгін келіп, қай салт-дәстүрімізге болсын «ширк» деп шыға келгендер – саляфилер, уахаббиттер, яки өздері адасушылар, ең қорқыныштысы, халықты адастырушылар. Мұндай ахуалдың етек алуы мүмкін екендігін біз мемлекетке осыдан он жылдай бұрын ескерткенбіз.
Таяуда интернетте әлдекім «Түркістан – ширкстан» деп, тыныш отырған жұрттың арасына ши жүгіртіп, отқа майды құйып жібермесі бар ма?! Ал содан келіп микроблогтар мен сайттарда қызылкеңірдек дау басталды. Ол ол ма, әлгіндей жазу бергі жағы екен, тіпті «ондай ширктің ордасын жарып тастау керек» деп санайтындар да бар деседі. Не деген қорқынышты жағдай! Ау, сонда жазықсыз жандар қырылмай ма?! «Ширк» деушілер шектен шығып кеткені емей, немене енді бұл?!
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
–Жалпы, соңғы кездері біз ұлттық салт-дәстүрімізді, сол арқылы ұлттық келбетімізді жоғалтып барамыз. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрін жоғалтпасақ, ұлт ретінде көрінер едік қой. Бұл жалпы талқылауға жатпайтын дүние болуы тиіс, себебі салтты сақтау – ұлттық борыш.Оның адам өмірінде пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Баланың үлкен адам болып қалыптасуында, тұлға ретінде өз ұлтына пайда әкелуінде осы әдет-ғұрыптың тигізер пайдасы мол. Мысалы, баланың тұсауын елге сыйлы, адал, қадірлі адамға кестіреді ғой. Соның өзі адам өмірінде үлкен рөл ойнайды. Қазір медицинаның өзі осындай тылсым сырларды зерттеп, нақтылап отыр. Ал енді иманды-имансыз, бесік көрген қыз, есік көрген қыз деген де бар қазақта. Айталық, бесік көрген қыз тойында именіп, бір әдемі сүйсінерлік келбет көрсетсе, ал есік көрген қыз болса жан-жағына ыржалақтай күліп, «мен бұл жұртқа енді келіп тұрмын-ау, мені ел-жұрт сынайды-ау» деген ойдан мүлдем ада кейпін танытады. Міне, осындай ежелден әдепті, мәдениетті, көргенді, иманды елдің ұрпағымыз. Сондықтан қай салтымыздың болсын иманға қайшы тұсы жоқ.
Соңғы кездері сәлем салуды да «ширк» деп шығатындар пайда болды. Бұл әрі-беріден алғанда, нағыз әдеп пен әдеттің ең биік, ең көркем үлгісі емес пе?! Себебі беташарды халқымыз жаңа түскен келінді қайын жұртымен таныстыру, үлкенін сыйлап, кішісіне ізет білдіру үшін, әуелі кімнің кім екенін таныту мақсатында жасайды. Әйтпесе күні ертең келіні қайын ата, қайын ене, не қайын ағасының жолын кесіп, тайраңдап өте шықпасына кім кепіл?! Бұрын бұла өскен қыз болса, енді ол келін – бір шаңырақтың беткеұстары. Әлеуметтік статусы өзгеріп отыр. Қайта өзінің қайын жұртына сәлем салуды ар санаған, иілмеген келін тәкаппар саналмай ма?! Дінде де ең бірінші шарт деп ата-ананы құрметтеу, тіпті бір ауыз «туһ» деп қарсы шықпауды айтады емес пе?! Ең ауыр күнә жасаған адамның өзіне тәубаға келу үшін не істеу керек дегенде, Пайғамбарымыздың хадистерінде «қолыңнан келгенше анаңа, анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» дегенін ешкім жоққа шығармас.
Тобықтай түйін
Қасиетті Құран Кәрімнің «Хұжрат» сүресінде «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік» деген аят бар. Ендеше, әлгіндей салт-дәстүріміз біздің ұлттық ерекшелігіміз емес пе?! Оны жоққа шығарудың артында «қазақ ұлтын бір-біріне қарсы қоюға, сол арқылы біздің ұлттық санамыздан ажырауымызға» мүдделі топ жатқаны даусыз. Оның дәлелі – мінеки, сүттей ұйыған бір отбасының ортасына шоқ болып түсу. Бұл басы ғана ма деп қорқамын...