«Қазгидромет» РМК алдағы көктем мезгіліне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.
«Маусымдық ауа райы болжамы, қаралып отырған маусым үшін климаттық шамалардан (норма) ауытқу (аномалия) түрінде көрсетілген орташа метеорологиялық параметрлердің (ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері) сипаттамасын білдіреді.
2022 жылғы 15 ақпанда Қазгидромет көктемге арналған маусымдық болжамның пилоттық жобасын үш айға бөле отырып шығарды. Бұдан әрі, маусымдық болжам жылына алты рет жасалатын болады: жылы жарты жылдыққа арналған 1 болжам, суық жарты жылдыққа арналған 1 болжам. Олар өзара, Қазақстан Республикасының 14 облысы бойынша, қыс, көктем, жаз және күзге арналған, тоқсандық болжаммен нақтыланатын болады», - делінген хабарламада.
Сонымен маусымдық болжам:
- 15 ақпан күні көктемге (наурыз-мамыр);
- 15 наурызда жылы кезеңге (сәуір-қазан);
- 15 мамыр күні жазға (маусым-тамыз);
- 15 тамызда күзге (қыркүйек-қараша);
- қазанның 15-і суық кезеңге (қараша-наурыз);
- 15 қарашада болса қысқа (желтоқсан-ақпан).
Көктемде ауа температурасының оң аномалиясы бар күндер көбірек болады деп болжануда. Мәселен, наурыз айында ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтіліп отыр.
«Ал сәуір айында еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында болса, норма шамасында.
Алайда, көктемгі ауа райы қысқы тосынсыйлар тудыруы мүмкін. Себебі өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз. Осылайша, суық ауа массаларының ағындары кезінде, қарлы боран көбінесе солтүстік аймақтарда, ал арктикалық антициклондардың кіруімен оңтүстік аймақтарда аяз болуы мүмкін.
Мамыр айында республиканың басым бөлігінде, ауаның орташа айлық температурасы көп жылдық нормаға жуық болады деп күтілуде. Алайда бірқатар облыстарда мамыр күндері ауа температурасы климаттық нормадан 1°С төмен болады деп болжануда. Әсіресе, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде. Бұл Сібірдің аудандарынан суық ауа массаларының ағып кетуіне байланысты болады деп болжануда», - деп жазады синоптиктер.
Наурыз айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжануда.
Ал сәуірде жауын-шашын мөлшері, республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болмақ.
Мамыр айында болса, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады деп болжанады.