Шекарашылар контрабанда деректерін әшкереледі
Қазақстан – Ресей шекарасында 20 тонна металл сынығын тиеген жүк көлігі тұтылды. Ресей азаматы ешқандай құжаты жоқ жүкті Ақтөбе облысының аумағынан заңсыз алып шықпақ болған.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі мамандарының хабарлауынша, «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі «Әлімбет авто» өткізу-бақылау бекетінде ұсталды. Оның жүгі контрабандалық тауар деп танылды. Қазақстандық шекарашылар өткен демалыс күндері контрабанданың басқа да деректерін әшкереледі. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы «Сарыағаш» теміржол шекаралық бақылау бекетінің наряды Қазақстаннан Өзбекстанға бағыт алған жолаушылар пойызынан 20 л спирт пен 22 келі кондитерлік өнімді тапты. Жүктің құжаттары түгілі, иесі де болмай шықты. Бұл дерек бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалын жүргізуге кірісті. Ал қызылордалық шекарашылар сөмкесінде 10 келі героині бар азаматты қолға түсірді. 1976 жылғы ер адам Қырғыз Республикасының азаматы екен.