Талдықорған қаласында тілінде кемістігі бар 140 бала жаңадан ашылған қосымша балабақшада тәрбиеленетін болады. №2 балабақшаның жанынан салынған қосалқы ғимарат сақау сәбилерге осындай мүмкіндік туғызып отыр.
Бұл ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 283,6 млн теңге бөлінген. Талдықорғандық «Шымыр» компаниясы аталған жұмысты қысқа мерзім ішінде тиянақты атқарып шықты. Тілінің мүкістігі бар балаларға арналып ашылғаны ескеріліп, тағы 11 млн теңгеге материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Енді мұнда балалар үшін музыка және спорт залдары, бассейн, психолог, логопед тағы басқа кабинеттер жұмыс істейтін болады.
Қосымша ғимараттың ашылуы нәтижесінде балабақша сыйымдылығы бұрынғыға қарағанда 140-қа артып, қазір 265 орынға жетіп отыр. Соған сәйкес қажетті 28 маман балабақшадан тұрақты жұмыс таппақшы.
Балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Аңсар Мұсаханов айтулы мерекеге орай ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, облыс бойынша өткен екі жыл ішінде төрт үлкен балабақша жаңадан салынса, 68 мектепке дейінгі мекеме күрделі жөндеуден өткен. «Балапан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған мұндай шаралар биыл да жалғасып, 1,5 млрд теңгеге атқарылатын жұмыстар нәтижесінде 15 бүлдіршіндер үйі жаңа келбетке ие болады деп күтілуде.
Сақау балаларды әрі тәрбиелейді, әрі емдейді
Последние статьи автора