Кейбір аудан әкімдерінің парақшасы тіркелгенімен, жүйелі түрде жүргізілмейді, кері байланыс жоқ деуге болады.
Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына әлеуметтік желіде белсенділіктерін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Осыған қатысты өткен жиында аудан әкімдері мен басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі белсенділігі, тұрғындармен кері байланысы бойынша жүргізілген талдау қорытындысы таныстырылды.
- Кейбір аудан әкімдерінің парақшасы тіркелгенімен, жүйелі түрде жүргізілмейді, кері байланыс жоқ деуге болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының наразылығын тудыратыны сөзсіз.
Мәселен, Меркі ауданының әкімі жыл басынан бері фейсбукта бірде-бір пост салмаған. Жуалы ауданының әкімінің инстаграмдағы парақшасы жабық, яғни жалпыға қолжетімсіз, фейсбукта ешқандай жазба жарияламаған. Сарысу ауданы әкімінің инстаграм, фейсбукте парақшалары жыл басынан бері мүлде жүргізілмейді. Т. Рысқұлов ауданында да өзекті мәселелер бойынша нәтижелі кері байланыс орнатылып, нақты жауаптар ұйымдастырылмаған.
Түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен Қорағаты ауылында жер даулары туындаған,- деген баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы мұндай кемшілік басқарма басшыларына да қатысты екенін жеткізді.
Сондай-ақ, баяндамашы барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларын инстаграм және фейсбук парақшаларының болу керектігін әрі олардың сапалы жүргізілуін, кейбір аудандар мен басқармаларда баспасөз хатшыларына арнайы штаттың қарастырылмағанын, басым бөлігінің мардымсыз жалақы алатындарын атап өтіп, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
- Мемлекет басшысы халықпен тиімді кері байланыс орнатуға айрықша назар аударуда. Ал, біз жергілікті жерде бұған қаншалықты мән беріп отырмыз? Әлеуметтік желілермен жұмыс жүйелі жүргізілсе, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша уақытылы шара қабылдай аласыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы талдау ай сайын тұрақты түрде жүргізіліп отырмақ. Облыс басшысы мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алды. Барлық ұсыныстарды қолдайтынын айтқан аймақ басшысы, жұмыстарды жүйелеу үшін бір ай уақыт беріп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.