Отандық мамандардың есебінше, 1000 текше метр газ 2 тонна көмірді алмастыра алады екен. Яғни экологиялық тазалығы мен қаржылық тиімділігі жағынан жылыту саласында бүгіндері газдан артық отын болмай тұр. Тіпті соңғы кездері қалалық жер үйлер арасында орталық жылу жүйесінен шығып, газға жаппай көшу тұрғысындағы құбылыс кеңінен етек алған. Міне, халықтың осындай ауқымды көлемдегі сұранысы мен әлеуметтік қажеттілігі былтыр жыл соңында елімізде «Газ және газбен қамту туралы» заң жобасының дайындалуына түрткі болған. Бұл заң таяуда Сенаттың кезекті отырысында толықтай мақұлданып, қабылданып та үлгерді.
Құқықтық құжат өзімізде өндірілетін газбен қамтуға басымдық береді
Негізінен, келесі дүйсенбіден бастап өз күшіне енетін аталған заң еліміздің жылу-энергетикалық балансындағы газбен тұтынушылардың кең ауқымын үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасау үшін энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік мақсатында әзірленген. Әсіресе ел қажеттілігіне өзімізде өндірілетін ілеспе газды тиімді пайдалануға жағдай жасау үшін. Заң жобасы әзірлену барысында мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев оған былайша мінездеме берген-тұғын: «Бұл заң жобасы Үкіметпен белгіленетін ұлттық оператор қызметі үшін іргетас болады. Өз кезегінде бұл компанияға елдің ішкі сұранысын қамтамасыз ету үшін тауар түріндегі және шикі газды сатып алу мемлекеттік құқығын жүзеге асыру міндеттеледі».
Естеріңізге сала кетелік, кезінде Үкімет газ саласы бойынша 2004-2010 жылдарға арналған даму бағдарламасын қабылдаған болатын. Алайда көбіне бағдарламада қамтылып, межеленген мақсаттар игерілмей қалды. Сол кездегі халық қалаулыларының пайымдауынша, арнайы заңсыз, нақтыланған нормативтерсіз, алға қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін бекітілген экономикалық әдіс-тәсілдерсіз бұл бағдарламаның бағы жанып кетуі екіталай еді. Осы жағынан алғанда, «Газ және газбен қамту туралы» заң жобасын қабылдауға Үкімет үлкен дайындықпен келіп отыр.
Елбасымыз былтырғы халыққа Жолдауында: «Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім.
Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту; халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын», – деді. Осыған сәйкес, Үкімет өткен жылы 2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасын қабылдады. Онда күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерді қалыпқа келтіру жұмыстары, ел аймақтарын ауызсумен қатар, газбен қамтамасыз ету концепциясы түзілген. Ал бұл істің құқықтық құжатына қайта оралар болсақ, онда көзге ерекше түсетіні – өңірлерді газбен қамтамасыз етудің бас сызбасы.
Жалпы, бүгіндері еліміздің 14 облысының тоғызы газбен қамтылған, онда да толығымен емес. Бүкіл оңтүстік өңір қажетті кезде тасымалы шектеліп отыратын өзбек газын тұтынады. Әлі де аталған облысты қамту ісі жалғастығын тауып жатыр. Мәселен, үстіміздегі жылы бұл бағытқа републикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлініп, 21 елді мекенге табиғи газ тартылған. Ал жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 231-ге артпақшы.
Батыраш МАХАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
– 2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, осы облыстың 900 елді мекені (40%) табиғи газбен, 35% – сұйытылған газбен, 25% көмірмен қамтылды. Ал жылдың аяғына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының шамамен 1 миллион тұрғыны табиғи газға қол жеткізбекші.
Болашаққа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес, бірінші кезеңі аяқталу шегіне жеткен, әлі де салынып жатқан Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры 2014 жылдан соң оңтүстіктің өзбек экспортынан арылуына мүмкіндік береді. Жалпы ұзындығы 1475 шақырымды қамтитын бұл газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағы бойынша өтеді. Яғни бұл құбыр толығымен іске қосылған да, аталған аймақтардың газ мәселесі өздігінен шешілетін болады. Сол секілді Қазақстанның солтүстігі мен орталығын байланыстырып, кейін Астанадан Қостанайға дейін созылатын газ құбыры жобасы да бар. Солтүстік өңірдің нұсқасындағы газ құбырының құрылысы 2040 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ауқымды жоба бойынша табиғи газбен төрт облысты қамту көзделуде. Қысымы жоғары 820 мм құбыр арқылы көгілдір отын еліміздің солтүстік өңірлеріне толықтай жеткізілетін болады. Мыңдаған шақырымға тартылатын газ таратқыштың пайдасын өңіріміздің 360 елді мекенінің 400 мыңнан астам тұрғыны көрмек. Мұның бәрі жоғарыда аталған заң шеңберіндегі бас сызбада нақтыланған.
Аймақтарды газбен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Премьер-министрдің өзі: «Газ саясатына қатысты жұмыс аяқталу шегінде. 2012-2014 жылдардың бюджетімен аймақтардың газ жүйесін құру мәселесін толықтай шешеміз деген ойдамын», – деді.
Автономды газбен қамту тәсілін де сынақта қолданып жатырмыз
Жалпылай алғанда, газдандырудан жырақта қалатын бірден-бір өңір – Қазақстанның шығысы. Бұл ретте мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Елді мекендер арасындағы қашықтық пен халықтың тығыздығын ескеретін болсақ, газ құбырларын тарту экономикалық жағынан қаншалықты пайдалы – мәселе сонда. Экологиялық шығындарды есептегеннің өзінде, сол аймақтарда өндірілетін көмірді қолдану әлдеқайда арзан», – дейді. Яғни бұл батыстан газ тасымалдағанша, Екібастұздың, Абыралының көмірін неге пайдалана бермеске деген ой.
Дегенмен отандық мамандар бұл тығырықтан шығудың жолы барын да айтады. Мәселен, кезінде отандық мамандар Ресей мен Батыс Еуропада пайдаланылып жүрген автономды газбен қамту әдісін пайдалануды ұсынған еді. Тіпті осы негізде табиғи газбен қамту мүмкін болмайтын аймақтарда тұрғындарды сұйылтылған газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Мұндай газ тек ас әзірлеу үшін ғана емес, үйді жылыту, су ысытуға пайдаланылады. Жеке тұрғын үйлерді сұйылтылған газбен жабдықтау жобасының негізіне топтық газгольдер құрылысы немесе әр үйге жеке газголь орнату енгізілген. Алдын ала есептеулер көрсеткендей, сұйылтылған газды жеке тұрғын үйлерде пайдалану көмірге қарағанда экологиялық жағынан таза, ал сұйық отынға қарағанда арзанға түседі. Сұйылтылған газ әлеуетін пайдалану 2011-2012 жылдары сынақ түрінде Ақмола облысының 10 мың тұрғыны бар Жібек жолы кентінде іске асырылмақшы. Алғашқы жобаның қорытындысына қарап, табиғи газға қол жеткізе алмайтын аймақтарда қолға алынады.
Ал газ саясатының қаржылық жағына келетін болсақ, «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетте жыл сайын алыс елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мақсатына 13,5 млрд теңге бөлінбекші» деп көрсетілгенін еске сала кетелік.
Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Егер қазір қалалық жерлердегі көмірмен жұмыс істеп тұрған жылу және электр желілері газға көшетін болса, бұл, ең алдымен, экологиялық жағынан өте тиімді болады әрі тұтынушылар үшін мұндай қызмет тарифі екі есеге арзанға түседі. Бұл – бір. Екіншіден, заңда ұлттық операторға басымдық беріледі деп көрсетіледі. Осы жағынан алғанда, газды тарту жұмысы жеке компаниялардың емес, мемлекеттің меншігіне, қадағалауына өтсе деген тілек бар. Мысалы, Алматының елді мекендерінде газ құбырын тартуға 400 мың теңге сұрайды. Ал мұндай ақшаны ауыл-аймақтағылар төлей алмайды. Сондықтан бұл қызмет түрі мемлекеттің қарауына өтсе, төлем арзандай ма деген ой бар. Үшіншіден, бірден ондай соманы төлеу кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан оны бөліп төлеу немесе депозиттік құрал деген секілді бір амалдарды ойлап табу керек секілді. Төртіншіден, еліміз қолға алып отырған газ саясаты соңына дейін жеткізілсе, бұл еліміздің экологиялық жағынан халықаралық көрсеткішін едәуір арттырар еді. Бесіншіден, ол халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатып, әлеуметтік жағдайын жақсартып, өмір сапасының әлемдік рейтингіндегі көрсеткішін арттырады. Осы жағынан алғанда, Үкіметтің қолға алып отырған газ саясаты халықтың көптен бері мазалап жүрген әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің бірін шешіп береді деп санаймын.