Салық төлеуге салғырт қарапты
Атырауда жекелеген компаниялар салық органына тіркеліп, төлем жасауды «ұмыт қалдырған». Соның кесірінен бүгінде облыстық бюджетке 63 млн теңге қаражат түспей отыр. Жүргізілген тексеру нәтижелері аймақтағы НКОК секілді алпауыт компаниялардағы жобаларды жүзеге асыру кезінде еңбек еткен шетелдік мамандардың салық органдарында тіркелмегенін анықтады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында «Ерсай Каспиан Контрактор», «Ллойдс Реджистер Қазақстан», «Стандарт Сервис», «ЭенерТек», «Райм Групп», «Сайпем Қазақстан», «Тоцци СудС.п.А» компаниялары мұнайлы мекенге шетелдік жұмыс күштерін әкелген. Белгіленген заңдылыққа сәйкес, салық төлемдері заңды тұлғаның немесе оның құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жерінде төленуі тиіс болғанымен, аталған мекемелер жұмыстарын Атырауда жасай отырып, салықты басқа облыстың қазынасына қотарыпты. Нәтижесінде жергілікті бюджеттің жоспары орындалмай отыр. Облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл Рзағұловадан білгеніміздей, жеке адамдардан түскен салықтар жергілікті бюджет түсімдерінің 69 пайызын құрайды. Қазынаға түскен қаржы денсаулық сақтау, білім беру секілді басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға бөлінеді. Алайда жоғарыда аталған мекемелерден бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың арасында да заңсыз жұмыс жасап жатқандар бар болып шықты.
– Атырау облысының аумағында көмірсутек шикізатын барлаумен және өндірумен айналысатын «КоЖан», «Кольжан Ойл», «АбиПетролем Кэпитал», «Астана ойл Компани», «Матен Петролеум», «Самек Интернешнл», «Экогонефтегаз», «Равнинное Ойл» компаниялары қаржылық-шаруашылық қызметтерін облыстық салық департаментіне тіркеусіз атқарып келгендері анықталды, – дейді А.Рзағұлова.
Кен орындарын игеру кезінде болатын кері әсерлердің жергілікті халыққа тигізер залалы аз емес. Экология мәселесін жылы жауып қойған компаниялардың енді экономикаға да салқын қабақ танытуын қалай түсінсек болады?