Кеше Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов 85 жасқа келді. Соған орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде салтанатты жиын өтті. Бар өмірін әскери қызметке арнаған Сағадат Қожахметұлы мен ардагер генералдар бастап келген қонақтар мәңгілік алауға гүл қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір сәт еске алды. Өз кезегінде еліміздің қорғаныс саласындағы оқу орындарының курсанттары әскери шеру өткізіп, генералға құрмет көрсетті.
Салтанатты жиыннан кейін мерейтойға арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды. Онда әскери институт курсанттары мен қызметкерлері әнмен шашу шашып, қонақтар Халық қаһарманына арналған жылы лебіздерін білдірді.
Өмір жолында С.Нұрмағанбетов 60-тан астам медальмен марапатталған. Оны тек біздің ел азаматтары емес, басқа одақтас мемлекеттердің барлығы ардақ тұтады. Қазақстан тұңғыш қорғаныс министрі Ресейдің «Достық», Украинаның «Богдан Хмельницкий» және «Құрмет», Польшаның «Алтын крест» сияқты ордендерімен марапатталған. Оның соғыс тақырыбына жазған мақала, естеліктері кейінгі буынды отаншылдыққа үйретуге үлкен септігін тигізуде.
Кеште С.Нұрмағанбетовтiң өмірі мен ерлік істерін баяндаған бейнекөріністер көрсетілді. Оны әскери институттардың курсанттары мен офицерлері мерейтойға арнайы дайындаған екен. Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев сенаторлардың құттықтауын жеткізіп, той иесінің иығына қазақ салты бойынша шапан жапты. «Сіздің ерліктеріңізді ұрпақ еш уақытта ұмытпайды. Сіз Отан, адамзат алдында үлкен өнеге көрсеттіңіз. Сіздей батыр тұлғасы бар елдің намысы ешқашан мұқалмайды», – деді ол.
Сағадат Нұрмағанбетов 85 жасқа толды
Последние статьи автора