Рок-н-ролл жайлы қазақша хабар
Рок-н-ролл қазақ тілінде сөйлейтін болды. Tengri FM радиосы қазақ тіліндегі жаңа бағдарламаны жарыққа шығарады.
«Рок-н-ролдың жырын айт» деп аталатын хабар рок-н-ролл тарихын, жанрдың ерекшеліктерін, дәстүрлер сабақтастығын қазақтілді ортаға түсіндіре отырып, таза музыка тыңдармандарының қатарын көбейтуді мақсат етеді. Алғашқы хабар ақпанның 19-ы күні жиілікке шығады. Рок музыка әлеміне қатысты хабарды қазақстандық рок-н-ролдың жас өкілі, «Алдаспан» тобының электрдомбырашысы, әрі вокалисі Шамшаддин Омаров жүргізеді. Жоба идеясының авторы – радионың эфир редакторы Шоқан Оразаев. Бес минуттық танымдық-музыкалық бағдарламаны сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 10:40-та тыңдай аламыз. Tengrinews.kz порталының нақтылауынша, хабардың бісмілләсі ХХ ғасырдың 20-жылдары танымал болған «қара блюз» туралы болмақ.
Шоқан Оразаев, Tengri FM радиосының эфир редакторы:
– Бейімбет Майлиннің «Коллективтің жырын айт» деген өлеңі бар ғой. Ол ұжымдастырудың уағызы жайлы айтса, біз осыны рок-н-ролл тақырыбына қатысты қолданып отырмыз. Хабарда рок-н-ролл туралы барлық нәрсені қазақ тілінде айтатын боламыз. Музыка жайлы қазақша айту десе, көпшіліктің ойына халық музыкасы, поп-музыка, эстрада, той әндері, фонограммамен орындалатын Шәмші әндерінің концерті оралады. Жоқ, бұл хабар – тек қана рок-н-ролл жайында. Ол әлемдік музыкаға, ұлы өнерге саяхат сияқты бағдарлама болады. Батыстан, Америкадан бері қарай, блюз, блюздің рок пен джазға айналуы, джаз бен роктың Америкаға баруы, басқа да елдердің рок музыкасы тағы басқа ерекшеліктер жайлы баяндалады. Батыс пен Шығыс мәдениетіндегі тарихи-рухани байланыстар жайында да айтқымыз келеді.