Алматы облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаменті сауда орындарындағы азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін тексеріп, нақты мониторинг жүргізуді күшейте бастады.
«Бұл алыс-жақын шетелдерден тасымалданатын кейбір өнім түрлерінің талапқа сай болмауына байланысты» дейді мұндағы мамандар. Департамент қызметкерлері сүт өнімдерінен – 16, ет өнімдерінен – 18, арақ-шарапқа байланысты 10 сынама алып, зертханада арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде консервіленген жылқы етінен шошқаның ДНҚ-сы анықталса, тұшпаралардан ішек таяқшалары шыққан.
Бұлар Ресей мен Қырғызстаннан әкелінген өнімдер. Ерғали Сыдыманов, облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы: - Осы өнімдердің барлығын қазір сатуға рұқсат бермеу үшін өзіміздің тұжырымдамаларымызды бердік. Бұл заттарды шығарылған мекемелерге қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру әрі қарай жалғаса береді.