Қызылжарда қазақтілді балабақша ашылды
Қызылжарлық бүлдіршіндер үшін жаңа жылан жылы жақсы жаңалықтармен басталды. Қалада қазақ тілінде тәрбие беретін 320 орындық балабақша пайдалануға берілді. Мемлекеттік тілдегі сәбилер үйіне өзге ұлт өкілдері де балаларын таласып-тармасып беріп жатыр.
Білім бөлімінің соңғы таратқан мәліметтерінде шамамен 9 мыңдай бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұрғаны айтылған. «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы жылдары салынған мектепке дейінгі мекемелер болмағанда, бұл сан одан да көбірек болар еді. Аталмыш бағдарлама қабылданғанға дейін облыста сәбилердің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 62 пайыз болатын. Бүгінде барлық баланың 86 пайызы барып жүр екен. Билік 2015 жылы кезек мүлдем болмайтынын айтып сендіруде.
Соңғы ашылған 320 орындық «Алтын бесік» балабақшасы жаңа жылға жақсы тарту болды. Қызылжарда бұған дейін тек мемлекеттік тілде ғана тәрбие беретін жалғыз бүлдіршіндер үйі болатын. Енді екеуге жетті. Бір қуантарлығы, қазақ балабақшасына өзге ұлт өкілдері де балаларын беріп жатыр. Тізім бойынша қабылданған 320 баланың 70 шақтысы – өзге этнос өкілдері. Демек, олардың тілдері қазақша шығады деген сөз.
Жаңа балабақшаның лентасын қиған облыс әкімі Серік Біләлов мектепке дейінгі білім беруге соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Жалпы, білім саласына бөлінген қаржының көлемі де ұлғайып отыр екен. Мысалы, білімге бөлінген 36 миллиард теңге алдыңғы жылғыдан 9 пайызға артық. Демек, қаржы жаңа балабақшалар салуға, ескілерін жөндеуге мүмкіндік беріп отыр. Тек сол ақшаны тиімді және мақсатты пайдалана білу қажет.