Қызылордада трактор құрастырылды
Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығына арналған «Байқоңыр» тракторы құрастырылды. Оны Украинаның «Бердинсксельмаш» компаниясымен қазақ-украин бірлескен «Арал АзовАгромаш» кәсіпорны жасап шығарды.
Бүгінгі күнге дейін аталмыш кәсіпорын ЖРВ-5, ЖВП-4,9 күріш және шөп оратын жаткаларын құрастырып шығарған еді. Ендігі кезекте өндіріс ауқымын кеңейтіп, трактор жасау ісіне де ден қойылып отыр. Трактор жасау сербиялық кәсіпкерлермен бірге қолға алынған. Мұндай көліктер облыс үшін өте қажетті саналады. Өйткені Қызылорда облысында жылына 157 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде 70 мың гектары – басты дақылы – күріш. Сондықтан трактор жасау ісі аймақтың тыныс-тіршілігіне оң өзгерістер енгізеді деп күтілуде.
Сербияның Белград трактор зауытының бас директоры Зоран Радославлиевичтің айтуынша, Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде құрастырылып жатқан ауыл шаруашылығы техникалары алдағы уақытта өз тұтынушыларын табады деген сенім бар.