Қызылорда облысында орта білім беру ұйымдарында 112 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Олардың барлығы жұмыстан босатылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Facebook парақшасында жазды.
"Біз облыстық деңгейде жыл сайын педагогтарды аттестациялау барысында мұғалімдердің портфолиоға жалған құжаттарды салатынын анықтаймыз. Әсіресе күмән келтіретін құжаттарды (сертификат, грамота) ұлттық біліктілік тестілеудің түпнұсқаға сәйкестігін нақтылау ісін ашық жүргізіп, заңбұзушылықты дер кезінде өзіміз анықтаймыз.
Мәселен, былтыр қаңтар-маусым айларында аттестаттау комиссиясы 863 құжатты қарап, 24 мұғалімнен жалған құжатты байқадық. Ал шілде-желтоқсан аралығында 587 құжат қарап, 14 мұғалім түпнұсқаны дәлелдей алмады. Алайда, әрбір педагогтан түсініктеме алып, жалақыға үстеме төленбеді. Бюджетке шығын келтірмедік", - деп жазды Ақзира Қасымова.
Облыстық білім басқармасы басшысы кәсіпті игермей, дипломды қолдан жасап жүргендер білім беру қызметкерлерінің абыройына нұқсан келтіретінін айтты.
"Жоғары оқу орындарына сұрау салу мониторингі нәтижесінде облыс бойынша жалған дипломмен 112 дерегі анықталған. Ол бойынша құзырлы органға ұсыныс жолданды", - деді Қасымова.
Полицейлер жалған диплом жасау мен пайдалануға қатысты бірқатар қылмыстық істердің бар екенін айтты. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Қылмыстық істер бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегілер.