Ел аумағындағы суқоймалардың әрбір бесіншісінің техникалық жағдайы мәз емес. 30-40 жыл бұрын салынған бөгеттер жөндеуді қажет етеді. Кеше Астанада «Қазақстан Республикасындағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбымен өткен ұлттық кеңесте көңілді күпті қылатын осындай мазасыз деректер айтылды.
Қызылағаш қасіретінен кейін суқоймалардың жағдайына байланысты қандай да бір жайсыз сөз шыға қалса, арқамыз мұздайтыны жасырын емес. Өйткені дәл осы нысандарға қатысты «апат айтып келмейді» деудің еш жөні жоқ. Олай дейтініміз, мұндай нысандардың техникалық жағдайы бақылаушы органдарға, одан қала берді иелік етіп отырған қожайындарына әу бастан белгілі. Бірақ сөйте тұра, жауапты адамдардың салғырттығынан немесе дер кезінде қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілмеуі себебінен орны толмайтын апаттарға ұрынып жатамыз.
Жә, бұл – өз алдына жеке әңгіме. Біздің бүгін назар аударғымыз келген мәселе мынау: Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, еліміздегі су шаруашылығы нысандарының техникалық ахуалын саралап шығыпты. Тексеру нәтижесі әрбір бесінші суқойманың техникалық жағдайы қанағаттанарлық күйде еместігін көрсеткен.
Бұндай хәлге жеткізген басты себептердің бірі – гидротехникалық нысандарды жөндеу, күшейту және қалпына келтіру, тиісті деңгейде ұстап тұру шығыстарының мардымсыздығы болса керек. Су ресурстары жөніндегі комитеттің бас сарапшысы Жұмабек Мұхатовтың сөзіне сенсек, республикалық бюджеттен осындай мақсатқа жылына бөлінетін 3,5-15 миллиард теңге қаражат жеткіліксіз. «Тек мемлекеттік су шаруашылығы нысандарының кезек күттірмейтін қайта жөндеу жұмыстарының өзіне 52,7 миллиард теңге қажет», – дейді сарапшы. Ол – ол ма, еліміздің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру және қайта құру шараларына 2010 жыл мен 2020 жылдар аралығында 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажет болатын көрінеді.
Осындай деректерге қарап отырып, «су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігі туралы жеке заң қажет» деген пікір орынды ма дерсіз.
Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі туралы жеке заң мәселені шеше ме?
Жеке заң қажеттігі туралы пікірді осы кеңестің басында сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев айтқан еді. «Су ресурстары жөніндегі комитет 2008 жылы «Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі туралы» заң жобасын дайындады. Бірақ заңжобалау жұмыстары жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдарын қаперге ала отырып, жеке заң қабылдаудың қисынсыздығы турасында шешім қабылдағандықтан, заң жобасының ережелері 2009 жылы қабылданған Су кодексіне түзетулер түрінде енгізілді», – дейді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, соңғы екі жылдағы тәжірибе осы мәселе бойынша жеке заң қабылдау мүмкіндігін қайта қарау қажеттігін алға тартып отыр.
Өзіміздікі болмаса, БҰҰ-ның үлгісі бар
«Іздегенге сұраған» дегендей-ақ, гидротехникалық қауіпсіздік мәселесіне арналған заңның халықаралық сарапшылар әзірлеген жобасы да бар екен. Осындай заң жобасының үлгісін БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы Орталық Азия елдеріне ұсынып отыр.
Бу Либерт, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының қоршаған орта, баспана мәселесі және жер пайдалану бөлімінің өңірлік кеңесшісі:
– «Орталық Азиядағы плотиналардың қауіпсіздігі: өңірлік ынтымақтастықтағы әлеует құру» жобасының бір бағыты – бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы ұлттық әлеуетті күшейту. Себебі Орталық Азия елдерінде заңнама жеткіліксіз дамыған. Соған орай, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі туралы заңның үлгісін жасаған. Осы үлгіні Орталық Азия елдері өздерінің ұлттық заңнамаларын дамытудың негізі ретінде пайдалана алар еді.
Түйін
Негізі, қаржы жеткілікті бөлінсе, ал оның шашау шықпауын қадағалаушы органның қарауылы қырағы, жөндеу жұмыстарын жүргізушілері өз ісіне тиянақты болып, бәрі жиылып келгенде бір ғана мақсатты – гидротехникалық нысанның қауіпсіздігі мен елдің игілігін ойласа, ешқандай жеке заңсыз-ақ іс бітіп жатар еді. Бірақ өкінішке қарай, олай емес. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» секілді, қомақты қаржының иісі шыққан жерде мың жерден мінсіз, жеке заң тұрса да, ақша жымқырылып, су аяғы құрдымға тіреліп жататыны өтірік емес. Сондықтан мәселенің бәрі көп жағдайда жеке заңда емес, жекелеген адамдардың ар-ұяты мен заңға мойынсалдығында ма дейміз.