Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылының шаруалары көктемгі егіс жұмыстарын әлі бастаған жоқ. Оған судың бірден 400 пайызға қымбаттауы себеп болып отыр.
Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назхановтың сөзіне қарағанда, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мен Бартоғай суқоймасын пайдалану жөніндегі басқарма басшылығы өткен сәуір айының 1-інен бастап егістікке арналған суды еш себепсіз бірден төрт есеге қымбаттатқан. Дәлірек айтқанда, бұған дейін 10 тиынға бағаланған судың текше метрі қазір 40 тиын тұрады. Судың қымбаттауына наразылық білдірген шаруа қожалықтары ақы төлеуден бас тартыпты. Соның салдарынан көктемгі егіс науқаны кешеуілдегенімен қоймай, былтыр 2000 гектардан астам аумаққа отырғызылған алма және жүзім бақтары мен көпжылдық өсімдіктердің қурап кету қаупі төніп тұр.
Тимур НАЗХАНОВ, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Биыл шаруалар барлық алқапқа соя, жүгері мен көкөністер отырғызуды жоспарлаған. Ол үшін егістік жерлер сәуірдің 1-і мен мамыр айының 1-і аралығында суарылып, тұқым себуге дайындалуы тиіс еді. Алайда судың жоқтығынан жұмыс әлі тоқтап тұр. Бұл қажетті тұқымдар мен тыңайтқыштарды ерте бастан сатып алған Шелек елді мекенінің шаруаларына ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да үлкен шығын әкеледі.
Мұрат Жексембинов, «Мұхит Медет» ЖШС құрылтайшысы:
– Соңғы бес жылда бір ғана Шелек ауылында 738 шаруа қожалығы ашылған болатын. Бірақ кірістен гөрі шығынның көбеюіне байланысты олардың 80 пайызы жабылып қалды. Бүгінде бар болғаны 150 шаруа қожалығы жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда су бағасының күрт көтерілуі олардың да жабылуына әкеліп соқтырары сөзсіз.