Еліміздегі кез келген қорық өзіндік ерекшелігімен, табиғи сұлулығымен бағалы. Мәселен, «Алматы» қорығы таулы-жыралы Іле Алатауының бай табиғатымен тамсандырса, «Үстірт» қорығы – шөлді аймақ. Сондай-ақ әр қорықтың жанама атауы тағы бар. «Барсакелместі» «Аңыз-абыз» десе, «Алматы» қорығын – «Әнші тау мекені», «Үстіртті» «Үстірт-шөл» деп те атайды. Ал біз әңгімеге арқау еткелі отырған «Қорғалжын» қорығы «Құс базары» деген қосымша атауға ие.
Осынау аймақта қорық ұйымдастырудың өзіндік үлкен себебі бар. Көктемде осы су торабы арқылы Каспий теңізі жағалауында, Пәкістан мен Үндістанда және Солтүстік Африкада қыстап шыққан жыл құстарының солтүстікке қарай ұшу жолы өтеді. Сәуір, мамыр айларында Қорғалжын мен Теңіз көлдерін су құстары мекендейді... «Мұнда ұя салатын құстардан гөрі мамырлауға келген құстар саны анағұрлым көп болады», – дейді қорықшылар. «Ал құстардың лек-легімен солай қарай ойысқан шағында айқайлап сөйлеспесеңіз, дәл қасыңда тұрған адамның сөзін есту мүмкін емес. Көбіне құстарды шошытып алмайық деп ыммен түсінісуімізге тура келеді». Қорықшылардың осынау әңгімесінен кейін «кім қойса да, «құс базары» дегенді тауып қойған екен» деген ой келеді.
«Қорғалжын» мемлекеттік қорығы Ақмоланың оңтүстік-батыс жағында 140 шақырымдай жердегі Қорғалжын көлінің оңтүстік жағалауын алып жатыр. Қорықтың бүгінгі жер көлемі – 183, 7 мың гектар.
Сол сияқты бұл өңірде аққу сияқты құстардың азайып бара жатқаны байқалады. Қорық қызметкерлерінің жүргізген есебіне қарағанда, мұнда 1971 жылы – 7, 1972 жылы – 168, 1975 жылы 236 жұп аққу кездесіпті. Ал қазір сол аққудан санаулысы-ақ қалыпты. Көбіне жұбынан айырылған аққулар өз басын өлімге тігіп, я өзге жаққа ұшып кететін көрінеді.
Соңғы жылдары Қорғалжын көлінің суы тайызданып, ұсақ сулар кеуіп кеткен. Кейбір тұстарында қамыс-құрақ та сиреп, табаны құрғап қалып жатыр. Мұның өзі құстардың азаюына әкеп соқтыруда. Мысалы, 1958 жылы Қорғалжын, Теңіз бассейнінде қоқиқаздың саны 45-50 мыңдап саналса, 70-жылдары ол 10 мыңға дейін азайып кетіпті. Ал қазір соның жартысына жетер-жетпес қана қоқиқаз қалған.
Қазіргі таңда «Қорғалжын» қорығындағы ең басты проблема – көлдерді сумен қамтамасыз ету және қайта қалпына келтіру мәселесі. Нұра және Құланөтпес өзендерінің бойынан мыңдаған гектар шабындық жерді суландыру үшін көптеген бөгеттер салынғандығы мәлім. Ал бұл жағдай көктемде Қорғалжын көліне су жеткізбеуде. Бүгінде көл суы тартылып, бірнеше бөлек шалшыққа айналған. «Қорғалжын» қорығының негізгі объектісі су байлықтары болғандықтан, ол өте-мөте қорғауды қажет етеді. Сондықтан қорық көлдеріне құятын өзен-көлдерді бөгемеуі тиіс. Аққу мен қоқиқаз, көкқұтан мен бірқазандарды сақтап қалу үшін Қорғалжынға келіп құятын су көздерінің маңызы зор. Егер бар күш-жігерімізді, қажыр-қайратымызды табиғатты аялауға арнамасақ, құс базары – «Қорғалжын» қорығынан айырылып қалуымыз әбден мүмкін.