Әдетте, «Күй – қазақтың жаны» дейміз. Ал Құрманғазыны күй атасы ретінде танимыз. Оған негіз де жоқ емес. Құрманғазы – адамзат мәдениетіне күй атты теңдессіз мұра қосқан қазақ халқының аса көрнекті күйші-композиторы.
Шығармаларына күллі дәуір тынысын арқау еткен ол – өз кезеңінің ұлы күрескері де. Исатай мен Махамбет көтерілісіне арнап шығарған ең алғашқы «Кішкентай» күйінен бастап, «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Көбік шашқан», «Бұқтым-бұқтым», «Қайран шешем», «Кедей зары», «Қызыл қайың – Серпер», «Адай», «Сарыарқа» тәрізді күйлерінің қай-қайсысы да – Құрманғазының замана қасіретін, қоғам шындығын жан-жүрегі мен ақыл-ой тезінен өткізе білгендігінің айғағы. Жалпы, Құрманғазы шығармашылығы қазақтың болмысымен, арман-ойымен тікелей астасып жатыр. Ал көрнекті музыка білгірлерінің күйші шеберлігіне қатысты пікірі «Құрманғазының шығармашылығы мен орындаушылығын әлі күнге дейін ешбір күйші қайталай алған емес» дегенге саяды. «Құрманғазының орындаушылығы қандай еді?» – деген сауалға орай шәкірті Дина: «Домбыраны қайысша илейтін», – деп жауап берген екен. Ал Құрманғазының өзі болса, «Менің оң қолымды, Динаның сол қолын бір адамға берсе, шіркін!» деп арман еткен екен. Әрине, Құрманғазының көп күйі бізге Динаның арқасында жетті. Дегенмен сол Динаның да: «Кейбір күйлерін өз дәрежесінде жеткізе алмадым», – деп ағынан жарылғаны бар. Мұның бәрі Құрманғазының сирек кездесетін музыкалық дарынды жан болғандығын көрсетеді. XIX ғасырдағы орыс журналисі Никита Савичев айтпақшы, егер еуропалық білім алғанда, ол музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді. Кезінде Ахмет Жұбанов та Құрманғазының күйлерін оркестрге түсірсе, оның кез келгені симфониялық шығарма ретінде тыңдалатынына еш күмәнданбаған.
Қысқасы, Құрманғазы – басқа күйлерін былай қойғанда, бір ғана «Сарыарқасының» өзі күллі қазақтың паспортына айналған ұлы тұлға. Ал оның өмірі, адами бет-бейнесі, қуаныш-күйініші хақында біз не білеміз? Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Құрманғазыны ең алғаш зерттеп, мұраларын жинақтау ісіне мейлінше ден қойған Ахмет Жұбанов екен. Ол кісі батыс өңіріндегі көнекөз күйшілердің көпшілігіне жолығып, Құрманғазы күйлерінің шығу тарихын тәптіштеп жазып кеткен. Алайда күйші-композитордың өмірі ауызекі айтылған әңгімелерге құрылғандықтан, нақты деректер жоқтың қасы. Тұрмыс тауқыметін жастайынан тартып, бала кезінен байдың малын бағуға мәжбүр болған жарлы жігіттің ұлы күйші деңгейіне көтерілу аралығындағы өсу, өрлеу, кемелдену кезеңі мүлде бұлыңғыр. Отбасы, ұрпағы, туған-туысы жөніндегі мәлімет те жоқтың қасы. Өмірбаянының бізге белгілі беттеріне үңілгенде байқайтынымыз – Құрманғазының үнемі қуғын-сүргінде болып, түрмеден-түрмеге түскені. «Сонда не үшін қудаланған?» дегенде: «Үстем тап өкілдері «ұры», «бұзақы», «ел арасына іріткі салушы» деп айыптаған. Құрманғазының жүрген жерінде Исатай мен Махамбетке қатысты әңгімелер айтып, оларға арнап шығарған күйін тартатынын ұнатпаған» дегендей нанымсыздау уәждер айтылады. Ал Құрманғазы болса өзінің 73 жылдық ғұмырының жартысынан көбін абақтыда өткізеді, шығады, қайта ұсталады, ақталады, қайта қуғындалады. Осы деректерді хронологиялық тұрғыда тізбелеп айтатынымыз болмаса, біз күйші өміріндегі әрбір оқиғаның жай-жапсарына, себеп-салдарына жіті үңіле бермейміз. Әйтпесе Құрманғазының туған топырағы мен айдауда, қамауда болған жерлерін аралап, яғни Орынбор, Орда, Астрахань абақтыларының мұрағаттарын іздестіруге әбден болар еді. Алайда музыкатанушы ғалымдар қаражат тапшылығына байланысты бұған мүмкіншіліктің жоқ екендігін айтады. Бірақ ең бастысы – «осыны қолға алу қажет-ау» деген бастамашы топтың да болмай жүргені анық. Соның есебінен ұлы күйшіге қатысты бүкіл әңгіме естушісін ертегідей елітеді. Содан да «арқасында тайдың жалындай жалы болған», «сақалы белуарына дейін жететіндіктен, домбыра тартқанда, оны қолына орап алатын», сондай-ақ, «Құрманғазының ақындығы, мергендігі мен палуандығы да керемет-тұғын» деген тәріздес сөздер де аңыз бен ақиқаттың арасында қалып отыр.
Мұның сыртында Құрманғазы бейнесінің кино мен көркем әдебиетте, деректану ғылымында, бейнелеу мен мүсін өнерінде кейіптелу жағы да кемшін соғып жатыр. Яғни күйшінің өмірі мен шығармашылығына қатысты энциклопедиялық жинақтар, көркем шығармалар, көркем және деректі фильмдер, күйлерінің тақырыбы бойынша салынған картиналардың саны да, сапасы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын «Құрманғазы» атты деректі фильм түсірген режиссер Сатыбалды Нарымбетов: «Ұрпақтарын таба алмадық. Өміріне қатысты мардымды деректер де жоқ болып шықты. Ақыры фантазияға сүйеніп, Құрманғазыны тек образдар арқылы ашуға тура келді», – дейді.
Бір пікір
Кәрима САҚАРБАЕВА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық музыкасы факультетінің деканы:
– Құрманғазы мұрасын насихаттауға жұмыла кіріскеніміз жөн. Мысалы, теледидардан ұлы күйші мұрасы жөнінде тұрақты хабарлар беріліп отырса, күйлері түгелімен радио, теледидар қорына дәулескер күйшілердің орындауында жазылса, халық аспаптары оркестріне түсірілсе, лекция, концерттер жиі беріліп тұрса, болашақ ұрпаққа жетер еді. Жалпы, Құрманғазы күйлерінен жыл сайын жеке концерт ұйымдастырып, жиі насихаттап тұрған абзал.
Біздің орындалмай жүрген бір арманымыз – консерваторияның алдында Құрманғазының ескерткіші тұрғызылса дейміз...
Түйін
Тағы бір таңғаларлық жайт, композитор есімін иеленген білдей бір консерватория, атағы дардай оркестр бар Алматыда Құрманғазыға тұрғызылған бірде-бір ескерткіш жоқ. Күйші ескерткіші бүкіл Қазақстан бойынша тек бір ғана Атырау қаласында тұр. Ал Астраханьдағы ескерткішін қайсыбір жылы Елбасымыздың өзі бас болып барып ашып қайтқандығы есімізде. Күллі қазақ «күй атасы» деп танитын Құрманғазыға мейлі Алматыдан, мейлі Астанадан, тіпті еліміздің әрбір ірі қалаларынан бір емес, ондаған ескерткіш тұрғызсақ та, артықтық етпес еді. Өкінішке қарай, бізде әзірге ондай ниет болмай тұр. Айналып келгенде, осының барлығы Құрманғазыдай ұлы тұлғаны ұрпағының танып-білуіне мейлінше кедергі болуда...