Исламдағы қос мейрамның бірі – Құрбан айт Қызылжарға қуанышын ала келді. Діни мереке қарсаңында облыста үш бірдей жаңа мешіт ашылды. Аллаһ үйлерінің салынуына ауылдан шыққан кәсіпкерлер демеушілік жасапты.
Қызылжар өңірінің қазағы барлық тұрғындарының 30 пайызынан аспаса да мешіттерінің саны 30-дан асып жығылды. Биылғы Құрбан айт тағы қуанышқа кенелтті. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында 300 кісі сыятын аудандық мешіт ашылды.
Сырымбет ЕСЕНҒАЛИЕВ, кәсіпкер:
– Мешіттің құрылысына 60 миллион теңге жұмсалды. Қаржының 4 пайыздайын жергілікті тұрғындар жинап берді. Қалғанын өзім шығардым. Осынау еңселі ғимаратты серіктестіктің күшімен салып шықтық. Ауласын абаттандыру, оған 30 түп қарағай мен шырша егу жұмыстары да таяуда аяқталды. Көптің қолдауының арқасында Құрбан айт мейрамында ашуға қол жеткізіп отырмыз.
Тағы екі мешіт Шал ақын ауданына қарасты Ақсу және Жаңажол ауылдарында салынды. Ақсуда бұрын мешіт болған. Бірақ 1926 жылы салынған Аллаһ үйінің ғимараты кеңес өкіметі кезінде мектепке берілген болатын. Қазір оның орны да қалмаған. Енді, міне, араға 90 жылға жуық уақыт салып, жаңадан бой түзеген ғибадат үйі ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты.
Жаңажол ауылындағы мешітті кәсіпкер Бейбіт Досжанов салып берді. Жүз шақты отбасы түтін түтетіп отырған шағын ауылға мешіттің қажет екенін ақсақалдар аталмыш ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың құлағына жеткізген. Досжан шалдың немересі Бейбіт бірден іске кірісіп, төрт айдың ішінде мәнді де сәнді ғимарат тұрғызып, іші-сыртын жабдықтап берді.
Бейбіт ДОСЖАНОВ, кәсіпкер:
– Біздің қалтамыздағы қаржы, үйіміздегі байлық – бәрі бір Аллаһтың қалауымен ғана келеді. Демек, біз оны игі істерге, ислам дінін дамытуға жұмсауымыз керек. Намазға жығылып, Меккеге барып келген соң осыған көз жеткіздім. Бұл – мен қол ұшын беріп, салдыртып отырған екінші мешіт. Ендігі айтарым, ертең оның есігі құлыптаулы тұрмауы керек. Күні-түні ішінен құлшылық етуші жамағат арылмағаны жөн.
Жаңажолдағы мешіттің ашылуына Қарағанды облысының бас имамы Наурызбай Өтпенов, Көкшетау мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин және Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Қасымхан Исаев қатысты. Жамағатқа уағыз айтылып, мешітте намаз оқылды. Сөйтіп, қызылжарлық мұсылмандардың есінде биылғы Құрбан айт жаңа мешіттердің ашылуымен қалатын болды.
Құрбан айт Қызылжарға үш мешіт сыйлады
Последние статьи автора