Құнды қағаздың құнын кім ұқтырады?
Нарық заңы қатал деуші едік. Рас екен. Көп кешікпей отандық нарыққа да жеке адамдарға арналған арнайы мемлекеттік құнды қағаздар шығады. Әдетте бұл қаржы тетігін халық тек ірі кәсіпкерлік құрылымдарға ғана тиесілі деп біледі. Құнды қағаз түгілі, қарапайым ақшалай салымдарды дұрыс есептей алмай жүрген жұрт бұған әуелі үрке қарайтын шығар. Алайда өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Көштен қалмайық десек, нарық тетіктерін меңгеруге тура келеді. «Қаржылық сауатымыз құнды қағаздарды құнттауға жетер ме екен» деп кері тарта берсек, шаң қауып қала бермекпіз. Қазақ «қасқырдан қорықсаң, орманға барма» деген тәмсілді бекер айтпаған. Нарыққа бас сұқтық екен, шегінер жер жоқ.
Әлемді құрсауына алған қаржы-экономикалық дағдарысы көп елді қаржы саласында үлкен тәжірибелерге үйретуде десек артық болмас. Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі де өзіндік амал-тәсілдерді қолдануға қадам жасауда. Әрине, мұндай амалдар алдымен ел азаматтарының қаржыларын орынды жұмсап, қауіпсіз кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру болмақ.
Кешегі Үкімет отырысында қаржы министрі Болат Жәмішев мырза қарапайым халық үшін ішкі нарықтағы қаржы тетіктерін жетілдіру бағытындағы әрі жаңа, ірі, ұтымды делінген амал-тәсілін ортаға салды.
Жақын арада Қаржы министрлігі республика азаматтарына арнап 15 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік құнды қағаздар (МҚҚ) шығаруды көздеп отыр. Аталған құнды қағаздар доллар бағамымен бекітілетін болады. Жүзеге асқалы отырған жаңа қаржылық тетіктің құнды қағаздары МАОКАМ деген терминмен аталып, қаржы айналымына енетін болды. Қаржы нарығындағы әрбір қадам пайда мен зиянды әбден таразылайтыны белгілі. Аталмыш шара, жоғарыда айтып өткеніміздей, ең алдымен әдеттегідей ірі бизнес құрылымдардың емес, қарапайым азаматтардың ыңғайына қарай іске асырылып отыр. Бұл шара кіріс көлемі АҚШ долларымен есептелетін пайда көздеріне инвестиция салуға мүдделі, бірақ дәл қазіргі уақытта ақшаларын екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салуды қаламайтын азаматтарға жаңаша жол ашпақ. Министр баяндама барысында айтып өткендей, МАОКАМ құнды қағаздары қаржы айналымына екі не үш жылдық мерзімге салынады. Оның негізгі құны 10 АҚШ долларына барабар теңге көлемінде саудаға түседі. «Сол үшін де пайдасы шетелдік валютаға қарағанда төмендеу болады», – деді Болат Бидахметұлы. Әйткенмен де, қаржы министрі бұл жаңа тетіктің аса көп тәуекелді қажет етпейтін қасиеті үшін ақшасы бар азаматтар тарапынан оған деген қызығушылықтың көбірек болатынына үміті мол екенін жасырмайды. Дегенмен Қаржы министрлігі азаматтардың қызығушылығын алғашқы екі транштың қорытындысы бойынша бағаламақ. Содан кейін ғана шығарылымның түпкілікті көлемі анықталады.
Қаржы ведомствосының басшысы атап көрсеткендей, МАОКАМ-ның тиімділігі Қаржы министрлігінің ішкі нарықта орналастырған орта мерзімдік мемлекеттік құнды қағаздарының табыстылығы мен жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі валюталық салымдарының мөлшерлемелерінен құралмақшы.
Қазіргі күні қазақстандық екінші деңгейдегі банктерге екі-үш жылға АҚШ долларымен салынған салымдардың тиімділігі – жылына 7-8 пайыз көлемінде. Құнды қағаздарды пайдаланудың тәртібі туралы айтқан қаржы министрі оларды алғаш орналастырғанда тек Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке тұлғалар, ал МАОКАМ-ды екінші нарығында жеке тұлғалармен қоса, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды тұлғалардың да сатып алуларына болатынын жеткізді. Сонымен қатар қаржы министрі жаңа тетіктердің эмиссиясы оны жариялаған күннен бастап, он күн ішінде шығарылатынын құлаққағыс етті. Сондай-ақ МАОКАМ бойынша төлемдер мен қызмет көрсету барысы теңгемен, Ұлттық банктің дәл сол күнге белгілеген бағамы бойынша жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Қазірше құнды қағаздардың қашан шығарылатыны белгісіз. Техникалық тұрғыда ешқандай мәселе жоқ екенін алға тартқан министр Болат Жәмішев облигациялардың тамыз айында шығып қалуы да мүмкін екенін айтады. «Мәселе біздің құнды қағаздарды қашан шығара алатындығымызда емес, ол жағынан алаңдаудың қажеті шамалы. Негізгі мақсат – осыны ақпараттық тұрғыда халыққа толық жеткізу үшін және бағалы қағаздар туралы халық егжей-тегжейлі білуі үшін агенттерді дұрыс таңдай білуде», – дейді министр Б.Жәмішев. Аталған шараның агенттері МАОКАМ қаржы нарығына өз еркімен қатысуды қалайтын екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» болады деп күтілуде.
Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің айтуынша, бұл қадам салымдарға кепілдік беретін болады. «Әйтсе де, екінші жағынан, біз халықтың банктерде депозит ашуына кедергі келтірмеуге тиіспіз. Бұл тек жай ғана балама құрал ретінде қабылдануы қажет», – деді Үкіметбасы. Әрине, Қаржы министрлігі де қолға алынғалы отырған қадамның екінші деңгейлі банктерде ашылатын депозиттер көлемінің кемуіне апарып соғуын қаламайды. Сонымен, Үкімет отырысы барысында құнды қағаздардың шығарылуы, орналастырылуы, айналымы мен оны өтеу тәртібін айқындайтын қаулы жобасы бекітілді.
Болат ЖӘМІШЕВ, қаржы министрі:
– Қаржы дағдарысы жағдайында халықтың банктегі депозиттерге деген сенімін арттыруды ғана көздеп қоюға болмайды. Тұрғындарға жиған-тергендерін сақтауды қамтамасыз ететін жаңа қаржы тетіктерін ұсыну керек. Министрлік бірнеше ай бойы осы мақсатта жұмыс істеді. Мемлекетіміздің де мүддесіне сай келетін, азаматтарымыздың да сұранысын қанағаттандыратын қаржы тетігін іздедік.