Құлаққап адамның есту мүшесіне қалай әсер етеді? Онымен үнемі ән тыңдау мүкістікке шалдықтыра ма? Сымсыз құлаққап зиян ба? Бұл сұрақтарға оториноларинголог Мәлика Расулова жауап берді деп хабарлайды Baribar.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Маманның сөзіне сүйенсек, бұл құрал өте ыңғайлы болғанымен есту мүшесіне өте қауіпті. Дыбыс сигналы барабанға тез жетіп, саңыраулыққа ғана емес, бас ауруына да шалдықтыруы мүмкін.
Вакуум немесе құлақтың ішіне кіргізе салынатын құлаққап өте зиян. Өйткені олар есту мүшесін түгел бітеп тұрады. Құлаққаптан шыққан кез келген қатты дыбыс саңырау болып қалуыңызға әсер етуі мүмкін. Себебі құлаққапты таққанда ол есту барабанына жақын орналасқандықтан сигнал тікелей жетеді. Ал құлақтың үстін басып тұратын жапсырма құлаққаптан шыққан сигнал қысымы есту барабанына тікелей бармайды, – дейді дәрігер.
Құлақтың ішінде бұлшықет бар. Дыбыс толқыны сигнал бергенде бұлшықет жиырылады. Ал дыбыс сүйектері сигналға төтеп береді. Дыбыс сигналы 60 минуттан асса, құлақтағы бұлшықет есту мүшесін қорғай алмайды. Есту мүшесіндегі жүйкеге зақым келіп, адам құлақ мүкістігіне шалдығуы мүмкін.
Құлаққаппен күніне 2-3 сағат ән тыңдау есту мүшесіне зақым келтіреді. Бұл әрекет күнде қайталана берсе, 5 жылдан соң адамның құлағының мүкісі пайда болады. Сөйлеу дыбысы қаттылығының өлшемі – 30-35 децибел. Айқайлап сөйлеу – 60 децибел. Ал 90 децибелден асқан дыбыс сигналы өте қауіпті. Өкінішке қарай, құлаққаптан шығатын әуеннің дыбысы 90 децибелден асып кетіп жатады. Сондықтан саңырау болып қаупі өте жоғары, – дейді Мәлика Расулова.
Егер құлағыңыз дыбыстарды естімей, есту мүшесінде шу болса, міндетті түрде оториноларинголог немесе сурдолог дәрігерге қаралу қажет. Негізі 6 ай сайын аудиограмма тексерісінен өтіп, есту мүшесін суықтан, қатты дыбыстар шығатын жерлерден қорғаған жөн, – дейді дәрігер.
Сонымен, құлағыңызға зияны тимес үшін мына ережелерді сақтаңыз:
- Құлақты сыртынан басып тұратын жапсырма құлаққап таңдау қажет. Өйткені дыбыс сигналы тікелей барабанға жетпейді;
- Әнді күніне 60 минуттан артық тыңдауға болмайды. Өйткені осынша уақыттан соң есту мүшесіндегі бұлшықет демалуы қажет;
- Құлаққаптағы дыбыс 90 децибелден аспауы керек. Себебі есту барабанына зақым келеді.