Жаһанданған әлемде басқа елдермен бәсекедегі бекемдікті арттыратын Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасын қолға алғалы 2,5 жыл өтіпті. Индустрияландыруда әу бастан қалыптасқан дәстүр бар: атқарылған жұмыстың қорытындысын шығару һәм бағдарлама барысы туралы әкімдер мен Үкімет есебін тыңдау, талқылау. Тағы ерекшелік «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты ұранмен өтетін осынау индустриялық форум екі рет: жыл ортасы – жаздың шілдесінде бір, аяғы желтоқсанда қорытындыланады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын осынау шарада халықтық жобаларға жол ашылып, индустрияландыру үдерісі үдей түсетіні белгілі. Кеше дәл сондай жиын елорданың жаңа ғимараты – озық технологиямен жарақтанған «Қазмедиаорталық» теле-радио кешенінде өтті. Аймақпен телекөпір арқылы байланысқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы индустрияландыру аясындағы 12 жобаның тұсауын кесті. Жиынды ғана емес, 2,5 жылдың жұмысын қорытқан Елбасы жетістіктен гөрі кемшіліктерді баса айтып, Үкімет қаперіне қадау-қадау тапсырма жүктеді.
Индустрияландыру идеясы қолға алынғалы ұлттық экономика оң өсімге иелене бастағаны айқын. Жүзеге аса бастаған 2,5 жыл ішінде үдемелі бағдарламаның жетістігі нешік? Бақсақ, аз уақытта ел бойынша 443 жаңа өндіріс ашылып, солар экономика құрылымын өзгертуге сеп болған. Бұған дейін Қазақстанда мүлдем шықпаған 100-ден астам өнім өндірілді. Бағдарламада бекітілген индикаторлар көрсеткіші де мерзімінен бұрын орындалыпты. Мәселен, бір ғана машина жасаудағы жиынтық қосылған құн 169 пайызға артып, өндіріс көлемі 500 млрд теңгеге жеткен. Құрылыс индустриясы да осымен шамалас қарқынға ұласыпты. Нәтижесінде, қазірдің өзінде отандық құрылыс материалдарының өсім көрсеткіші 67 пайызды құраған. Химия саласында өндіріс көлемі үш есеге артса, тау-кен металлургия секторындағы өсім 49 пайызды құрады. Ендеше, осындай елеулі қарқын ұлттық дамудың бойына қан жүгіртті. Мұның дәлелі ретінде мынаны айтайық: 2,5 жылда еңбек өнімділігі өңдеуші өнеркәсіпте 32 пайызға өсіп, 300-ден астам инновациялық жобалар мемлекеттік қолдауға кенелген. Бизнесті дамыту бойынша ынталандыру шаралары қанат жайып, нәтижесінде өңделген өнім экспорты 22 млрд доллардан асты. Қазақстандық кәсіпкерлерге жасалған мемлекеттік қолдау 340 млрд теңгеден асқан. Бұл да – ілгері жылдары игерілмеген зор жетістік. Жаңадан ашылған кәсіпорындар арқасында жүздеген мың адам жұмысбасты болып, инженерлік-техникалық мамандықтарға сұраныс күшейді. Ірі, шағын һәм орта бизнестің 3500-ге тарта кәсіпорны дамудың жаңа қарқынына көтеріліпті. Осыны байқаған Doing business халықаралық рейтинг агенттігінде Қазақстанды 58 орыннан 47 орынға көтерген. Ал ағымдағы жылға келсек, алты айда Индустрияландыру картасының кәсіпорындары 300 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұған кеше тұсауы кесіліп, Президенттің пәрмен беруімен ашылған 12 жобаны қоссаңыз, дамудың даңғылын көз алдыға елестетесіз. Кешегі жиында алдымен экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев пен индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің осындай жетістіктермен көмкерілген баяндамасын тыңдаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің индустриялық жұмысын жалпы, қанағаттанарлық деп бағалады. Бұдан соң өңірлерге телекөпірмен қосылып, жаңа жобаларға батасын берген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қорытынды сөзінде жағымды жетістікті ысырып, кем-кетік кедергілер мен кемшіліктер туралы сөз қозғап, жауапты тұлғаларға қадау-қадау тапсырма жүктеді. «Баяндалғанның бәрін тыңдасақ, әрине, Үкіметтің жұмысына қанағаттанарлық баға беруге болады. индустрия және жаңа технологиялар министрі Исекешевтің үлкен шаруа тындырып жатқанын байқаймын. Осы қарқыннан таймайық. Дегенмен жетістікті қайталағым келмейді. Өйткені қанша қуансақ та кемшілік толып жатыр. Соған тоқтағым келеді», – деп сөз бастады Президент.
Индустрияландыру картасының мәртебесі артады
Мәліметке сүйенсек, 2010 жылғы индустрияландыру алғаш аяқтанған тұста 225 жоба қолға алынған болса, 2011 жылдың жартысында соның тек жартысының жұмысы ғана 60 пайызға ілгерілепті. «Әрине, мен түсінемін: кейде зауыттар өндірістің қуатқа шығуы үшін кемінде үш-бес жыл керек, алайда мынадай жобалар бір жыл бойы орнынан қозғалған емес. Сондықтан да, ең алдымен біз Индустрияландыру картасының мәртебесін арттыруымыз керек», – деді Елбасы. Яғни бұдан былай министрлер мен әкімдерде индустрияландыруға қатысты жеңіл-желпі түсіністік болмайды. Бұл үшін картаға іліккен жоба бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгінің, келешектің талаптарына жауап беріп, болашақтың сұраныс үдесінен шығуы шарт. Сондықтан да индустрияландыру басымдығына жоғары технологиялық өнім шығаратын, нақты негізге бекіген жобалар ғана ие болады. Ал түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін Президент индустрияландыру жобаларын бастапқы кезеңде ғана емес, олардың өз қуатын толық игеретін кезеңіне дейін қолдауды жүктеді. «Үкімет жобалар проблемасын ұдайы қадағаласын, ал кәсіпкерлер сондағы проблемалары туралы «дабыл қағуға» дайын тұрсын. Оның үстіне Индустрияландыру картасында қажетті жобалардың бәрі толық қамтылған жоқ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы тоқтаған екінші маңызды мәселе өңдеуші секторға инвестиция тарту болатын. «Дәл осы дағдарысты кезеңде, капитал «тынық айлақ» іздей-тұғын тұста, бізге бар ақшаны тартуды үйренген абзал. Әлемде ақша жоқ емес, қаражат көп, тек соны тарта білу керек. Сол үшін инвестор ізденісімен «Самұрық-Қазына» айналысуы тиіс», – деп кесіп айтты Елбасы. Әйтсе де инвестор тарту ісінде Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі қаржылық мүмкіндіктері мығым компанияларды ғана емес, өзімен бірге Қазақстанға жаңа технологияларды жетектей келетін компанияларды тартудың маңыздылығын атады. «Ресми сапарлар барысында ұдайы жетекші елдер басшыларымен келіссөздер жүргізіп келемін. Ынтымақтастық туралы, инвестициялар туралы құжаттарға қол қоямыз. Онда үнемі технологиялар болуы тиістігі туралы мәселе қойып жүрмін. Соңғы жылдар ішінде мен Франциямен, Германиямен, Кореямен, Индонезиямен, Малайзиямен, Түркиямен келісімдер жүргіздім, олардың барлығында жаңа технология туралы әңгіме бар. Ендеше, Үкімет әлгіндей келісімнің Қазақстанда жүзеге асуын жіті қадағалап отыруы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы елеген ендігі мәселе елімізде қызмет ететін ірі жекеменшік компаниялардың сатып алуындағы қазақстандық қамту мөлшеріне қатысты болды. Президент бастапқыда әдемі басталған көрсеткіштің, соңғы уақытта тым төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, жекелеген мекемелерге «құлаққағыс» жасады. Расында, қазақстандық қамту бойынша сатып алу ауқымы көтерілудің орнына былтырдың өзінде 5 пайызға төмендепті. Соны айта отырып, сөз арасында Елбасы мынадай мәліметті алға тартты: «ТеңізШевройл» бойынша қазақстандық қамту 4 пайыздан астамға, «Қашаған» жобасында – 2 пайыз, «Ақтөбемұнайгаз» – 1,4 пайызға төмендеген, «Қазхром» – 3,8 пайызға азайған. «Мен жекеменшік болғанына қарамастан, осы компаниялар басшыларына тағы да қайталап айтқым келеді, олар Қазақстан аумағында болғандықтан ел Президентінің талабы мен заңнамасынан асып ешқайда кете алмайды. Бұны әлгіндей компаниялармен жұмыс жасайтын министр мен әкімнің де қаперіне салғым келеді», – деген Елбасы мәселені түбегейлі өзгерту үшін «Үкіметке қажет болса, заңнамалық тетіктерді де қарастыруға» тапсырма берді.
Жаһандық индустриялық революцияны кім жүзеге асырса, сол жеңіске жетеді
2020 жылға дейінгі даму стратегиясының бірінші кезеңі осы индустрияландырумен ұштасқаны белгілі. Президент сөз арасында Үкіметке индустрияландырудың екінші кезеңіне әзірленуді жүктеді. «Қазіргі әлемде реиндустрияландыру үрдісі байқалады. Еуропа елдері өзіндік индустриялық база қалыптастырудың маңыздылығын жете түсінеді. Осыларды ескерсек, бүгінгі шақта үшінші жаһандық индустриялық революцияны кім жүзеге асырса, сол жеңіске жетеді», – деді Елбасы. Ал осынау жаһандық жеңістің тетігі – технология, инновация. Ендеше, басым бағыт бұған дейін де айқындалған. Тек соны терең зерделеу – басты шара. Осы ретте, Мемлекет басшысы алдағы уақытта өндірістің тиімділігін арттыру үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытуды, энергияға үнемшілдікті де алға тартты. Бұл үшін бүгінгі Еуропа жетістігі тағы да мысал бола алады. Мәселен, Еуроодақ өздерінде 191 млн ғимарат бар екенін санап шығыпты. Сосын олардың әрбіріне шағын электр стансыларын салуға ұмтылыс жасап отыр. «Әлемнің төртінші экономикасы саналатын Германияда тұтынылатын энергияның 22 пайызы қайта қалпына келіп, жаңартылады. Ал бізде ше? Нөл! Осы тақылеттес қадамдар жалпы экономикалық құрылымның парадигмасын өзгертеді. Біздің күн батареясы, жел стансылары туралы мәселеміз сөз жүзінде ғана. Бірде-бір қауқарлы стансы Қазақстанда жоқ», – деді Елбасы. Түйіндей келгенде, Президент Қазақстанға жоғары технологиялық өндіріске ұмтылып, әлемдік экономикадағы өзгерістерге әзір болу керектігін алға тартты. Сол үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын да, стратегиялық жоспарды да қайта қарап, жаңартып отыру керектігін алға тартты. Ендеше, осы мақсатта білім беру жүйесін, маман даярлау ісін қайта қарастырып, жаңару арқылы «баяу жақындап келе жатқан өнеркәсіптік революцияға» бейім тұрғаны ләзім. «Индустрияландырудың тиімділігін арттырамыз десек, бізге қолжетімді ресурстарды басымдық берілген бағыттардағы шектеулі жобаларға жолдау керек. Қаржыдан шашау шығара берудің жақсылығы болмайды. Иә, Құдайға шүкір, бізде қаражат баршылық. Дегенмен сол қаражатты қайда жұмсауды білген де маңызды емес пе?! Сол үшін алдағы уақытта ұдайы мониторинг жасап, бағдарламалар мен жобаларды күзеп-түзеп отырған абзал», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Бұдан бөлек, Президент алдағы уақытта көп күш өңірлерге түсетінін ескере келе, бұл бағытта да қадау-қадау міндеттерді айқындап берді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін жергілікті деңгейден бастап, орталық органдардың әбжіл қимылы қажеттігін айтып өтті. «Шағын және орта бизнестің, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыруымыз керек. Бүгінгі күні кез келген дамыған елдің экономикалық негізін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Облыс әкімдері дәл осы мәселені назарда ұстасын. Кәсіпкерге көмектесіп, оларға керек болса үйрету керек, аяқтан тұруға жәрдем, сүйеу болғаны абзал. Алайда біздің көптеген кәсіпкеріміз мемлекеттің қолдау шаралары туралы мүлдем аз біледі. Бұл – Экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Даму» қорының кемшілігі», – деген Елбасы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Айта кетерлігі, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына үш жыл бойына 80 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгеніне қарамастан, әлгі қаржы белсенді кәсіпкерлердің бар-жоғы 0,3 пайызы мен 1600-ге тарта нысанды ғана қамтыған. «Биыл микрокредиттеуге 12 млрд теңге бөлінді. Оның төрттен бірін Батыс Қазақстан облысы сұрап отыр. Қалғаны неге үнсіз екені түсініксіз. Мысалы, Қостанай облысы – 174 млн теңге, Маңғыстау – 200 млн, Алматы облысы, 273 млн теңге сұрапты. Сонда қалай? Осы облыстардағы жұртшылыққа қаражат керек емес пе?» – деген Президент салғырттық танытқан облыс басшыларының жауаптарын жеке-жеке тыңдады.
Елбасы айтады
«...Карнегидің әңгімесі бар: біреу жүріп бара жатып, бәтеңкесінің табаны түсіп қалғанына қатты назаланады. Сосын одан әрі көше қиылысына келгенде екі аяғы да бірдей жоқ адамның, мүгедектің қоларбада отырғанын әрі көңілді болып, өлең айтып отырғанын көреді. Әлгі көңілді кісі «бауырым, көшеден өткізіп жіберсең» деп өтінеді. Мүгедекті көшеден өтуге көмектескені үшін алғысын білдіріп, одан әрі өлеңге қайта басып кете барады. Міне, сонда әлгі бәтеңкесіне бола көңілі түскен адам әбден абдырады: мен табаны түсті деп назаланамын, ананың тіпті аяғы да жоқ қой...»
***
«...Жастарға айтқым келеді: еңбексіз өмірде игілік болмайды. Қазақстаннан тысқары жерден жұмақ іздемей-ақ қойыңдар. Біз үшін жұмақ – осында. Басқа жерде бізден жақсы екен деп ойламаңдар. Қай елге барып адам болам дейсіңдер, кімге керексің мынадай арпалысқан, жайлы орын үшін таласқан заманда. Басқа жерде ешкімге де керек емессің. Мынандай қуатты еліміз бар, өндірісіміз, жағдайымыз, қарқынымыз бар. Ендеше, берекені өз еліңде ғана табасың, өз еліңде бақытқа жетіп, өз еліңмен бірге көркейесің. Өз еліңді көркейтсең, бала-шағаңды, немере-шөбере, үрім-бұтағыңды көркейттім деп сана...»
***
«...Қазақтар жер тырмалап, зауытқа барып, мамандық игеруге ұмтылмайтын болса, біз Қазақстанды дамыта алмаймыз, жағдайымызды түзеп, балаларымыздың болашағын жасай алмаймыз. Еңбек, еңбек және еңбек. Бүгін еңбек етемін деген адамға қазақстанның әр түкпірінен жұмыс табуға болады. Әрине, оңай жолмен жүріп, неше түрлі қилы-қилы дүниемен айналысуға да болады. Алайда екі қолың бар, басың иығыңда, аман-саусың, неге өзіңе лайықты еңбек етпейсің? Ауылда да, қалада да жұмыс беріп отырмыз. Бұлай болатын болса, біз өркендемейміз де, өспейміз де, елді құртып аламыз. Ойлану керек»...
***
«...Дүниежүзінде жұмысты ең көп істейтін оңтүстік көрейлер екен. Ана батыстың өзі тәулікке шағып аз уақыт жұмыс істейміз деп неге ұрынғаны белгілі. Қарызға батып, бұрынғы күнін армандайтын болып барады. Кәрістер күніне 10 сағат, аптасына 6 күн жұмыста. Соның арқасында қойнауында ешнәрсесі жоқ ел болса да, дүниенің озық он елінің ортасында тұр. Басқасын қойып, көршілерімізді алып қараңдар: жермен қалай еңбек етіп жатыр. Барлықтарыңызға салар ойым: масылдық психологиядан кетпесек, алысқа бара алмаймыз...»
Шенеунік отандық көлікке отырсын...
Сөз арасында Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерге қолдау мәселесіне тоқтала келе, осы саладағы ақсап тұрған жайттарға да назар аударды. Бұған дейін айтылған сынның нәтижесіздігіне де қайран қалды Елбасы. «Мен ұлттық компанияларға отандық автокөліктерді сатып алу туралы тиісті тапсырмаларды бердім. Әнеки, олар көрмеде тұр. Бәрі бар: жеңіл, жүк машинасы, полиция көлігі, шенеунікке арналғаны – бәрі бар. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінен басқалары келісімшарт жасаған жоқ және техниканы шеттен алуды жалғастырып жатыр. Бұл бассыздық қашан тоқтайды, Кәрім Қажымқанұлы?!» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметбасына қарата айтып. Сосын бұл мәселенің түйінді шешімін де талап еткен Президент: «Осыны қашанға дейін жыр етеміз? Көлік өзімізден шығады, ал бұлар «Мерседеспен» ғана жүргісі келеді. Керек болса, қалтасынан шығарып сатып алсын. Дереу тыйым салыңдар! Бұған бюджеттің қаражаты жұмсалмасын», – деді. «Өзін ауқатты санайтындар 200 мыңға (АҚШ доллары – авт.) көлік мінгісі келсе, мінсін. Дегенмен де байлығы тасыған батыстың өзінде отбасылар үшін шағын көлік сатып алады. Себебі үлкен көлікті тұраққа қою, онымен қалада жүру мүмкін емес. Бензин шығыны да төрт есеге артық. Ал бізде не? Жаңа ғана байыған секілді еді, ендігіде танкіні жеңіл көлік секілді сататын болса, оған да мінуге дайын. Яғни өз-өзін көрсету үшін техниканы мәртебе деп санайтындар баршылық. Міне, мәдениетсіздік пен сауатсыздық деп осыны айтуға болады», – деп атап өтті Елбасы.
Әлеуметтік жаңғыруға басымдық беріледі
Еске салсақ, биылғы Елбасы Жолдауында әлеуметтік жаңғыру мемлекеттік басымдық ретінде айқындалған болатын. Дәл осы басымдыққа нақты тапсырмалар берілгені мәлім. Алайда соған қарамастан Мемлекет басшысы әлеуметтік жаңғыру мәселесінің орындалуына толық қанағаттанбайтынын жеткізді. Бұл ретте Елбасы әлеуметтік мәселелерді кейінге ысырып, оны экономикалық мәселеден айырып тастауға болмайтынын, сол үшін қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру сапасына қатысты мәселенің бәрі қоғамға түсінікті әрі ұзақмерзімді әлеуметтік бағдарламамен ұштастырылуы тиістігін айтты. Сосын 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық әлеуметтік даму тұжырымдамасын даярлауды тапсырды Президент. Әлгіндей тұжырымдама ең әуелі 2030 стратегиясына сабақтасуы шарт. «Мен бүгінгі күндері әлеуметтік жаңғырудың 20 міндеті туралы мәселемен айналысып жатырмын, оны толығырақ жақында жариялайтын боламын. Дегенмен соның кейбір контурын қазір де айтқым келеді. Мұнда қарапайым азаматтар үшін көкейкесті мәселелері және оны қалай шешудің міндеттері қамтылады», – дей келе Елбасы басым міндеттердің біразын тізбелеп шықты.
Біріншіден, әлеуметтік жаңғырудың кезек күттірмес міндеті – әлеуметтік еңбек қатынасының тиімді үлгісін құру. «Бізде қалай? Ескерту механизмі, еңбек дауларының алдын алу жеткілікті деңгейде дамымаған», – дейді Н.Назарбаев. Осы төңіректегі екінші мәселе – әлеуметтік еңбек қақтығыстарын қоздырғаны үшін құқықтық жауапкершілік те жеткіліксіз. «Еңбек кодексінде, басқа да заңнамаларда жұмыс берушілер, жауапты тұлғалар мен жекелеген арандатушылар тарапынан еңбек қақтығыстарын тудырғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Әлеуметтік заңнаманы орындауда отандық қана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнеске де жауапкершілік болуы шарт», – деп санайды Президент. Үшінші өткір проблемалық мәселе – кәсіподақтар мәселесі. Президенттің пайымынша, қолданыстағы кәсіподақтар туралы заңнамада ұжымдық келісімшарттар ұғымы да бұлыңғыр көрсетілген, тіпті әлеуметтік әріптестік туралы түсінік те қамтылмаған. Мұны жетілдіру шарт. Төртіншіден, лайықты жұмыспен қамту. «Индустрияландыру бағдарламасы – еліміз үшін нөмірі бірінші мәселе, Қазақстанның келешегі – осында. Соның аясында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Алайда өзін-өзі жұмысқа қамтығандардың барлығы бірдей жаңа жұмысқа ұмтылатынын көре алмай отырмыз. Жұмыс бар, ұсыныс бар, ал олар жұмыс істегісі келмейді», – дейді Президент. Осындай кереғарлықтың төркіні масылдық психологияда жатқанға ұқсайды. «Өкінішке қарай, қажырлы еңбектен гөрі жеңіл-желпі болса, зауыттан гөрі арбакеш болсам, әйтпесе көпбалалықтың жәрдемақысымен күн көрсем деп те ойлайтындар баршылық. Жаңа мамандық алып, өзінің мәртебесін, өмірге құштарлығын арттырсам дегенді ойлау керек. Егер Қазақстанның халқы бәсекеге қабілетті болғысы келсе, мұндай психологиядан арылу керек. Мемлекет басшысы атаған бесінші мәселе – көптеген қазақстандық үшін маңызды баспана мәселесі. «Біз «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жолға қойдық. Ендігіде жалға берілетін тұрғын үйді де дамыта түсуге тиіспіз. Бұл – әлемдік оң тәжірибе», – деді Елбасы. Алтыншыдан, әлеуметтік әлсіз санаттарды қолдау. Ең алдымен, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар қолдау көруі шарт. «Біздің кейбір қағылез жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа алу барысында екі арыз жазуды талап ететін көрінеді, оның бірі жұмысқа алу туралы өтініш болса, екіншісі – аяғы ауырласа қажет бола қоятын жұмыстан босату туралы өтініш. Бұл не сонда? Мен халық санын 20 млн адамға жеткізейік деп жүргенім қайда қалды? Сонда олар маған қарсы жұмыс істеп жатқаны ғой. Бұл масқара! Бәрін байқағыш журналистер осындай компания басшыларын анықтап, масқарасын неге шығармайды?!» – деді Н.Назарбаев.
Несиеге батып, байлық іздегенше, еңбекпен игілікке кенелген абзал
Жиындағы сөзін қорытындылай келе, Президент бүгінгі жаһандық әлем мен осы әлемнің құндылықтары шапшаң өзгеріп жатқанын айтты. «Иә, тіпті 180-градусқа десе де болады. Біз соңғы он жыл бойы ұдайы семіп, үлкейіп отырған қоғамдық тұтынудың одан сайын бұлдырланып бара жатқанын байқап келеміз. Өмір бойы борышқа батып, мойынға несие алып өмір сүруге болмайды. Кредиттен ұдайы береке іздеу, қарыздарды тұрақты арттырудың сазайы да болады. Бұған Еуропа елдерінің жағдайын да мысал етсек: қарызға алды, оны өтеу үшін үстіне қарыз алды, ал оны өтеу үшін тағы батты. Бір күні «болды, тоқта, қарызды қайтар» десе беретін ештеңесі де қалмаған, Жайлы өмір сүрді, жақсы тапты, бас-басына бірнеше үй сатып алды, 4-5 көлікпен жүрді. Енді төлеу уақыты келгенде дағдарысқа ұласты. Нәтижесінде жоғалған қаражаттың өзі бірнеше триллион долларды құрады. Жүздеген миллион жан жұмыссыз қалды», – деді Елбасы. Сөзін түйіндей келе, Президент қазіргі таңда тұтынудың бұрыс идеологиясы дамыған елдердегі жаппай әлеуметтік әлсіздікті тудырғанын атап өтті. Мұның өзі жаһандық дағдарыстың басты себептеріне де айналып отырғанын айқын байқауға болады. «Сондықтан да тіпті дамыған елдерде де жүзеге аспайтын «жалған идеяға» қарсы басқа сындарлы балама табуымыз керек. Мен бұған балама ретінде «баршаға тән еңбек қоғамын» ұсына аламын. Еңбек қана игілік пен береке әкеледі. Кредит те, ақша да, қаржы жүйесі де емес, тек өндірісті еңбек қана. Ақшадан ақша жасап байып жатқандар да бар. Дегенмен соңғы мәселе – өндіріс, яки еңбек», – деп қадап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасының пайымынша, барлық экономикалық-мәдени байлық, виртуалды қаржы институттарымен емес, еңбекпен келеді. Сондықтан да нақты өнімді еңбек – әлеуметтік саясаттың бастауында болуы шарт. «Либералды болсын, мейлі әлеуметтік бағдарланған болсын, утопиялық идеялардың заманы өтті. Бүгінгідей қасаң өмірде біздің экономикалық-әлеуметтік саясатымыз бәсекеге қабілетті, баршаға тән еңбек ету қоғамының жасампаздығына бағытталуы шарт. ХХІ ғасырдың келешегінде тек еңбек қана қазақстандықтардың сапалы өмір сүруіне кепіл бола алады», – деді Елбасы.
15 миллиард теңгенің отандық өнімдеріне тапсырыс берілді
Астанада Елбасының қатысуымен өткен индустриялық форум барысында «Қазақстандық тауарды сатып ал» деген ұранмен отандық өнім өндірушілердің көрме –жәрмеңкесі де ұйымдастырылған болатын. Оған еліміздің барлық өңірлерінен машина жасау, химия, дәрі-дәрмек шығару, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығына қатысты 250–ге жуық өнім өндіруші кәсіпорын қатысып, тауарларын таныстырды.
Нәтижесінде, жалпы құны 15 миллиард теңгенің 48 меморандумы мен келісімшартына қол қойылды. Олардың, яғни біздің өнімдерді сатып алуға тапсырыс берушілердің қатарында Қазақстаннан тысқары елдердің кәсіпорындары да бар. Мысалы, Қырғызстанның ұлттық теміржол компаниясы жалпы сомасы 3 501,5 миллион теңгеге Астанада шығатын «Эволюшн» ТЭЗЗА сериясындағы тепловоздар сатып алатын болса, ресейлік «Евросиб СПБ-транспортные системы» компаниясы осындай тепловоздарды 2013 жылдан бастап алатындығын мәлімдеді.
Сонымен отандық өндірістің өнімін көтеруді мақсат тұтқан көрмеде жасалған келісімшарттардың негізгілерін атап айтсақ, бұл күні «Қазақтелеком» АҚ отандық кабель және өткізгіш желілер шығаратын компаниялармен арада 4 меморандумға, Павлодар мұнай-химия зауыты машина жасау саласындағы кәсіпорындардың түрлі жабдықтарын сатып алу үшін 10 меморандумға қол қойыпты. Ал отандық машина жабдықтарын, түрлі металл конструкциялары мен резина-техникалық құралдар шығаратын кәсіпорындармен арада Атырау мұнай өңдеу зауыты 4 меморандум, «ПетроКазахстан ойл продактс» АҚ 4 меморандум бекітті. Сол секілді «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Қазмұнайгазмаш», «Батысқазақстандық машина жасау компаниясы», «Мұнайгаз изоляция», «Өскемен арматура зауыты» кәсіпорындарымен, сондай-ақ «Астана қаласы мүгедектерінің ерікті қоғамдары қауымдастығы» ЗТБ-мен арада барлығы 8 келісімшартқа қол қойды.
Сөйтіп, осынау көрме бір Қазақстанда тұрып, бір-бірін кезіктіре алмай жүрген отандық тауар өндірушілердің өзара ынтымақтастығын жолға қойып қана қоймай, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің сатылым көлемін ұлғайтуға да септігін тигізіп қалды.
Альберт РАУ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:
– Бүгінгі шара біздің кәсіпорындарымыздың ынтымақтастығын нақты іс пен өзара тиімділік «жазығына» шығаруға мүмкіндік берді. Оған қоса, бүгін қол қойылған ұзақмерзімді уағдаластықтар мен меморандумдар біздің өнім өндірушілерді кепілдендірілген тапсырыспен қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Айбын БАҚЫТҰЛЫ, Астана
Телекөпір барысындағы құттықтау
Хамадун ТУРЕ, Халықаралық электрбайланыс одағының төрағасы:
– Құрметті Президент мырза! Осы сәтті пайдаланып, Қазақстанда Ұлттық эфирлік сандық хабар тарату жүйесінің іске қосылуына байланысты Сізді Халықаралық электрбайланыс одағы атынан құттықтаймын! 2006 жылы Женевада – Еуропа, Азия, Америка, Африканың 100-ге тарта елдері және Австралия 2015 жылға қарай сандық эфирлік телехабар таратуға өту туралы «Женева-06» келісіміне қол қойған болатын. Қазақстанда ірі қалалар мен шалғай ауылдардың арасындағы «сандық алшақтықтың» еңсерілуін біз де құптаймыз. Бұл ретте, Сіздің ел DVB T2 жаңа стандартын бірінші болып енгізе бастады. Мен хабар таратудың сандық технологиясына Қазақстанның сәтті өтетіндігіне сенімдімін.
Президент мырза, Сізге және тұтастай Қазақстан халқына сәттілік пен өркендеу тілеймін. Рақмет!
Әсет ИСЕКЕШОВ, ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі:
Бизнеске жағдай жасау – басым бағыт
Индустриялық бағдарламаны іске асыру шетелдік инвестицияны белсенді тарту, экспортты қарқынды қолдау, инновациялар, еңбек өнімділігін арттыру сияқты 10 шешуші қағидаға негізделеді. 2,5 жыл ішінде үдемелі индустриализацияның институционалды қаңқасы жасалды: 50-ден астам өзгеріс енгізіліп, қабылданды, салалық, функционалды және аумақтарды дамытудың 23 бағдарламасы мақұлданды.
Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 100-ден астам шарасы қолға алынды. Осы уақыт ішінде бұл шаралардың игілігін 3000 қазақстандық компания көрді. Бүгінде бағдарламаның 114 көрсеткіші индикаторларының 90%-дайының бекітілген жоспарларға сәйкес орындалып жатқанын талдау көрсетіп отыр. Сонымен бірге 10 көрсеткіш бойынша игерілмеушілік қаупі бар. Олар бойынша тиісті шаралар қолға алынып, жұмыс күшейтілді. 2,5 жыл ішінде белгілі бір нәтижелерге қол жетті. 2011 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі тау-кен саласына қарағанда бес есе жылдам болып шықты. Еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз ету маңызды міндет болды. Екі жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 32%-ға артты. Экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті бизнесті қалыптастыру мен дамытуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басым бағыты. Бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде: шешуші функционалды және салалық саясатты әзірлеу, іске асыру және жобаларды жүзеге асыру. Жүйелі қолға алынатын шараларға бизнес-климатты жақсарту, бәсекелестік нарығын дамыту, мамандармен, инфрақұрылыммен, қаржыландырумен қамтамасыз ету жатады.
Инвестицияларды тарту. Инвестициялар жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданып, 20 басым бағытты инвестор-ел мен олардағы 150 технологиялық көшбасшы анықталды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «бір терезе» ретінде инвесторлар үшін роуд-шоулар топтамасын өткізді. 400-ден астам инвестициялық бастама бойынша сомасы 20 млрд доллар болатын бір межеге бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр.
Салалық саясат. Екі жылда біз бағдарламаның барлық саласын, олардың экспорттық әлеуетін және еңбекпен қамту нарығына әсерін терең зерттедік. Жүргізілген талдаудың нәтижесінде біз басым салалардың екі негізгі тобын анықтадық. Біріншісі – базалық салалар, индустриализацияның негізі – минералды-шикізат кешені, энергетика және көлік. Қазіргі мезгілде 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұғырнама жасалды. Шешуші мәселелер, мақсаттар мен оларға жетудің ресурстары анықталды. Есептеулер бойынша 2030 жылға қарай электр энергиясын тұтыну сағатына 170 млрд/кВт-ты құрайды. Энергия үнемдеу жөнінде жүргізілген саясат қуат тұтыну көлемін сағатына 145 млрд/кВт-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Осы қажеттілікті баға қалыптастырудың жаңа тетіктері шеңберінде қамтамасыз ету үшін 2009 жылдан 2015 жылға дейін 1 триллион теңгедей инвестицияланады. Өндіруші қуаттылықтарды іске қосу 2940 МВт-ты құрауы керек, қазірдің өзінде оның 580 МВт-ы енгізілді. Бүгін біз Екібастұз ГРЭС-1-інің сегіз энергетикалық блогын іске қосамыз. Жаңа құрылыстар аясында Орал ГТЭС-і (54 МВт), Мойнақ СЭС-і (300 МВт), Ақшабұлақ ГТЭС-і (87 МВт) жобалары іске асырылады. Жаңа генерация құрылысы үшін Балқаш ЖЭС-і, Торғай ЖЭС-і, Қарағанды ЖЭС-4-і сияқты «қуат нарығы» іске қосылады. Салалардың екінші тобы – экспорттық өсімнің ең жоғарғы әлеуеті критерийі бойынша анықталған салалар. Олар – тау-металлургия кешені, химия, мұнай химиясы, агроөндірістік кешен, атом өнеркәсібі, транзиттік логистика және туризм.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР экономикалық даму және сауда министрі:
Сұраныстың артуы экономиканың өсуіне оң әсер етіп отыр
Кешегі телекөпір барысында ҚР экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев 2012 жылдың бірінші жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндама жасады.
Министр атап өткендей, әлемдік экономика мен сыртқы нарықтың айқын болмауына қарамастан, Қазақстан экономикасының орнықты өсімі қамтамасыз етілді. Алдын ала есеп бойынша, елдің жалпы ішкі өнімі 5,6 пайызға өсті.
Жыл басынан бастап халықтың нақты табысы – 12,8 пайызға, нақты жалақы 11,5 пайызға артты. Мамыр айында жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өсімі 101,9 пайызды құрады, өңдеу өнеркәсібі 105,7 пайызға өссе, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жылдың басынан бері 5,9 пайызға ұлғайды. Макроэкономикалық тұрақтылық сақталып келеді. Қаңтар-маусым айында инфляция көлемі 2,7 пайызды көрсетті, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 5,1 пайызды құраған болатын.
Экономиканың өсіміне тұтынушылық сұраныстың артуы қолайлы әсер етті, бұған көтерме және бөлшек сауданың – 14,3 пайызға, көлік қызметінің – 7,2 пайызға, байланыс қызметінің 13,3 пайызға өсуі дәлел бола алады.
Тұрғын үй құрылысы 20,8 пайызға өсті. Құрылыс саласына 134 млрд теңге инвестиция салынды, 2,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қаржы нарығында депозиттердің – 14,8 пайызға, несиелердің 17,4 пайызға өскені байқалды. Республикалық бюджет түсімі 25,5 пайызға артып, 2,7 трлн теңгені құраса, шығыс көлемі 19,5 пайызға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті.
Сыртқы сауда айналымы қаңтар-сәуір айлары аралығында 21,6 пайызға ұлғайды. Тауарлар экспорты – 18,4 пайызға, импорт 30 пайызға артты. Сауда балансының оң сальдосы 17,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Министр өз сөзінде елімізде іске асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына тоқталды және ауыл шаруашылығы мен бизнеске үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын атап көрсетті.
Жыл аяғына дейін тұтыну кооперацияларын дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ бөлшек сауда саласын жаңғырту бағдарламасы бойынша жол картасы әзірленбек. Тағы бір айта кететін мәселе, елімізде бизнес-климатты жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына толықтырулар қабылданды. Бұл толықтыруларға сәйкес, өз істерін енді бастаған кәсіпкерлерге 1,5 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейінгі сомада гранттар беріледі, лизингілік мәмілелер субсидияланады және несиелерді кепілдендірудің жаңа жүйесі іске асырылады. Сондай-ақ 60 млн теңгеден 750 млн теңгеге дейінгі несиелердің жалпы сомасының 50 пайызы көлемінде индивидуалдық кепілдемелері, оған қоса жұмыс істеп жатқан және жаңада бастаған кәсіпкерлер үшін экспресс-кепілдемелер ұсынылып отыр.
Осынау шаралардың арқасында 1 маусымдағы жағдай бойынша белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 24 пайызға артып, оларда жұмыспен қамтылғандардың саны –- 6,5 пайызға, шығарылған өнім 3 пайызға өсті.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жаңа бағытпен – «Ауылдық елді мекендерді дамыту» бағытымен толықтырылды.
«Бағдарламаның танымалдығы күн сайын артуда, өткен жарты жылда бағдарламаның барлық бағытына 89 мың адам қатысты, ал өткен жылы қатысушылардың саны 100 мың адам болған еді»,– деді министр өз сөзінде.
Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР көлік және коммуникация министрі:
Отандық жаңа телеарналарды ашуға мүмкіндік
– Ұлттық спутниктік телехабар таратудың іске қосылуының арқасында шалғай елді мекен тұрғындары отандық арналарды қарауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда 150 мың отбасы «ОТАУ ТВ» спутниктік желісіне қосылды. Халықты ғарыштық телевизияға қосылуға қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін қабылдағыштар мен декодерлердің отандық өндірісі ұйымдастырылды. Абоненттерді «ОТАУ ТВ»-ға қосу ісіне шағын және орта бизнестің 500-ден астам кәсіпорны қатысуда. Спутниктік телеарналарды қосумен бір мезгілде хабар таратудың ұлттық цифрлы эфирі желісінің құрылысы басталды. Бұл жұмыс еуропалық DVBТ-2 озық стандарты негізінде іске асырылады. Бүгінде жобаның алғашқы кезеңін іске асыру аяқталды. Биыл 370 елді мекенде тұрып жатқан 3,5 миллионнан астам азаматымыз цифрлы телевизияға қол жеткізеді. Барлық қазақстандық телеарна хабар таратудың цифрлы жүйесіне көше алады. Бейне мен дыбыстың сапасы айтарлықтай жақсарады. HD – жоғары дәлдік форматындағы бейнелерді таратуға мүмкіндік туады. Ұлттық эфир желісінің іске қосылуы отандық жаңа телеарналарды ашуға да мүмкіндік беріп отыр.
Кәсіпкерлер пікірі
Сағат АМАНТАЙ, Қазақ-қытай бірлескен «Лудэ-Каз» ЖШС-нің директоры:
– Қостанайдағы асфальт қоспаларын шығару құрылғыларын жасайтын «Лудэ-Каз» кәсіпорыны өз жұмысын бастады. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы болып табылатын бұл зауыт ТМД елдері бойынша 2-нысан болып отыр. Аталмыш кәсіпорынның жылдық қуаты 80 құрылғыны құрайды. Және сол құрылғылардың 40 пайызы қазақстандық өнім десек те болады. Болашақта 60 пайызға көтерілуі мүмкін. Өнімділігі 90-нан 175 т/сағ дейін төрт модельді асфальт араластырғыш қондырғыларды шығару ұйғарылып отыр. Өндіріс орнын салуға 10 млн АҚШ доллары жұмсалған.
Телекөпір барысында тұсауы кесілген зауыт еліміздің көлік жолдарын, транспорттық қатынасын дамытуға орасан зор үлес қосарына сенімдіміз. Дәл қазір біз екі мекемемен нақты келісімшарт орнатып үлгердік. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай өндірістік орын болған емес. Қазақстанды айтпағанда, ТМД елдерінің арасында тек Украинада ғана болды. Бұған дейін Қазақстан мұндай құрылғыларды Украина мен Қытайдан тасып отырды. Ал енді осы зауыт қазақстандық сұранысты толық қамтамасыз ете алады деген үміт бар.
Әрине, бұл жобаны іске қосуға Үкімет, жергілікті әкімшілік тарапынан көп көмек болды. Енді Мемлекет басшысымен телекөпір барысында іске қосылып жатыр. Осының өзі біздің мүмкіндіктеріміздің үлкен екенін көрсететіндей. Елбасының, еліміздің үмітін ақтай аламыз деп ойлаймыз.Білімтай ТҮМЕНБАЕВ, Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасының маманы:
– Алматы облысы бойынша телекөпірге үш бірдей мекеме қатысқан еді. Атап айтқанда, арнайы құбырлар шығаратын «Сонник» компаниясы жылына 10 000 тонна өнім шығаратын болады. Бұл нысан Іле ауданындағы «Даму» кешенінде орналасқан. Телекөпірге қатысқан екінші мекеме Талдықорғанда орналасқан аккумулятор зауыты болды. Ол биыл іске қосылған жоқ. Дегенмен биылдан бастап түрлі жаңа функцияларды мойнына алып отыр. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан теміржолы» сынды ірі компанияларға өнім жеткізіп беріп отыратын болады. Жоспар бойынша, жылына 10 000 аккумулятор өндіреді.
Аталған шараға Алматы облысының атынан қатысқан үшінші мекеме Талғарда орналасқан «Тексти лайн» киім фирмасы болып отыр. Бұл компания Елбасына балаларға арналған киім үлгілерін таныстырды. Мемлекет басшысы аталған фирманың өнімдерімен толық танысып шығып, оң бағасын берді.Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
– Мемлекет басшысы Екібастұз МАЭС стансысындағы 500 мегаВаттық 8-энергоблокты іске қосты. Алдағы уақытта стансы қуаты 3 мың мегаватқа дейін артатын болады деп жоспарлануда. Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, аталған энергоблокта ең жаңа жабдықтар орнатылған болатын. Басты ерекшеліктерінің бірі – жаңа электр-сүзгі зиянды заттардың 99,6 пайызын ұстап қалады. Яғни қоршаған ортаға келер зиянды заттар азаяды. Жалпы, жобаны іске асыруға 500-ден астам адам қатысты.
Мемлекет басшысы біздің жобаға «Қазақстанда биыл іске қосылатын ірі жобалардың бірі» деген баға берді. Қазақстан өндірісінің тынысы электр мәселесімен байланысты екенін айтып, Екібастұз 1-МАЭС-інде іске қосылып жатқан блокты көптен күткенін жеткізіп, жұмыстарымызға табыс тіледі.