Қостанайға бір-ақ күнде қыс келді
Қостанайға қыс бір-ақ күнде келді. Биылғы жылы «ұзын сары» жылдағыдан ұзақ болғаны бар. Мұндайға үйренбегендіктен болар, көпшілікке қыстың ауылы тым ұзап кеткендей болып көрінген еді. Бұл малға да, жанға да жайлы болды. Бірақ әр мезгілдің өз уақыты бар демекші, қыс Қостанайға бір-ақ түнде келіп, қара жерді қар басты. Жай келмеді. Әлегін салып, ауыртпалығын да арта келген сияқты. Ауа температурасы кей жерлерде бірден -20 градусқа төмендеді.
Қыстың алғашқы күндерінде жол-көлік оқиғасы да көп тіркелді. Жол бойындағы қатқақ машиналардың соқтығысуына себепші болған сияқты. Көліктер жазғы доңғалақтарын қысқысына ауыстырып үлгермегендіктен, қатқақтың үстімен жүруге дайын болмады. Бір күннің ішінде 10-нан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Доңғалақтарды ауыстыру орталықтарында ұзын-сонар кезек көп. «Бұл жыл сайын болатын көрініс» дейді орталықтағы қызметкерлер. Қамсыз жүретін жүргізушілер қыстың келуімен қабаттасып, доңғалақтарын да қысқа әзірлеуге жанталасады.
Қалада коммуналдық қызметкерлер де іске кіріскен. Жолды тазартуда. Жұртшылық та жылы киінген. Синоптиктердің айтуы бойынша, жылда Қостанай өңірі 12-15 қараша аралығында суытады екен. Биыл күз ұзақ болды. Дегенмен мамандардың айтуына қарағанда, алғашқы түскен қар ұзақ жатпауы мүмкін.