Қостанай облысында бруцеллез ауруы адамдарға да жұға бастаған
Қостанай облысында бруцеллез ауруы асқынып тұр. Былтыр Тобыл өңірінде осы дертке шалдыққан 3 мың 300 бас ірі қара пышаққа ілінді. Ауру меңдеп, алдындағы бар малынан айырылғандар аз емес. Одан қалды бруцеллездің малдан адамға жұғуы да жиілеп барады. Қарасу ауданындағы Комсомол ауылының жеке малы былтыр топалаң тигендей күйге түсті. Ауыл абдырап қалды. Бірден 120 бас ірі қарадан бруцеллез табылды. Одан кейін күзге таман 70 бастан осы індет анықталды. Биылғы көктемде 45 бас тағы ауру болып шықты. Ақ адал малынан бір сәтте айырылған адамдардың өкпе-назын әбден түсінуге болады. Жанна Назарова, Комсомол ауылының тұрғыны: - Бізге бруцеллез анықталғандығы жөнінде акт құжатын берген жоқ. Келді де сенде 4 бас ауру деп, көлікке тиеді де алып кетті. Әр малға тиесілі төлқұжат ішінде түк жазу жоқ, таңба нөмірлерін қолымызға ұстата салды. Елена Забияка, Комсомол ауылының тұрғыны: - Бруцеллез деп анықталған малдарыма өтемақы алу үшін құжат жинап сорлап жүрмін. Ветеринарлық инспектор «сенің малың бруцеллез бе, жоқ па, белігісіз» деп қол қоймайды. Ең бастысы, вакцина егіп, бұл індетті ешкім тоқтатқысы келмейді. Енді адамдар ауыра бастады. Жанна Назарованың отбасы мүшелерінің барлығы бруцеллезге шалдыққан. Қазір күйеуі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Жергілікті фельдшер Ирина Ефименко індеттің алдыналу шараларын жүргізбесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін дейді. Ирина Ефименко, фельдшер: - Былтыр 3 адам сарып ауыруына ұшырады. Биыл көктем айында тағы үшеуі тіркелді. Ауыл малдары бруцеллезге толық тексерілген жоқ. Сондықтан жұқпалы дерттің кең таралмасына кепілдік беру қиын. Әлі күнге ауру ошағын анықтап білген ешкім жоқ. Біреу судан көрсе, біреу мал күтімі келіспей, қараусыз жүргендіктен деп санайды. Комсомол ауылы ойпаңда орналасақан. Ортасындағы көлшік суын жергілікті тұрғындар тұрмыстық қажеттілікке пайдаланады. Мал-құстың суаты да сол. Ал қыратта ашық жатқан көң-қоқыс ағынды сумен сол көлшікке барып құяды. Бруцеллездің жапай таралуының негізгі себебі сол деп біледі тұрғындар. Ал жақында тағайындалған ауыл әкімі Анара Зиадина ветериналық қызметке шаң жуытқысы жоқ. Бірақ өзі олардың жұмысынан бейхабар. Анара Зиадина, Ильич селолық округі әкімінің міндетін атқарушы: - Ветериналық қызмет өз жұмысын жақсы істеп жатыр. Менің пікірім сол, олар өз міндеттерін талапқа сай атқарады. Жекенің қолындағы малдың жартысына жуығы бруцеллез болып жатса, ауылда неге карантин жарияланбаған. Оның өзі де күрделі шаруа екен. Сала мамандарының айтуынша, облыс бойынша бруцеллезбен ауыратын мал саны биыл мың басқа көбейген. Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг